Жайық-Каспий Орхусс орталығында «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасын қоғамдық бақылау бойынша «дөңгелек үстел» өтті.
АҚША АСТАНАДАН КЕЛЕДІ
Іс-шараның мақсаты – ауыз су бағдарламасын жүзеге асыруда ҮЕҰ, жергілікті басқару органдары және ауыл белсенділерінің ынтымақтастығы мәселелерін талқылау. Ұйымдастырушылар – Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен Жайық-Каспий Орхусс орталығы және «Ангел» қоғамдық бірлестігі.
«Дөңгелек үстелге» облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Асан НҰРҒАЛИЕВ қатысты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыстың 12 елді мекенінде «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су құбырлары мен су тазалау құрылғылары құрылысы жүріп жатыр.
- Жақында Сарытоғай ауылында сумен қамту жүйесі салынды, қазір онда ауыз су бойынша мәселе жоқ, - деді ол. – Салынған нысандарды қолдану бойынша кейбір проблемалар бар, пайдаланатын ұйымдарды анықтау мен нысандарды балансқа беру біраз уақыт алады.
Естеріңізге салсақ, «Ақ бұлақ» бағдарламасы республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады, ауылдық елді мекендерде сумен қамту және су тарату жүйелерін дамытуға мақсаттық трансферттер бөлінеді. 2014-2015 жылдары Атырау облысына 2,6 млрд теңге аударылды. Бұл қаржы төмендегіше бөлінді: Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында су тазалау құрылғысы мен су құбыры желісін қайта салу – 306 414 000 теңге; Махамбет ауданы Ақтоғай ауылында су тазалау құрылғысы мен су құбыры желісін қайта салу - 351 058 000 теңге; Жылыой ауданы Тұрғызба ауылында ауылішілік су құбыры желісін салу - 315 963 000 теңге; Қызылқоға ауданының Миялы, Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану, Тайсойған, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау ауылдарында ауылішілік су құбыры желісінің жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу, кері салу - 647 281 000 теңге; Мақат ауданы Доссор кентінде кентішілік су құбыры желісін салу - 736 679 000 теңге; Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында ауылішілік су құбыры желісін салу - 326 636 000 теңге.
«АС ҮЙГЕ ДЕЙІН ЖЕТКІЗЕДІ»
«Дөңгелек үстелді» ұймдастырушылардың айтуынша, 7-8 қазанда ауылдық әкімдік өкілдерімен бірге Сарытоғай және Тұщықұдық ауылдарына сапар ұйымдастырылған. Жайық-Каспий Орхусс орталығының басшысы Шынар ІЗТЕЛЕУОВА алдын-ала шығарылған нәтижелерді айтты:
- Сарытоғайда осы бағдарлама бойынша суға қолдары жеткен тұрғындармен сөйлестік. Бізге ауыл тұрғындары мен ауылдық округтің әкімі арасындағы қарым-қатынас ұнады, олардың бірлесіп жақсы жұмыс жасайтындары көзге көрініп тұрды, әкім ауылды сумен қамту үшін қолынан келгенінің бәрін жасайды екен. Алайда, әкімнің айтуынша, мердігер ұйымдардың шалағайлығы салдарынан ауылдағы судың арыны әлсіз, шеткі үйлерге су жетпей жатады. Оның себебі, жарық жүргізгісі белген мердігер ұйым өз әрекеттеріне әкімдіктен рұқсат алмай, бес жерден ұңғыма қазып, магистралдық су құбырын бес жерден бүлдіріп кеткен. Тұрғындар бір ай бойы сусыз отырды, қазір бұл мәселе шешілді, құбырды жамады, алайда су арынын күшейтсе, бұл жамалған құбырлар шыдамауы мүмкін. Кездесуде әкім мердігерлер мен ауыл тұрғындарын шақырып, қосымша жиналыс жасап, туындаған мәселелерді шешеміз деп сөз берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауыл шаруашылығы дамыған Сарытоғай ауылында техникалық су құбырын салу да жүріп жатыр, бұл тұрғындардың аулаларындағы бақшаларын арзан сумен суаруына мүмкіндік береді.
Тұщықұдықта ұйымдастырушылар құбыр желісін енді тартайын деп жатқан тұрғындармен кездесті. Көп сұрақ қойылды. Атап айтсақ, ауыз сумен қамту бойынша құжаттар жобасына 2012 жылы қол қойылған, алайда осы уақытта ауылда көптеген жаңа үйлер пайда болды. Ізтелеуованың айтуынша, мердігер мен әкімдік өкілдері суды жаңа үйлерге дейін жеткізу үшін мүмкіндіктер іздейміз деп сөз берген.
«Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруға қоғамдық мониторинг жасау жобасының үйлестірушісі, «Ангел» ҚБ директоры Людмила ПЕТРОВА Атырау облысында мердігерлер суды ас үйге дейін тегін жеткізіп беруге міндеттеме алған, оның айтуынша, мұндай басқа өңірлерде жоқ.
«ТАРИФ ҚАЙТАРЫМДЫ БОЛУ КЕРЕК»
Сонымен қатар, тариф мәселесі де көтерілді. Мысалы, Сарытоғай ауылының тұрғындары былтыр су үшін 40 теңгеден төлеген, ал биыл – 109 теңге. Желілерді пайдаланып отырған ұйымның түсіндіруінше, бұрын мемлекет бизнесті қолдау үшін субсидиялар берді, ал биыл субсидия алынған жоқ, сондықтан су бағасын көтеруге тура келген.
- Адамдар тарифтің неден қалыптасатынын білуі керек. Ауылдық жерлерде жоғары жалақы жоқ, көпшілігі жәрдемақылар есебімен күн көруде, сондықтан да егер тариф өте үлкен болса, адамдар суды ашық су көздерінен алуға көшу қаупі бар. Тарифтер ауыл тұрғындарының жағдайларына сай болуы керек, - дейді Ш. Ізтелеуова.
Пайдаланушы ұйымның өкілі, «ҚазСуШар» Атырау филиалы директорының орынбасары Салауат САРИН бұл туралы былай деп жауап берді:
- Су қымбат болса, оны ешкім алмайды деп айтудың қажеті жоқ, газ бен жарықтан ешкім бас тартып отырған жоқ қой. Ауыл тұрғындары бізді Алланың суын сатып отырсыңдар деп кінәлайды. Бұл олай емес. Біз суды тазалап, үйлерге жеткізгеніміз үшін ақша аламыз. Мысалы, пайдаланып отырған кәсіпорын нысанды балансына алып, осыдан кейін ғана ТМРАД-қа өтінім береді, ал ол жарты жылдан кейін бекітіледі. Осы алты айда ол не істейді, шығындарын қайдан өтейді? Сіздер осыны да халыққа түсіндірулеріңіз керек. Егер зейнеткердің осыны төлеуге халі тартса, басқалардың неге жағдайы жетпейді? Егер біз тарифтен қашатын болсақ, ертең су құбырларын салуға бөлінген миллиондар жер астында көміліп қалады. Тариф қайтарымды болу керек, барлық шығындар мен амортизациялық төлемдерді есепке алу керек.
Алайда, басты мәселе, Сариннің айтуынша, бұл нысандарды пайдалану:
- Қаржы бөлінеді, су құбырын салады, алайда басты проблема – осы нысандарды алға қарай пайдалану. Бірыңғай оператор керек. Мәселен, өткен жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Миялыда керемет су құбыры салынды, Қызылқоға ауданының жеті ауылында іске қосылып, су берді. Енді оны кімнің балансына берерін білмей жатыр. Олар біздің магистралдық желіге қосылғандықтан бізге ұсынды. Суды біз береміз, алайда бұлар балансымызда жоқ. Бұл нысандар балансымызда болмағандықтан, қуаттың арттырылуына байланысты тарифке өзгеріс енгізуге өтінім бере алмай отырмыз. Мәселе әлі шешілмей тұр, суды ескі тарифпен беріп жатырмыз. Тағы бір мысал: Қоянды топтық су құбырында тарифті бекіткен кезде магистралдың ұзындығы небары 36 шақырым болды, ал қазір 180 шақырым. Алайда біз ескі тарифпен жұмыс жасап жатырмыз. Судың айналасында шешілмеген мәселе өте көп.
ПАЙДАЛАНАТЫН ЕШКІМ ЖОҚ
А. Нұрғалиевтың айтуынша, пайдаланатын ұйымдар конкурстық негізде анықталады. Құрылыс аяқталып, баланстық құны анықталғаннан кейін аудандық ТКШ байқау жариялайды.
- Елді мекендерде пайдаланушы ұйымдар көп, кейбіреуінде техника, жабдықтар жетіспейді, алайда «Ақ бұлақ» бағдарламасы президенттік «100 қадам» бағдарламасына кіргендіктен, қазір нысандарды мамандандырылған ұйымдарға беру мәселесі министрлік деңгейінде шешіліп жатыр, - деді ол.
Осылайша, «Ақ бұлақ» бағдарламасының алдыңғы «Ауыз су» бағдарламасы жіберген қателіктерді қайталау қаупі бар. Сол кезде де мемлекет қаржысына салынған нысандарды ешкім алғысы келмеп еді. Миллиардтарға салынған су тазалау құрылғыларын пайдаланудың шығындары көп болып, ауылдықтар алтын су ішкендей ақша төледі.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор