20 қазанда ОКҚ Атырау бөлімшесіндегі баспасөз орталығында Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығының қатысуымен брифинг өтті.
МҰНАЙ МЕН ЭКСПОРТ – «ЕГІЗДЕР»
9 айдың қорытындысы бойынша департамент басшысы Мәди ТӘКИЕВ, оның орынбасарлары Жәнібек НҰРДАНОВ (салық блогы бойынша) және Маржангүл КҮНТУАРОВА (кедендік блок бойынша), сондай-ақ, МКД ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Заңғар ЗАНҚАНОВ баяндама жасады.
9 айда жергілікті бюджетке түскен түсімдер 112,4 млрд теңгені (жоспарланған 105,5 млрд теңгенің орнына) құрады. Бизнес субъектілер арасында жасалған талдау бойынша, шағын бизнес субъектілерінен түскен салық өткен жылмен салыстырғанда 5,3 млрд теңгеге артқан, ал ірі бизнестен 785,1 млрд теңгеге қысқарған.
Облыстың сыртқы сауда айналымы 11,8 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 45%-ға кеміген. М. Күнтуарованың айтуынша, мұны мұнай бағасының әлемдік нарықтағы құлдырауымен түсіндіруге болады. Сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінде экспорттың үлесі - 90,6% (10,7 млрд доллар), импорт – 9,4% (1,1 млрд).
Экспорт негізінен ЕО елдеріне жүзеге асырылады: Италия – 23,5%, Нидерланды – 24,2%, Франция – 15,2%, импорт та негізінен ЕО елдерінен келеді – 59,7%, сондай-ақ, АҚШ – 9,6%, Қытай – 7,2%, Жапония – 7,4%.
Импорт құрамында салық көп салынатын тауарлар көп: «жабдықтар мен механизмдер» – 43,2%, «қара металл бұйымдары» – 35,8%, химиялық өнеркәсіп өнімдері – 9,9%, құрал-саймандар, аппараттар, аспаптар және басқа да өнеркәсіптік тауарлар – 6,5%. Экспорт бойынша барлық көлемнің 89,2%-ын шикі мұнай құрайды, 8,6% – мұнай өнімдері, 1,9% – күкірт.
БАНКРОТ ЖАРИЯЛАҢДАР, БІРАҚ ЗАҢ ЖҮЗІНДЕ
М. Тәкиевтың айтуынша, кейбір бағалаулар бойынша Атырау облысындағы «көлеңкелі айналым» 20%-ды құрайды, ел бойынша да осы көрсеткіш.
9 ай ішінде департаменттің экономикалық тергеу қызметі 433 қылмыстық іс қараған. «Көлеңкелі» экономика саласында 179 қылмыстық іс қозғалып, жалған ақша жасау бойынша – 14. Мысалы, жалған банкнот жасау (өткізу мақсатымен) бойынша үш қылмыстық іс қозғалып, 2 000 теңгелік 379 жалған ақша алынды, дайындаушылар сотталды.
Брифингте бизнес субъектілерінің нақты жұмысты орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиемей-ақ мәміле жасау фактілерін (жалған кәсіпкерлік) анықтау және жолын кесуге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Заңсыз банкроттық саласында 42 қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде банкроттық рәсімінен бюджет алдында 9,4 млрд теңге қарызы бар 61 кәсіпорын өтіп жатыр. Жалған және қасақана банкроттық фактілерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылды, сондай-ақ өз уақытында ақпарат алмасу үшін банкроттық жариялаған әр кәсіпорын бойынша тәуекелділік дәрежесін анықтап, талдау жасалды.
Экономикалық тергеу қызметінде жалған кәсіпкерлікке қатысты 40 іс жатыр.
- Қазіргі уақытта біз әріптестерімізбен бірге барлық өңірлердегі салық сызбаларын құрдық, сол арқылы кімнің салықтан қалай заңсыз жалтаратынын көріп отырамыз. Бұл сызбаларда салық салудан жасырылған ақшалардың қалай қозғалатыны көрініп тұрады, - деді М. Тәкиев.
МАЙЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР
Алкогольдік өнімдердің заңсыз айналымына келетін болсақ, оперативтік деректер бойынша, құжатсыз алкогольдік өнімдерді заңсыз әкелу РФ аумағынан жүзеге асырылады. Атап айтсақ, «Московский завод Кристалл» ААҚ алкогольдік өнімдерін сәйкесінше маркілеусіз өткізу фактісінің алдын алудың сәті түсті. Тергеу барысында бұл алкогольдік өнімді Астраханнан жеке тұлғалар алып келіп, оны лицензиясыз сататыны анықталды.
Шұғыл-іздестіру шараларының барысында Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағында мұнай ұрлаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, 38 тонна мұнай тиеген екі автокөлік ұсталды.
Бюджеттік қаржыны талан-таражға салу саласында 170 қылмыстық іс тергелді. Оның ішінде мемлекеттің қатысы бар секторларда (ұлттық компаниялар, мемлекеттік бағдарламалар, даму институттары), сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, мемлекеттік бағдарламалар бойынша 22 қылмыс ашылды: Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 бойынша -12, Бизнестің жол картасы-2020 бойынша – 5, «Ақ Бұлақ» ауыз су бағдарламасы бойынша – 5.
ӨТЕ ҚАРАПАЙЫМ РЕСТОРАТТАР
Кірістерді жасыруға қатысты мейрамхана бизнесі саласынан қызықты мысалдар келтірілді. М. Тәкиевтың айтуынша, департамент мейрамханаларға 80 хронометражды тексеру жүргізген, оның барысында кіріс бірнеше рет артып отырған.
- Департамент қызметкерлері мейрамханаларға барып, бүкіл жұмыс күні бойғы, мысалы сағат 10-нан түнгі 2-ге дейін, кірісті тіркейді. Олар барлық чекті соғуға мәжбүрлейді. Нәтижесінде, егер бұған дейін мейрамхана иесі орташа бір күндік кірісті 1 000 – 2 000 теңге деп көрсетсе, хронометраждың нәтижесінде 10 күнде 3 миллион шыққан. Өз табысын 72 есе төмендетіп көрсеткен мейрамхана да бар.
Тәкиевтің айтуынша, жыл соңына дейін қаланың ірі сауда нүктелері мен базарларында жұмыс жасайтын, алдыңғы кезекте, кілем, алтын, тон сататын салық төлеушілерді тексеру жоспарланып отыр.
Діни терроризмді қаржыландыру арналары мен көздерінің жолын кесу саласы бойынша 233-баптың 3-тармағы бойынша екі материалға сотқа дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр. Олардың біреуі халықаралық ДАИШ террористік ұйымының мүшелеріне қатысты.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор