Қыс жақындап қалды, ал Атырау облысының аудандарында жылумен қамту мәселесі әлі шешіле қойған жоқ.
Жылыой ауданы Құлсары қаласында орталықтандырылған жылу жүйесіне 87 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ мәліметі бойынша, қала қысқа толықтай әзір. Алайда, бар мәселе, тұрғындардың ПИК құрғысы келмеуінде. Осылайша үйлерді кәріз суы толған жертөлелер мен үйлерді күтіп ұстайтын ешкім жоқ. Қаладағы 1800 пәтер иелерінде дербес қазандыққа қосылуға газшылардың рұқсаты жоқ, соған қарамастан олар оны қондырып алып отыр.
Мақат ауданында да осындай жағдай. Мақат поселкесіндегі 61, Доссор поселкесіндегі 24 көпқабатты үйдің, ТЖ мен газшылардың келісімінсіз, дербес газ қазандығымен жылытылатынына үш жылдай болды. Тұрғындар мұның заңсыз екенін түсінеді, бірақ, олар күн суық болды деген уәж айтады. Ал жергілікті әкімдік үйлерді орталықтандырылған жылу қазандығына қоспай отырған себебі – олардың коммуналдық төлем қарыздарының кесірінен деп хабарлады.
Қызылқоға ауданында да жылуға қосуда күрделі мәселелер бар. Қазандықтарға қатысты құжаттар заңдастырылмаған, қолдан жасалған қазандықтарды пайдаланған және газды жылу пештеріне қосқан тұрғындарды жазалауда.
- Соңғы үш жылда аудандағы 448 үйдің газды пайдалану ережесін бұзып келгендігі анықталды, бірақ, біз биыл бұл заңсыздықтарды жойдық, - дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр ӘЖІҒАЛИЕВ. - Тасшағыл ауылының өзінде 88 үй жаппа пешті пайдаланса, Ал Сағызда 55 үй қолдан жасалған котельдерді іске қосып келген. Мұндай заңсыздықтар әр округке тән болып шықты. Бұл өте қауіпті! Газды тұрмыста пайдалану Ережесін бұзып отырғандармен түсінік жұмыстары жүргізілді, ескерту парағы таратылды. Оған құлақ аспағасын газден ажырату жөнінде шешім қабылдады.
Ал «ҚазТрансГазАймақ» Қызылқоғадағы учаске бастығы Бауыржан КЕРЕЕВТЫҢ айтуынша, жаз бойы жаппа пештері мен котельдерді ауыстыру жұмыстары жүрген. Ал құжатын заңдастырмаған тұрғындар келесі жылы орындайтынын айтып, жазбаша уәде еткен.
Индер ауданында екі 40 пәтерлік үйді жергілікті биліктің рұқсатымен, бұл заңсыз болса да, автономды жылу қазандығына қосылған. Ал кәсіпкер Таңат СИСЕНҒАЛИЕВ үш жылдан бері поселке басындағы көпқабатты 12 үйді жылумен қамтуды міндетіне алып келеді. Оның бригадасы 7 жылу қазандығы жөндеген. Бірақ тұрғындардың бүгінгі қарызы 2 млн 500 мың теңгені құрап отыр. Соның салдарынан кәсіпкердің өзі газшыларға 1 млн 800 мың теңге бережақ болып қалған.
- Біз тұрғындармен бірнеше рет кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, бәрі нәтижесіз болды. Он адамды сотқа беріп едік, оның біреуі ғана төлемақысын төледі. Ал, жалпы борышкерлер көп, - дейді Индербор поселкесінің әкімі Алмас ҚҰСАЙЫНОВ.
Бүгінде поселкеде жылу жүйесіне жеті жылу қазандығы қосылған. Жергілікті әкімдік екі бригада шығарып отыр: оның бірі төлемақы жинайды, ал екіншісі борышын беруден бас тартқандардың жылуын қияды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА