1 қазаннан бастап АМӨЗ жеткізушілері үшін 1 тонна мұнайды өңдеу бағасы 55%-ға өсті. Бұл «ҚМГ-Өнімдері» ЖЖБ желісінде АИ-92 бензині мен дизельдік отын бағасының сол сәтте өсуіне әсер етті.
Мұнай өңдеу бағасы тек АМӨЗ-де ғана емес, Павлодар мұнай-химия зауытында да көтерілді (9 054,3 теңгеден 14 895 теңгеге дейін). Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің сайтында жазылған.
Энергетика министрлігі бұл қымбаттауды АМӨЗ бен ПМХЗ-де инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырумен түсіндірді.
Экономист Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ пікірінше, зауыттардың өңдеу қызметтерінің белгіленген бағаларының өсуі ЖЖМ бағаларының өсуіне әкеліп соқтыруы мүмкін:
- Басқа учаскелерде де баға көтеру болатын шығар. Сәйкесінше, жанар май құю бекеттеріндегі ақырғы бағаға да әсер етеді. Шынын айту керек, менің қолымда басқа учаскелер бойынша деректер жоқ, сондықтан дәл айту қиын, алайда ЖЖМ бағасы бір-екі айда 10-15 теңгеге өсуі мүмкін.
Дегенмен, түсінік беру үшін біз хабарласқан Қазақстан Отын Қауымдастығының пікірі басқаша. Бұл туралы ҚОҚ заңгері Жақсылық ЖАНКАЛОВ былай дейді:
- Көтерме сауда жеткізушісі барлық айырманы өзіне алып қалмас үшін мемлекет өңдеу қызметтері бағасын көтерді. Бұл, сондай-ақ, АМӨЗ-ді қайта жаңғыртуға бағытталған капитал салымдарын тез қайтару үшін жасалды. Менің ойымша, осыған байланысты баға қымбаттамауы керек. Қалай болғанда да, баға Ресей импортының тиімділігіне байланысты қалыптасады, өйткені ЖЖМ-нің 40%-ын сол жақтан әкелеміз.
Сонымен қатар, маусымдық факторды да есепке алу керек. Мәселен, қарашадан бастап зауыттарға шикізат көп келіп, өңдеу өседі де, тұтыну азаяды және сәйкесінше ресейлік бензиннің бағасы құлайды, желтоқсан-қаңтар айларында өткен жылдағыдай баға арзансуы мүмкін.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА