Атырау, 29 қараша 03:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Облыстық сот төрағасы педофилдер, диктофон, «Сот кабинеті» және басқалар туралы

5 524 просмотра

«АЖ» оқырмандарының сұрақтарына «Интернет-конференция» айдарымыздың қонағы Атырау облысының соты және Атырау облыстық кассациялық коллегияның төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ (суретте) жауап береді.

КІСІ ӨЛІМІ БОЛҒАН ЖКО БОЙЫНША ТАРАПТАРДЫҢ БІТІМГЕ КЕЛУІ АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ

- Кісі өлімі болған ЖКО-лар, әсіресе, қылмыстық істер тараптардың бітімге келуіне сілтеме жасап, жеңіл үкімдермен аяқталса, үлкен қоғамдық талқылауға ұшырайтыны белгілі. Дегенмен, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бері осындай істерден құтылудың осы бір амалы тоқтатылды деп хабарланды. Алайда баспасөз беттеріндегі хабарларға жүгінсек, заң қолданылмайтын сияқты.

- Расымен де қаңтардан бастап бітімге келу деген жоқ. ЖКО-лар бойынша қылмыстық істер істің нақты жағдайлары және қолданыстағы заңнамалар нормаларына сәйкес қаралады, яғни, судьялар қоғамдық талқылауға назар аудармайды. Ол халықтың пікіріне назар аудармай, сот ісін заң негізінде ғана жүргізуі керек.

- Жақында «Ақ Жайық» газетінен қаламызда 4 тонна балықпен ұсталған әзірбайжандық браконьерге 40 мың теңге айыппұл ғана салғанын оқыдым. Бұл лайықты жаза ма?

Марат Бейсенов, Атырау

- БАҚ бетіндегі бұл ақпарат нақты емес. Атырау қалалық №2 сотының үкімімен Әзірбайжан Республикасының азаматы Алиев Азир Шахмұрад оглы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 196-бабы 1-тармағында қарастырылған қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін айыпты деп танылды. Бұл бап қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу жауапкершілігін қарастырады.

Сот Алиевке 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгіледі, бұл 99 100 теңгені құрайды, ал алынған балық тәркіленіп, мемлекет кірісіне берілді.

Прокурор Алиев ісін сотқа қылмыстық жолмен табылған қара балықты сатып алу фактісі бойынша ғана жіберді, ал сот қылмыстық істі осы айыптау аясында ғана қарады. Қылмыстық қудалау органы оған қатысты бұлтартпау шараларын таңдаған жоқ, нәтижесінде Алиев сотқа дейінгі тергеу аяқталған бойда Атырау қаласындағы уақытша мекенжайынан және елден шығып, дәлірек айтсақ, Әзірбайжан Республикасына кетіп қалған. Бұған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің баянаттары, түсініктемелері мен Қазақстан Республикасы шекарасынан шығып кеткені туралы мәліметтер дәлел болады. Сондықтан да сот істі айыпталушының қатысуынсыз қарады, ал бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 335-бабы 2-бөлімі 2-тармағы нормаларына қайшы емес.

- БАҚ-та «Сот кабинеті» қызметі туралы көп айтылады. Бұл не?

Айжарық Орманов, Махамбет

- ҚР Жоғарғы Сотының ресми сайтындағы «Сот кабинеті» сервисі (sud.gov.kz) Қазақстан Республикасы сот органдарына өтінім беру процесін автоматтандыруды қамтамасыз етуге арналған. Бұл сот органдарының онлайн-сервистері мен қызметтеріне қол жеткізетін бірыңғай терезе. Осының көмегімен азамат, оның өкілі немесе адвокаты үйден, кеңседен шықпай-ақ, интернет арқылы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта арызын, шағымын және өтініш хатын электронды түрде жіберіп, мемлекеттік алымды онлайн режимде төлеп, сот құжатын, істің мәртебесін қарап, сондай-ақ, іс жүргізу мерзімдері мен іс қозғалысын (талап-арыздың қозғалмай қалуын, талап-арызды қабылдау, іске дайындау, тағайындау және т.б.) бақылай алады.

Сонымен қатар, бұл сервиске ұялы телефондар арқылы да кіруге болады. «Мобильдік сот кабинеті» қосымшасы порталдың көптеген сервистеріне қосылған. Бұл интерфейс IOS, Android және WindowsPhone мобильдік нұсқаларында жасалған.

2015 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша сот кабинетіне 6 678 талап-арыз, 552 әкімшілік іс және 697 түрлі өтініштер тіркелді.

Яғни, сот өндірісін жетілдіру инновациялық технологияларды кең қолдану арқылы жүргізіледі. Озық сот тәжірибесі – бұл электрондық технологияларға көшіп, қағаз құжат айналымынан бас тарту. Бұл қазіргі заманғы сот процесінің базасы болып қалыптасуы керек.

ПЕДОФИЛДЕР ЖАЗАСЫ ҚАТАЙТЫЛДЫ

- Соңғы уақыттарда облысымызда педофилдікке байланысты қылмыстар саны өсіп келеді, бұл мені ана ретінде қатты алаңдатады. Жақында педофилдердің жазасын ауырлататын заң шықты. Бұл туралы сіздің пікіріңізді білгім келеді.

Асылзада Бекмаханова, Құлсары

- Соңғы уақытта балалардың жыныстық еркіндігі мен қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыс фактілері көбейіп кетті. Көп жағдайларда зорлықшылар туыстары немесе таныстары болып шығады, олар өздерінің кәмелеттік жасқа толмаған қорғансыз құрбандарын өлтіремін деп қорқытады, сыныптастарына айтамын деп бопсалайды және т.б... Көбіне олар осы зорлық әрекеттерін жылдар бойы жасап, жазасыз қалып жатады. Сондықтан да педофилия фактілері туралы балалардың біреуі өз қайғысы туралы айтуға батылы барғанда немесе қыз жүкті болып, бұл туралы қасындағыларға белгілі болған кезде кездейсоқ біліп отырамыз.

Отбасы және кәмелеттік жасқа толмағандар құқығын қорғаудың қылмыстық-құқықтық құралдары арқылы мемлекет кәмелеттік жасқа толмағандардың өмірі мен денсаулығына және отбасылық қарым-қатынастарға қарсы қоғамдық қауіпті әрекеттермен күрес жүргізеді. Соттарда осындай қылмыстық істерді қарау бойынша бірыңғай тәжірибе қалыптасқан.

Мысал ретінде мынадай фактілерді айтайын: 2015 жылғы 27 шілдеде өзінің кәмелеттік жасқа толмаған өгей қарындасын үш жыл бойы зорлаған азамат Т. сотталды. Зорлаушы ұрып-соғу және қорқыту арқылы физикалық және психологиялық қысым көрсетумен қатар бұл туралы сыныптастарына айтамын деп жасөспірімді бопсалап келген. Сот шешімімен Т. ҚР ҚК-нің 120 және 121-баптары бойынша айыпты деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң режимді колонияға жіберілді.

Атырау облысында өткен жылы осы санат бойынша 5 тұлғаға қатысты 5 қылмыстық іс қаралса, осы жылдың 9 айында ғана 5 тұлғаға қатысты 5 қылмыстық іс келіп түсті. Аяқталған үш қылмыстық іс бойынша айыптау үкімдері шығарылып, кінәлілер 15 жылдан 20 жылға дейінгі түрлі мерзімдерге бас бостандықтарынан айырылды.

Республика бойынша статистика осы санат бойынша қылмыстық істердің артқанын көрсетеді. Сондықтан да заң шығарушы орган 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жазалау шараларын ауырлатып, кішкентай балаларды зорлағаны үшін, сондай-ақ, жасөспірімдерге жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттері үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қарастырды. Заңда сотталғандар амнистия, шартты-мерзімінен бұрын босату, шартты түрде босату, кез келген мерзімі өтіп кету, зардап шегушімен бітімге келу, өтелмеген мерзімдері үшін айыппұл төлеу, балалары бар болғаны үшін жазаны кейінге шегеру сияқты жеңілдіктерге ие бола алмайды.

Педофилдерге жаза қолданудың әлемдік тәжірибесі төмендегідей: Германияда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру; Польшада кемінде 3 жылға бас бостандығынан айыру, химиялық кастрация; Чехияда 1978 жылдан бері ерікті негізде хирургиялық кастрация жүргізіліп келеді; Францияда, Бельгияда, Данияда және тағы басқа елдерде сот шешімімен мәжбүрлеп кастрациялау; АҚШ-тың көптеген штаттарында педофилдерге химиялық кастрация жасайды; Иранда, Иракта, Оңтүстік Кореяда, Сауд Арабиясы мен Қытайда педофилдігі үшін өлім жазасы қарастырылған. Бүгінде қазақстандық қоғамда елімізде химиялық кастрация енгізу мәселесі кең талқылануда, бұл тақырып парламенттік деңгейде қаралып жатыр.

Менің жеке пікірім: осындай қылмыскерлерді ұзақ уақыт бойы мемлекет қаржысымен асырағанша, әлемдік тәжірибені неге қолданбасқа?

ДИКТОФОНҒА РҰҚСАТ СҰРАП КЕРЕК ЕМЕС

- Мен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «заңгер» мамандығы бойынша түлегімін. Болашақта судья болғым келеді. Бұл үшін не істеу керек?

Бекзат

- Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, судьялық лауазымдарға үміткерлерге нақты біліктілік талаптары қойылады. Бұларға сәйкес, жоғары заңгерлік білімі бар, заңгерлік кәсіпте кемінде екі жыл жұмыс жасаған және біліктілік емтиханын тапсырған жасы жиырма беске толған республика азаматы судья бола алады. Заң бойынша республика соттарының судьяларына қосымша талаптар белгіленеді.

Судья лауазымындағы адам депутат болмайды, басқа да ақы төленетін лауазымдарда (оқытушылық, ғылыми немесе басқа шығармашылық қызметтерден басқа) жұмыс жасай алмайды, кәсіпкерлікпен айналысып, басқарушы органның құрамына немесе коммерциялық ұйымның кеңесіне кіруге құқы жоқ.

Келесі жылы сот жүйесімен байланысты ҚР заңдарына өзгерістер енгізу қарастырылуда.

Мәселен, сот жүйесін жетілдіру мақсатында судья лауазымына үміткерлердің біліктілік талаптары мен іріктеу механизмі қатаңдатылады. Атап айтсақ, үміткерлер үшін жас ерекшелік шектеуі 30 жасқа дейін өсіріліп, сот өндірісіне тікелей байланысты еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы керек. Үміткерлердің сотта іс-тәжірибеден, сондай-ақ, жас судьялардың сынақтық мерзімнен өтуі бір жылға дейін ұзартылады, сонымен қатар, біліктілік емтихандары мен психологиялық тестілеу күшейтіледі, ахуалдық тестілеу жүйесі енгізіледі.

- Ашық сот отырысы кезінде диктофон пайдалану құқығына судьялар тарапынан тыйым салатын фактілермен жиі кездесеміз. Немесе судьялар баспасөз қызметкерлері аудио жазба жасайтындары туралы рұқсат сұрау керек деп мәлімдейді. Менің білуімше, қолданыстағы заңнамаларда журналистің процесті диктофон көмегімен жазып алуына судьялардан рұқсат сұрауы керек деген міндеттеме жоқ. Яғни, судьяларда аудио жазба жүргізуге тыйым салатын негіз жоқ.

Егер осыған байланысты сот пен БАҚ қарым-қатынастарын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге ешқандай өзгерістер енгізілмесе, судьялар корпусы арасында түсінік жұмыстарын жүргізсеңіздер деген өтініш бар.

Лев Гузиков, журналист

- Азаматтық және қылмыстық істер бойынша сот отырыстарын жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі мен Қылмыстық іс жүргізу кодексі реттейді. Олардың талаптарына сәйкес, атап айтқанда, ҚР ҚІЖК-тің 245-бабы 6-тармағында сот отырысы залында фотоға түсіру, дыбыстық, бейне жазбалар және киноға түсіруді жүргізуге процесс қатысушылары мен төрағалық етушінің келісімімен рұқсат беріледі. Бұл әрекеттер сот талқылауының қалыпты жүруіне кедергі келтірмеуі қажет. ҚР АІЖК-нің 19-бабы 8-тармағына сәйкес, іске қатысты тұлғалар және ашық сот отырысына қатысушы азаматтардың сот ісін қарау барысын отырған орындарынан қағазға жазуына немесе аудио жазба пайдалануына болады. Кино- және фотоға түсіру, бейне жазба, тікелей теле және радио трансляция жасауға іске қатысушы тұлғалардың пікірін есепке ала отырып, соттың шешімімен рұқсат беріледі. Бұл әрекеттер сот отырысының қалыпты барысына кедергі келтірмеуі қажет және сот уақытын шектей алады. Сот отырыстарынан аудио және бейне жазбалар жүргізу төрағалық етуші судьяның келісімімен рұқсат етіледі.

