Атырау, 29 қараша 05:03
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Жерді жемқорлық миналары жайлады

3 809 просмотра

Облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында Атырау қалалық әкімдігінің қызметі талқыға салынды. Нәтижесінде қалалық әкімдікті жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлыққа апаратын ашықтықтың жоқтығына айыптады.

СҰРАУДЫ ҰМЫТТЫ

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басқарма басшысы Шыңғыс ӘЛЕКЕШОВТІҢ айтуынша, бұл отырыста департамент өңірдегі жер қатынастары саласындағы жемқорлық қаупіне талдау жасаған.

Жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызмет түрлерінің бірі - жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат беру. Мынадай тізбек тәжірибеде бар: азаматтардың өтініші қалалық әкімдікке, содан кейін жер қатынастары бөліміне түседі. Содан кейін барып оларды сәулет және қала құрылысы бөліміне жолдайды. Олар өз кезегінде мәлімделген мақсаты бойынша жер телімін пайдалану мүмкіндігін анықтау үшін мүдделі органдар мен қызметтерге («Атырау Жарық», «ҚазТрансГаз-Аймақ», «АтырауCуАрнасы» АҚ және т.б.) мақұлдатуға сұраным жолдайды.

Егжей-тегжейлі талдау жұмыстары сәулет және қала құрылысы бөлімінің азаматтардың өтінішін комиссияның қарауына жіберу туралы ұсыныстарды коммуналдық қызметтердің құпталған келісімінсіз жолдайтынын көрсетіп отыр. Ал кейбір жағдайларда тиісті қызметтерге сұранымдар тіптен жіберілмейді де, - деді Ш. Әлекешев. – «Атырау Жарық» АҚ-нан сәулет және қала құрылысы бөліміне 2015 жылдың 18 ақпан және 9 сәуір күні жіберілген хаттармен жете танысу барысында, онда қажетті тексеру шараларын өткізу үшін қызмет алушының өзі «Атырау Жарық» АҚ-на келу керектігі туралы көрсетілгендігі анықталды. Осылайша, «Атырау Жарық» АҚ іс жүзінде сұранымды мақұлдамайды, бар болғаны қызмет алушының қатысуымен тексеру жүргізу қажеттігі туралы ақпарат береді. Осындай формалды жауап алғаннан кейін сәулет және қала құрылысы бөлімі, кейін жер қатынастары бөлімі Жер кодексінің 43-бабына сәйкес құрылатын тиісті комиссияның қарауына жіберуге заңсыз шешім шығарады. Мұндай фактілерге барлық жағдайда дерлік жол берілген.

Мұнымен қатар комиссия отырысында аталмыш мүдделі қызметтерге мақұлдау үшін сұраным жолдамай-ай, көрсетілетін қызметті алушылардың өтініштеріне шешім шығару фактілері анықталды.

Әлекешев мүдделі қызметтерге келісім туралы сұраным жіберілмей, комиссия қарауына шешім шығарылған бірнеше қала тұрғындарының, сондай-ақ заңды тұлғалар «Бүркіт Интернешнл» ЖШС және «Дэндж-Энергия» ЖШС-нің өтініштерін мысалға келтірді.

Тиісті коммуналдық қызметтер келісімінің жоқтығына байланысты азаматтар оларды алу үшін кейін өздері жүгінуге мәжбүр болады. Өйткені инженерлік желілерге қосылу үшін «Атырау Жарық» АҚ-ның келісімін алу керек, - деп растайды Әлекешев. – Бұл жерде коммуналдық қызметтердің көрсетілетін қызмет алушымен тікелей байланыста болатындығын және оның монополист ретіндегі мәртебесін ескерсек, айтарлықтай сыбайлас жемқорлық қаупі қарастырылады.

«ИКЕМДІ» ТІЗІМ

Сондай-ақ, Жер кодексі мен ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2015 жылдың 27 наурызындағы №272 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызметтің осы түрінің стандарты арасындағы қарама-қайшылық анықталды. Мемлекеттік қызметтер стандартында көрсетілген құжаттар тізіміне сәйкес, өтініш пен жеке бас куәлігінен басқа ол сатып алатын жағдайда қосымша кадастрлық (бағалау) құны актісін ұсыну талап етіледі. Алайда Жер кодексінде қызмет алушыға осы актіні ұсыну міндеттелмеген. Тәжірибе жүзінде жер телімін сатып алған кезде мемлекеттік қызмет ұсынылатын барлық жағдайда жердің кадастрлық құн актісі көрсетілетін қызметті алушыдан сұралады.

Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аналитикалық тобы әкімдіктің жер телімдерін ұсынатын тиісті комиссия туралы ережесін жасақтамағанын анықтады. Яғни, комиссияның құқықтары мен міндеттері туралы тәртіп белгіленбеген. Бұл комиссия мүшелерінің өз өкілеттіктерін асыра пайдалануына немесе негізсіз бас тартуға соқтыруы мүмкін.

Қалалық әкімдік қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қаупінің бірі – комиссия отырысының хаттамаларын жасақтау тәртібі және оның мазмұны деп танылды. Хаттамаларға қосымшалар (рұқсат алған тұлғалар тізімі) бекітілмейді және қол қойылмайды. Қосымшалар қызмет алушының жеке мәліметтері көрсетілген кестені, жер телімінің нысаналы мақсатын, оның алаңы мен мақұлдау туралы ескертпесін қамтиды.

Бұл жердегі жемқорлық қаупі тізімге жекелеген тұлғаларды енгізу немесе керісінше алып тастау мүмкіндігімен байқалады. Өйткені бұл кестені өзгерістер енгізу арқылы ауыстыру қиын емес. Осылайша, лауазымды тұлғалардың жемқорлық мүдделерін қанағаттандырған тұлғалар еш кедергісіз тізімге енгізіліп, комиссияның келісімінсіз жер телімін алуы мүмкін. Осыған байланысты хаттамалардың қосымшаларын бекітіп, әр парақты парафирлеп немесе өтініш берген тұлғалардың аты-жөндерін хаттаманың негізгі парағына енгізу керек, - деп ұсынды Әлекешев.

БІРДЕЙ ХАТТАМАЛАР, ТҮРЛІ ҚОЛТАҢБАЛАР

Құжаттармен жете танысу процесінде номерлері мен датасы бірдей, бірақ комиссия мүшелерінің түрлі қолдары қойылған ұқсас хаттамалар мен қосымшалар анықталды.

Мәселен, 2015 жылғы 18 маусымдағы комиссия отырысының №24 хаттамасына сәйкес, төраға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИН, ал комиссия мүшелері – жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры және т.б. болып табылады. Мұнда хаттамада комиссия төрағасы мен кәсіпкерлердің өңірлік палатасы директорының қажетті қолдары қойылмаған. Хаттама қосымшасына сәйкес 49 азаматқа тиісті рұқсат мақұлданған. Мұнымен қатар қосымша ұсынылған папкадан осындай нөмір мен датасы жазылған ұқсас хаттама анықталды. Онда комиссия төрағасы – Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ә.Зайдуллиннің қолы қойылған. Алайда сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен кәсіпкерлердің өңірлік палатасы директорының қолдары жоқ. Бұл рұқсат 58 тұлға үшін мақұлданған, - деп таң қалды Әлекешев. – Осыған ұқсас фактілер нөмірлері мен даталары бірдей басқа хаттамалар қатарынан да анықталды. Ал комиссия мүшелерінің қойылған қолдарының бар-жоғы, сонымен қатар өтініштері мақұлданған азаматтар саны әртүрлі. Мұндай фактілер комиссия қызметінің формальдылығын толықтай растайды және хаттамаларды жасау мүмкіндігін, сондай-ақ, жер мәселелері шешімінің сыбайлас жемқорлық мүддесіне сай етіп қабылданатынын жоққа шығармайды.

УӘДЕНІ ҮШ ЖЫЛ КҮТЕДІ

Әкімдік қызметінен жер қатынастары мәселелерін шешуде жасанды әкімшілік кедергілер жасау мен қағазбастылық фактілері де анықталды.

ҚР ЖК-нің 49-1-бабының 11-тармағына сәйкес, әкімдіктің жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы не өзгертуден бас тарту туралы шешімі комиссияның тиісті қорытындысы келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдануы тиіс.

Алайда Атырау қаласы әкімінің жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулысының бірқатар жобалары анықталды. Бұлар өңдеудің бүкіл кезеңдерінен өткен, алайда әлі күнге дейін қала әкімі оларға қол қоймаған.

Шешім шығару мерзімін кешеуілдету 4 айдан 3 жылға дейінгі аралықты құрайды.

Мәселен, Атырау қаласы әкімдігінің азамат Нестеровтың 2014 жылдың 24 шілдесінде түскен және 2014 жылдың 30 желтоқсанындағы комиссияның оң қорытындысын алған өтінішіне қатысты тиісті шешіміне күні бүгінге дейін әкім қол қоймаған. Яғни, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 9 айға кешіктірілген. 2013 жылдың 13 желтоқсанында комиссияның оң қорытындысы берілген азамат Шалабаевтың 2013 жылдың 17 мамырдағы өтініші де қанағаттандырылмаған күйде қалған, яғни 21 ай кешіктірілген, - деп, фактілерді келтірді Әлекешов. – Бұл фактілер әкімдіктегі лауазымды тұлғалардың мемлекеттік қызметтің осы түрін көрсету процесінде жасанды түрде әкімшілік кедергілер жасайтындығын білдіреді. Құжаттармен іріктеп жете танысу барысында біз осындай мерзімі бұзылған 109 жағдайды анықтадық. Мерзімдердің бұзылуы, шешімдерге қол қоюды кейінге қалдыру және азаматтардың құқығына шек қоятын басқа да проблемалы мәселелер - әкімдік қызметіндегі ашықтықтың болмау салдарынан. Азаматтар өз өтініштерінің қаралу кезеңдерінен және шығарылатын шешімнің кешіктірілу себептерінен бейхабар. Бұл себеп адамды заңсыз әрекеттерге баруға итермелейді деп топшылаймыз. Мәселен, мемлекеттік қызметті алу процесін жеделдету мақсатында пара береді. Сонымен қатар, ашықтықтың болмауы лауазымды тұлғалардың жекелеген адамдарға заңсыз артықшылықтар беруіне немесе керісінше өздеріне ұнамсыз көрсетілетін қызметті алушыдан негізсіз бас тартуына мүмкіндік береді.

Туындаған проблемаларды шешу жөнінде тәртіптік кеңес екі ұсынысты алға тартты. Біріншісі Атырау облысының әкімдігіне жолданды: жер қатынастары саласында қызмет көрсетудің бүкіл бизнес-процестері айқын бейнеленген, мақұлдау уақыттары, сондай-ақ, қызмет көрсету процесіне әрбір қатысушының жауапкершілігі белгіленген мемлекеттік қызметтердің барлық регламенттерін қайта қарап шығу ұсынылды.

Екіншіден, комиссия отырысының хаттама шаблонын және оның қосымшасын қайта қарап шығу, сонымен қатар кейіннен кез келген компоненттерді өзгерту мүмкіндігін шектеп, барлық қажетті қолдармен, мөрмен бекіту қажет деп танылды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

26 қазан 2015, 15:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.