Атырау, 29 қараша 04:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Атырауға келген АҚШ конгрессмені: «Иншалла, енді республикалық үміткер президент болады»

2 758 просмотра

Атырау мұнай және газ институтында АҚШ конгрессмені Стив СТОКМАННЫҢ қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Ол Атырауға оқу орны басшылығының шақыртуымен келген еді.

УФА МЕН БАКУГЕ ЖЕТУГЕ ТЫРЫСАМЫЗ

Конгрессменнің келуі өзара сапар алмасу түрінде болды: қалалар арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумы аясында көктемде атыраулық делегация бауырлас қала атанған Хьюстонда болған еді.

Баспасөз конференциясына дейін американдық саясаткер Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВПЕН және «Шлюмберже» компаниясының өкілдерімен кездесті.

Стефан Эрнест «Стив» Стокман – американдық саясаткер, Республикалық партияның мүшесі және Конгрестегі Техас штатының 36-сайлау округынен сайланған өкілі.

АМжГИ ректоры Әли ӘБІШЕВ таныстырғандай, Стив Стокман – Техас штатында Қазақстанның мүддесін қорғап жүргендердің бірі:

- Стокман мырза арнайы экономикалық аймаққа кіретін бірқатар кәсіпорындарға барғысы келеді, өңірімізге инвестиция тарту бойынша мәселелерді қарастырып жүр. Стив Стокман мырза оқу орнымыздың қамқорлық кеңесінің мүшесі болуға келісімін берді. Ол Техас штатынан екі рет Конгреске сайланды, мұнай және газ саласында үлкен кәсіби тәжірибесі бар, ірі мұнай компанияларының басшыларымен жақын таныс. Стокман мырзаның арқасында біз Американың жетекші университеттерімен тікелей байланысқа шығып, оның біздің қамқорлық кеңесіміздің мүшесі болуы оқу орнымыздың тек Қазақстанда емес, басқа да елдерде маңызды оқу орнына айналады деп сенеміз. Губкин университетінің деңгейіне жетеміз деп айта алмаймын, алайда Уфа мен Баку мұнай институттарының деңгейіне жетуге жұмыстанамыз.

Конгрессмен өзінің алғашқы сөзінде кішкентай қоңыр нан (бауырсақты айтып отыр) мен жылқы етін жегенін атап өтіп, бұрғылау саласындағы американдық мұнай өндіруші компаниялардың жетістігі (атап айтсақ, жер қатпарын сумен айыру) мен мұнай сапасының артқанын еске салды. Өңірімізбен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендігін айтқанмен, нақты жобалар туралы сөз қозғалған жоқ. Осыған байланысты сұраққа келесі жылы нақты есеп беруге тырысамын деп жауап қайырды.

Ректордың айтуынша, АМжГИ білім берудегі заманауи технологияларды пайдалану туралы, атап айтсақ, студенттер аудиториядан шықпай-ақ, кәсіпорындар мен кен орындарындағы технологиялық процестерді бақылай алатын 3D әсерлі виртуалдық полигоны, сондай-ақ, Хьюстон университеті профессорларының дәрісін скайп арқылы тыңдауға мүмкіндік беретін онлайн дәрістер бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр екен.

АҒЫЛШЫН ТІЛІН БІЛУ КЕРЕК

Ірі мұнай өндіруші компаниялардың кәсіби жоғары оқу орындарымен тәжірибелік ынтымақтастығы туралы айта келе, Стив Стокман Хьюстонда «Эксон Мобиль» компаниясы осындай оқу орындарының біріне 125 мың доллар аударды деп мысал келтірді.

- Бұл үлкен инвестиция, - дейді ол. – Мен «Халибертон» сияқты сіздерде жұмыс жасайтын бірнеше компаниялармен білім саласына үлес қосулары керектігі жөнінде сөйлестім. Қазір «Шлюмберже» компаниясы үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр – біз бүгін таңертең осы компанияның өкілдерімен кездестік, олар жас мамандарға көп нәрсе бере алады, кен орындарын көрсетіп, оқытады.

Студенттерді, әрине, Хьюстон университетінде оқу мүмкіндігі мен «Шлюмберже» және «ТШО» сияқты ірі халықаралық компанияларда іс-тәжірибеден өту мәселелері қызықтырды.

Оқуға қатысты конгрессмен онлайн режимде өтінім беруге болатынын айтты.

- Мен сіздердің институттарыңыздың саясатына араласқым келмейді, алайда елдеріңіз студенттердің АҚШ-та оқуына мүмкіндік беретіндей инвестиция салса, дұрыс болар еді,- деді конгрессмен.

Ә. Әбішев былай түсінік берді: американдық университеттерде оқу үшін ең алдымен ағылшын тілін білу керек, студенттер TOEFL бойынша халықаралық емтиханды міндетті түрде тапсырады.

- Студенттерге Америкада оқуға мүмкіндік беру турасына келсек, бізде бұл мақсатта «Болашақ» бағдарламасы бар, ал біздің институт студенттерді академиялық мобильділік бағдарламасы (қысқа бағдарламалар) аясында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына жіберу мүмкіндігіне ие. Биыл білім және ғылым министрлігінен Еуропа мен АҚШ-та академиялық мобильділік бағдарламасын жүзеге асыру үшін бізге қаржы бөлді. 11 студент бір семестрге Еуропаға кетті, АҚШ-қа бір орын болды, алайда тіл білу деңгейі сәйкес келу керек болды, - деді Әбішев.

Ректордың айтуынша, АМжГИ оқытушыларының біліктілігін американдық университеттерде көтеру мүмкіндігі туралы мәселе талқылануда.

Ә. Әбішев студенттердің іс-тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасуын ұйымдастыру мәселелерін өте қиын деп атады.

- Біз қазір компаниялармен түлектердің қандай кәсіби құзіреттілігі болуы керектігі жөнінде белгілеу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Нақты сектордың қатысуынсыз білім беру бағдарламасын әзірлеу мүмкін емес.

«ДЕМОГРАФИЯ »

«АЖ» тілшісі де конгрессменге сұрақ қойды.

- Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты американдық мұнай өндіруші компаниялардың көңіл күйі қалай? Не болып жатыр, не күтесіздер, қандай болжамдар бар?

- Америкада мұнайды өте көп өндіреді, сәйкесінше осындай жағдайда бізде де мұнай бағасы төмендейді, Хьюстонның батысында орналасқан кей компаниялар банкротқа ұшырап жатыр. Қандай болжамдар бар? Мұнай бағасының мәселесі – бұл сұраныс пен ұсыныс мәселесі... Соғыс басталса, мұнайдың бағасы көтеріледі. Қазір, мәселен, Ресей зымырандары Каспий теңізінен Сирияға ұшуда, сол жерде жағдай тұрақсыз. Мен Путиннің әрекеттерін жіті қадағалап отырмын.

- Әңгіме Путин жайлы қозғалған екен, Ресейдің Сириядағы саясатына қалай қарайсыз?

- Мен бұл мәселе бойынша бейтарап болуды қалаймын.

- АҚШ-тағы сайлау алдындағы науқан туралы не айтасыз?

- Сіз Дональд Трамп туралы сұрағыңыз келіп отыр ма?

- Оның кандидатурасына қалай қарайсыз?

- Мен оны өткен сенбіде көрдім. Ол өте қабілетті және өте бай адам.

- Республикалықтардың сайлау алдындағы науқаны туралы не айтасыз?

- АҚШ-та демографиялық ахуал өзгерді, демократтар жеңеді деген болжам көп. Біз, әрине, Иншалла, республикалықтар жеңеді деп үміттенеміз, өйткені бізде иммигранттар өте көп.

- Иншалла дедіңіз бе?

- Иә (күлді). Мен Таяу Шығыста, соның ішінде Катарда көп болдым.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

26 қазан 2015, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.