СЫРТТАЙ ДА СОТТАУҒА БОЛАДЫ

- Егер күйеуі (сотталған) өзінің заңды әйеліне барлық инстанциялық соттарда және басқа да мекемелерде өзінің мүдделерін қорғау үшін сенімхат беріп, осы сенімхат мекеме бастығының мөрімен расталса, осындай сенімхаттарды сотта неге қабылдамайды? Бұл құжатта азаматтық және қылмыстық істер бойынша деп жазылған. Осындай сенімхаттың негізінде әйелі сотқа өтініш хат бере ала ма?

- Азаматтық іс жүргізу кодексінің кейбір нормаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2014 жылғы 2 желтоқсаннан бастап тапсырма бойынша өкілдікті жүзеге асыратын тұлғалар АІЖК-нің 59-бабында көрсетілген және 7-тармақшасында жоғары заңгерлік білімі бар басқа да тұлғалар тапсырма бойынша өкіл бола алады делінген. Азаматтық кодекстің 167-бабының ережелеріне сәйкес, нотариалдық расталған сенімхаттарға бас бостандығынан айыру орындарында жатқан тұлғалардың осы жердің бастығы растаған сенімхаттар да теңестіріледі.

Бұл жағдайда сенім білдіруші атынан әрекет ететін сенімгердің тиісінше ресімделген сенімхатымен бірге жоғары заңгерлік білімі болуы керек.

Бұл енгізілген жаңалық алдыңғы кезекте уәкілдер көрсететін заңгерлік көмек білікті болуына және сенім білдірушінің мүдделерін қорғауға бағытталған.

- Сот орындаушы маған «Арнайыавтобазамен» арамызда жасалған екі тарапты шартты менің тарапымнан бұзылғаны жөнінде шақыру қағазын әкелді. Алдын ала айтайын, жоғарыда аталған ұйымның қоқыс шығару бойынша қызметтеріне өз уақытында ақша төлеген жоқпын, оны мойындаймын! Маған түсініксіз болған жайт мынау: осы ұйымның маған қатысты талап-арызы туралы мен неге сот орындаушыдан естимін? Неге мен кезінде осы талап-арыз бойынша процеске шақыртылмадым және мені неге «сырттай» соттаған, неге мен сот шешімін алмадым? Енді мен қарызымды өтеумен қатар сот орындаушының қызметі үшін қарыз ақшаның жалпы сомасының 25%-ы мөлшерінде ақы төлеуім керек екен. Тағы бір маңызды жайт: мен жақында шаруаммен Ресейден келдім. Мені осы қарызым үшін ұшырмай тастауы да мүмкін еді ғой. Сол кезде маған материалдық және моральдық шығындарды кім өтейтін еді?

- Сұрақтан қарыз «Арнайыавтобаза» қызметі үшін өндірілгенін білдік. Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормалары талаптарына сәйкес, осы санаттағы істерді соттар бұйрық тәртібімен де (өндіріп алушының даусыз талаптары бойынша өндіріп алу туралы арызы бойынша борышкер мен өндіріп алушыны түсінік беру үшін шақыртпай-ақ және сотта қарамай-ақ бұйрық шығарылады), жеңілдетілген тәртіппен де: а), егер талап құны заңды тұлғалар үшін 500 АЕК-тен, ЖК мен жеке тұлғалар үшін 100 АЕК-тен аспаса, ақша өндіріп алу туралы талап-арыз бойынша; б) талап-арыз бойынша талап бағасына қарамастан, талапкер ұсынған жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттардың және (немесе) шарт бойынша борышкер екенін растайтын құжаттар негізінде судья істі жеңілдетілген өндіріс тәртібімен сот белгілеген дәлелдер мен басқа да құжаттарды ұсыну мерзімі өткен соң тараптарды шақырмай-ақ қарайды.

Сондықтан да автор «Арнайыавтобазаның» талап-арызы қандай тәртіппен қаралғанын білуі керек.

