ҚР-ның бұрынғы мемлекеттік кірістер және қаржы министрі Зейнолла КӘКІМЖАНОВ Facebook желісіндегі парақшасында бұрынғы премьер-министр Нұрлан БАЛҒЫМБАЕВ туралы өз ойын бөлісті.
Нұрлан Өтепұлын 1999 жылы ол басқарған Үкіметке тағайындалғаннан бері жақсы білемін. Бұған дейін біз қызметтік қарым-қатынастарымызбен байланысты болдық: ол энергетика министрі, мен Халық банкін басқардым. Содан кейін мен президент көмекшісі болдым. Менің міндеттеріме Үкімет жұмысының қателіктерін анықтап, Республика президентіне баяндап тұру кірді. Әрине, мұндай жағдайда қарым-қатынасымыз жақсы болады деп күтуге де болмайтыны түсінікті еді.
Алайда оның Үкіметінде жұмыс жасаған кезімізде еркектер арасындағы мықты қарым-қатынас қалыптасып, кейіннен үлкен ерлер достығына ұласты. Сол жылдары мен мемлекеттік кіріс министрі болдым. Бұл мұнайдың бір баррелі 8 долларға жуық, алтын-валюталық қорымыз 100 миллион американдық доллардан сәл асатын, инфляция ондаған пайызбен өлшенген дағдарысты кезең еді. Кіріс бөліміне түсетін ағымдағы түсімдер бюджеттің базалық әлеуметтік міндеттемелерін жабуға әрең жетті.
Біз күн сайын таңертеңгі 9.00-де кездесіп, кірістер болжамы мен олардың түсу деңгейін арттыру шараларын талқылайтынбыз. Сол жылдары біздің барлық ұсыныстарымызды ел президенті мен премьер-министр тез қабылдайтын. Басты іс-шаралар – бұл жүргізіліп отырған экономикалық саясатқа бизнес қауымдастықтың сенімін арттыру, шағын және орта бизнестің, аграрлық сектордың дамуына жағдай жасау. Бәрі тез, кешенді түрде жасалды. Дағдарыстан тез шығып, өсім фазасына кірдік.
1999 жылдың сәуірінде девальвацияны тиянақты өткіздік. Барлық тармақтарына президент келісімін берді. Нұрлан Өтепұлы барлық мүмкін болар келеңсіз зардаптар үшін жауапкершілікті өз мойнына алды және девальвация жүргізер алдында бұл туралы теледидардан сөйлеп, адамдарға мұның себептерін, қажеттілігін түсіндіріп, оны өткізу бойынша іс-шараларды мәлімдеді. Зардаптары өте ауыр болуы мүмкін еді, девальвация жүргізген сәтте алтын-валюталық қорымыз небары 150 млн АҚШ долларын құрады және біз барлық резервтерімізді күйдіріп, теңге курсын бақылауды жоғалтып, үлкен инфляция мен бос бюджетке ие болар едік. Алайда бәрі жақсы өтті, төрт күн ішінде барлық іс-шаралар жүзеге асып, нарық тұрақтанды, алға қарай экономиканың өсуіне жағдайлар жасалды.
Қазір барлығын оңай нәрсе сияқты айтуға болады, алайда мен өз премьер-министрімнің уайым жеген түрін көрдім. Үлкен жауапкершілік арқалаған әр күнінің әр сәтінде кең көлемді маңызды экономикалық шешімдер қабылдауы керек болды. Сол кездегі Үкіметтің құрамы өте қызықты болатын. Көптеген өз пікірлері бар, жақсы жағынан амбицияға толы, сол кез үшін өз саласында ең үздік деген тұлғалар жұмыс жасады. Нұрлан Өтепұлы тәжірибесі аз министрлердің жұмысын басқарып, үйлестіріп отыруға көп күш жұмсады.
Жүйкесі әр минут сайын қозып отыратын.
Қазір біз барлық ауыр науқастардың себебі көп күйзеліске ұшыраудан болатынын білеміз. Мен Нұрлан Өтепұлының өз аузынан оның өмір тарихынан хабардар болдым. Мен оның үкімет басшысы болған жылдарын көрдім. Бұл оның өмірінің ең қиын жылдары, айлары және күндері болғанына сенімдімін. Ол өзін осы қиындықта үлкен тұлғаға лайық ұстады.
Нұрлан Өтепұлы өзінің дерті туралы бір жыл бұрын білді. Бәрі ойдағыдай жақсы өтеді деген үміт те болды, алайда соңғы бес айда жағдайы нашарлады. Ол күресті, бірақ үміттің азайып келе жатқанын білді.
Осы жылдың 4 тамызында түсірілген бұл суретте ол Түркияда оңалту емін алып жатқан кезі еді. Мен оның қасында болу үшін әдейі келгенмін. Суретте ол мықты, әдемі, көңілді ер адамдай көрінеді. Алайда бұған дейін бір тәулік бойы ажал туралы әңгіме айттық. Ол өзінің қалған уақытын білді. Бұған дайындалды. Сырт қараған адамға, ағайын-тумаға білдіртпей, олардың жан-дүниесін ауыртпай, өзін салмақты ұстап, үнсіз дайындалды. Мен оның осы кезекті, алайда соңғы рет берген сабағына – ажал туралы қалай ойлап, қалай қарсы алу керектігі туралы пайымдарына алғысым шексіз. Өкінішке орай, біз бұл туралы айтуға қорқамыз. Алайда егер саған біреу осындай дәріс берсе, бұл өмірдегі ең құнды сабақтардың бірі болмақ.
Кетер алдында мен бірге суретке түсуге өтініш білдірдім. Әрқайсымыз да іштей мұның соңғы бірге түскен суретіміз екенін түсіндік. Сол күндер оған өте ауыр болды, ол мені құшақтады, мен оның жүзіне қарамадым, алайда ол бар күшін салып, күлімсіреуге тырысқанын жаныммен сездім. Мен оны осы күйінде мәңгі есімде сақтаймын.
Он күн бұрын оның хәлін сұрау үшін Атырауға келдім. Ол ақыл-есін сақтап, өз жағдайына бақылау жасап жатты. Біз қоштастық.
Бүгін Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев о дүниеге сапар шекті. Санасын сақтап, әр қадамына бақылау жасап, тыныш кетті.
Біз саясаттағы адамдардың өмірі туралы аз білеміз, жөнді де, жөнсіз де жақтырмай қабылдап жатамыз. Алайда мен осы жазбамда Нұрлан Өтепұлымен бірге жұмыс жасаған сол жылдары оның қасық қаны тамғанша жұмысқа толықтай беріліп, халықтың және еліміздің әл-аухаты үшін денсаулығын аямағаны туралы айтқым келеді.
Менің осы сөздеріме сенген адамдар оны еске алып, «Иманды болсын, Нұрлан Өтепұлы. Жаны жанатта болсын» деп, іштей тілек тілесін.
Дереккөз: Зейнолла Кәкімжановтың Facebook-тағы жеке бетшесі