«Атырау» мәдениет орталығында «Ислам мәдениеті: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларға қарсы тұрудың жолдары» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға Ливан, Түркия, Египет, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан елдерінен келген дін мамандары қатысты. Форумды ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Марат ӘЗІЛХАНОВ өз баяндамасымен ашты.
- Соңғы онжылдықта діннің адам тәрбиесінде, білім беруде және дамуында алатын орны біраз өсті. Алайда дін адам санасын улаудың құралына да айналды. Діни экстремизм мен террор қаупі азаймай, өз идеологияларымен әлемнің әр түкпірінде іріткі мен сенімсіздік дәнін сеуіп жатқан ұйымдар тарапынан күшейіп отыр.
Ислам мәдениетінің гүлденуі кезеңінде барлық ғылым түрлері жақсы дамыды. Ислам өзінің жолын ұстанатын халықтардың идеяларын бойына сіңіргендіктен дамыды. Меккеден алыс жатқан түркі халықтары мемлекеттерінде ислам мен жергілікті мәдениеттің ерекше синтезі қалыптасты. Оның мысалы ретінде Ибн Сина, Әл-Фараби, Ж. Баласағұни, М. Қашқари сияқты ғалымдардың еңбектерін келтіруге болады. Әсіресе, ислам мен қазақ салт-дәстүрлерінің синкретизміне ерекше назар аударған жөн. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап мұсылман әлемінде экстремизм мен терроризмге ұласатын күрт жанжалды көңіл-күй пайда болды. Бұл әлемді кері бөлу әрекеттері мен планеталық ресурстар үшін күреске байланысты еді.
Бүгінде діни экстремизм мен терроризм жекелік сипаттан айырылып, қарқынды дамып, адамзаттың рухани қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Мұның айқын мысалы – «ИЛИМ» халықаралық террорлық ұйымы. Үстіміздегі жылдың 15 қазанында Астана қаласының Есіл аудандық соты «ИЛИМ» және «Джабхат ан-Нурса» ұйымдарын террорлық ұйымдар деп танып, қызметіне тыйым салды.
Жергілікті имамдардың білім деңгейі туралы залдан қойылған сұраққа жауап берген Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының наиб-муфтиі Наурызбай ӨТПЕНОВ Атырау облысы имамдарының біліктілігі жеткілікті деңгейде екенін атап өтті, мәселен, облыстың бас имамы Батыржан МАНСҰРОВ жақында діни юриспуденция бойынша докторлық дәрежеге ие болды.
Өзбекстан мұсылмандары басқармасының бас хатшысы Джалалитдин НУРИДДИНОВ былай деді:
- Адамзаттың тез арада шешуді қажет ететін өзекті мәселелері жеткілікті, алайда ол бір топ адамдардың ақылсыз істерінен болған жағдайдан шығудың жолдарын іздеуге уақыт пен қаржы жойып әлек. Олар жарылыстар және террормен, кінәсіз адамдарды өлтірумен, қорқыныш тудырумен тарихты кері жазғылары келеді. «әл-Мәида» сүресінде былай делінген: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық».
Соңғы уақытта адамзаттың назары «ИЛИМ»-ге ауған. Мұсылман әлемінің белгілі және көпшілік мойындаған үлемдері бірнеше рет осы ұйымның әрекеттері мен идеяларына объективті баға беріп, «ИЛИМ» идеологиясы нағыз исламның қабылданған қағидалары мен құндылықтарына қайшы келетінін мәлімдеген болатын. Кейбір әсірешіл және надан адамдар олардың жолдарына қосылып, қанды акцияларына қатысуға талпынатындығы үлкен өкініш пен қайғы тудырады.
Ресей мұсылмандарының діни басқармасы департаментінің басшысы Ренат Хазрет ИСЛАМОВ былай деді:
- Радикализммен күштік әдістермен ғана күресудің еш пайдасы жоқ деп есептеймін. Салдарын емес, себебін жою керек. Қазіргі уақытта Исламның адамгершілік өзегі – орташа ұстану қағидасына (араб. васатыйя) бет бұру өте өзекті болып отыр. Исламда осы қағиданың қандай орын алатынын айтып кетейін. Құран бізді басқа дін өкілдерімен араласып, оларды саналы мысалдармен сендіруге шақырады (16: 125). Сана – Алланың жаратқан ұлы нәрселердің бірі және «ойлану», «ақылға салу», «түсіну» ұғымдары тек Құранға ғана қатысты емес, қоршаған ортаға да қаратыла айтылған сөз (2: 164). Фанатизмнің, өзінің күнәсіздігіне соқыр сенім, тәкаппарлық және адамның бәр нәпсісі – бұл өзімшілдік, адам жанының ең жұтаң бөлігі. Құранда «...нәпсі зұлымдық тудырады» делінген (12: 53). Нәпсімен көзі байланып, шектен тыс масаттану (экзальтация) – Таяу Шығыс өркениетінің қазіргі дағдарысының басты себебі.
Экзальтацияны немесе Ахмад және әл-Хакимнен жеткен хадисте айтылғандай, бұл «діндегі шектен шығуды» (Құран 4: 171; 5: 77) орташа ұстану жолымен ғана жеңе аламыз. Ең алдымен өзіміздің екпінімізді немесе ішкі жалынымызды басуымыз керек. Ислам – бұл орташа ұстанымды қалайтын дін, әділдік пен түзулік діні. Орташа жол дегенім – көнелендіру (архаизация) мен кері жаңғыртудың, дәстүрлілік пен ультра либералдық, аскетизм мен сән-салтанаттықтың ортасы. Міне, джадидтер бізді осы жолмен жүруге шақырғанына және келесі аят осы жолға арналғанына сенімдімін: «Алланың берген дүниесімен соңғы баратын жеріңе дайындал, бірақ осы өмірдегі үлесіңді де ұмытпа!» (28: 77).
Осы тақырыптағы әңгімелер Х. Досмұхамедов атындағы АМУ конференц-залында жалғасты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді облыстық мешіттің баспасөз қызметі ұсынды.