Атырау, 29 қараша 04:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Жұқа әмияныңыз бәске тігілгелі тұр

3 479 просмотра

Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет үйінде «Атырау Жарық», «Атырау ЖЭО» және «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамдарының 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тарифтерді көтеруге берген өтінімдері бойынша жұртшылық тыңдауы өтті.

ЗАҢ ҚАБЫЛДАСА, ШЫҒЫНДАР АРТАДЫ

Естеріңізге салсақ, осы үш энергетикалық монополист ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің департаментіне (ТМРБҚКД) қазіргі тарифтерді көтеруге өтінім берді: «Атырау Жарық» АҚ – 1 кВтс үшін 4,76 теңгеден 7,57 теңгеге дейін (59% өсім), «АЖЭО» АҚ – 1 Гкал үшін 5 515,03 теңгеден 9 739,14 теңгеге дейін (76,6% өсім) және «Атырау жылу желілері» АҚ – 1 Гкал үшін 3 450 теңгеден 7 155,68 теңгеге дейін (107,4% өсім) («Тарифті көтереді, бірақ бес жыл өзгертілмейді!» мақаласын қараңыз).

Алғаш болып сөз сөйлеген «Атырау Жарық» АҚ президенті Айвар РАХМАНОВ ТМРБҚКД кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын 16 млрд теңгеден 5,6 млрд теңгеге дейін қысқартқанын өкіне айтты. «Атырау Жарық» АҚ-тың басқа шығындар сметасы бойынша шешімін өкілетті орган 26 қарашаға дейін мәлімдеуі керек. Дегенмен, ҚР энергетика министрлігінің шілдедегі бұйрығына сәйкес, 2016-2022 жылдар аралығында АЖЭО шығаратын электр қуатын сатып алудың шекті тарифы 6,36 теңге мөлшерінде бекітілді (қазір ол 7,3 теңгені құрайды), ал бұл Атырау Жарықтың нормативтік жоғалтуларын өтеуге арналған электр қуатын алу шығындарын төмендетуге септігін тигізер еді.

Атырау Жарық басшысы тағы бір маңызды жаңалық туралы хабарлады:

- Бүгінде ҚР электр энергетика саласындағы заңнамалық базасы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап елде электр қуаттылығы нарығын енгізуді қарастырады. Осыған байланысты барлық нарық субъектілерінің шығындары үлкен өзгеріске ұшырайды. Парламент мәжілісінде жақында қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізу қарастырылды. Қазір осы заңды сенат қарап жатыр. Заң осы жылғы қараша айының ортасында қабылданады деп күтілуде.

«МАҒАН КЕСТЕНІ КӨРСЕТІҢДЕРШІ!»

Рахмановтың сөзінен кейін «Азаматтық бастама» қоғамының мүшесі Талғат АЯН сұрақ қойды:

- Менің қолымда ТМРБҚК департаменті жанындағы сараптамалық кеңестің төмен экономикалық тиімділігіне (2016 жылы 3,9%, 2017 және 2018 жылдары 2%-дан) байланысты теріс қорытынды беріп, Атырау Жарықтың инвестициялық бағдарламасын бекітуден бас тартуға ұсыныс жасаған құжат бар. ҚР «Табиғи монополиялар туралы» заңының 15-3 бабының негізінде монополистің инвестициялық бағдарламасын бекітуден бас тартылуы қажет еді. Бұл неге жасалмады?

Әңгімеге сараптамалық кеңестің мүшесі Наурызғали ӘБІЛХАЙЫРОВ (суретте) араласты:

- Мен есептеулерді өзім жүргізіп, кейбір құжаттарды сұраттым. ТМРБҚКД өкілдері барлық қажетті есептеулер бар деп жауап қайырды, алайда маған берген жоқ. Мен шынымен де «Атырау Жарық» АҚ инвестициялық бағдарламасының төмен экономикалық тиімділігін айттым. Мені олардың жүз миллион теңге салып, небары 97 мың пайда көретіні таң қалдырды. Сіз дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Инвестициялық бағдарлама қандай да бір мақсаттық көрсеткіштерге – өндірісті арттыруға немесе шығындарды азайтуға - қол жеткізуге бағытталуы тиіс. Бүгін мен мұны көріп отырған жоқпын. Мен де осы сұрақты қойдым және тағы қоямын. Мені ТМРБҚКД ұстанымы таң қалдырады: инвестициялық бағдарлама бекітілді, қарап отырсам, мұнда инвестициялық бағдарламаның соңында шығындар бабы екі есе артады. Бұл жерде қарындашпен сан теріп ұзақ отыру керек... Тарифты бекіту мерзімі аяқталғанға дейін бір ай ішінде ТМРБҚКД қызметкерлері мен сарапшылар маңдай терлерін төге жұмыс жасап, барлық тарапты қанағаттандыратын тарифті бекітеді деп ойлаймын.

Талғат Аян:

- Егер сіздер төмен экономикалық тиімділікті растасаңыз, Атырау Жарықтан бас тартайық, өздерінің инвестициялық бағдарламасын кері жасасын.

ТМРБҚКД басшысының орынбасары Әлсейіт САБЫРОВ:

- «Атырау Жарық» АҚ инвестициялық бағдарламасы жасалып болды. Инвестициялық бағдарлама үш есе қысқартылды деп айтылды ғой сіздерге.

Н. Әбілхайыров «Атырау Жарық» АҚ вице-президенті Максим КЕНЖЕҒАЛИЕВКЕ былай деді:

- Сіздер сандарыңызды кесте түрінде көрсетіңіздер, адамдардың барлығы көрсін! Барлығыңыз әдемі сөздердің ар жағына тығыласыздар, алайда шынайы шығындарыңызды көрсеткіңіз келмейді. Неге жасырасыздар?

ӨЗІНІҢ КОММУНИСТІК ТІКТІГІМЕН

Т. Аян залдың қызығушылығын тудырған тағы бір сұрақ қойды:

- Атырау Жарық басшысы өткен жылдың төрт тоқсанындағы компанияның табысы 1 миллиард 266 миллион теңгені құрап, бұл қаражаттар инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталғанын хабарлады. Яғни, алдағы бес жылда компания тағы осындай алты миллиард теңге табыс көреді деген сөз. Ақша бар емес пе, тарифті көтеріп не керек?

Жауап ретінде жыл сайынғы инфляция, материалдардың қымбаттауына сілтеме жасалды.

ҚР коммунистік халықтық партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ А. Рахмановтың жалақысы мөлшерін сұрады.

- Мен төрт жүз мың аламын, өте көп емес. Компанияның желілік қызметкері 120-140 мың теңге, бригадирлер мен шеберлер 200 мың теңге алады. Қазіргі уақыттағы өлшеммен төмен жалақы. Сондықтан да бізде кадрлар жиі ауысады, - деді Рахманов.

«Атырау ЖЭО» АҚ және «Атырау жылу желілері» АҚ тарифтерін көтеру бойынша өтінімдері бұдан сәл бәсеңдеу талқыланды. ТМРБҚКД бұлардың да инвестициялық бағдарламаларын қысқартқаны белгілі болды: АЖЭО - 3 млрд 220 млн-нан 1 млрд 18 млн теңгеге және Жылу желілері – 4,5 млрд-тан 2,5 млрд. теңгеге дейін төмендетілген.

Тариф көп көтерілмейді деген аз ғана үміт бар. Жұқа әмияныңыз бәске тігіліп тұр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

27 қазан 2015, 10:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.