Барлық сот актілері азаматтық процестің тараптарына беріледі. Сот актісін алғаннан кейін тараптардың сот шешіміне жоғары инстанцияларға шағымдануға (шешім көшірмесін алған сәттен 15 күн) немесе егер акті сот бұйрығы нысанында шығарылса, сот бұйрығына 10 күн ішінде қарсылық білдіруге мүмкіндігі болады.

Материалдық және моральдық шығындарды өтеу ҚР Азаматтық кодексімен реттеледі. АК-тің 917-бабына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс. Бұл жағдайда барлығы қойылатын талаптарға және істі дұрыс шешуге үлкен маңызы бар жағдайлардың барлығына байланысты.

ШЕШІМДЕР БАЛАНЫҢ МҮДДЕСІНЕ ҚАРАЙ ҚАБЫЛДАНАДЫ

- Менің күйеуім алғашқы некесінен болған қызын қамтамасыз ету үшін алимент төлейді. Бұл сома жалақысының 25%-ына тең. Қазір оның басқа отбасысы бар, яғни, мен және баламыз. Ол алименттер мөлшерін әр балаға 16,5%-ға дейін төмендеткісі келеді. Яғни, алименттер 33%-ды құрап, екіге бөлінсе дейді. Бұлай жасауға бола ма, егер болса, бұл үшін не істеу керек?

Мария Солодовникова

- Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға алименттер өндіру, алименттерді азайту немесе арттыру ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексімен реттеледі. Кодекстің 139-бабында алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға - ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің - төрттен бір бөлігін; екі балаға - үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады. Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін делінген.

Өндірілетін алименттерді оны төлейтін ата-ананың материалдық жағдайына байланысты азайту және көбейту құқығы сотқа алимент мөлшерін анықтауға әр жағдайға жеке тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді.

Аталған санаттағы істерді қарау барысында сот әр нақты іс бойынша алимент төлейтін тараптың да, алимент алатын тараптың да материалдық жағдайын есепке алады; алимент төлейтін ата-анадан бөлек тұратын баланың мүддесіне назар аударылады, алименттерді төмендету баланың қалыпты өмірі мен дамуына кері әсер етпеуі қажет; талапкердің ниетін, оның тарапынан құқығын асыра пайдалану бар ма екенін анықтайды.

Тек іс бойынша нақты жағдайларды анықтағаннан кейін ғана сот алименттерді азайту туралы талапты қанағаттандыруға немесе бас тартуға шешім шығарады.

«МЕН ШЫҒАРҒАН ЖОҚПЫН, АЛАЙДА ӨЗДЕРІ КЕТІП ҚАЛДЫ»

- Судьялардың жалақысы қандай?

- Қатардағы судьяның жалақысы – 200 мың теңгеге дейін, жұмыс өтілі бар судья 250-260 мың теңге алады; 20 жылдан астам жұмыс өтілі болса, 280 мың теңге, алайда 300 мыңнан аспайды. Теңгенің девальвациялануынан кейін компенсациялау мәселесі қаралған жоқ, бірақ көтерілді. Жалақылар теңге курсының өзгеруіне байланысты кері қаралатын болар.

- Судьялар үстінен шағымдар көп түсе ме?

- Бұл қиын мәселе, шағымдар бар. Азаматтар дауларын шешеді, әр түрлі адамдар бар: біреулер жеңілісін лайықты қабылдаса, біреулер осы үшін бәрін, алғашқы кезекте судьяны кінәлайды. Судьяларға қатысты әр шағымды тексереміз, негізінен істі қараудың заңсыздығы туралы шағымдар көп. Автор мен судьяны шақырамыз, облыстық сот судьясын куратор етіп тағайындаймыз. Бейнежазбаларды сұраймыз, ақиқатқа осылай жетеміз. Тәжірибеден көргеніміздей, 10 шағымның бір-екеуінің ғана негізі бар, ал қалғандары эмоциялар. Жалпы, судьяның мәртебесі бойынша, судьяны жауапкершілікке тарту үшін Бас прокуратураның санкциясы керек.

- Сіз Атырауға ақпан айында келдіңіз, судьяларды жұмыстан шығаруға тура келген жағдайлар болды ма?

- Мен шығарған жоқпын, алайда өздері кетті, өйткені, судьяларға қойылатын талаптар күшейтілді. Процеске қатысушылар тарапынан шағым түспес үшін судья қай жағынан қарасаң да тап-таза болуы керек. Оның жұмыстан тыс өмірі мен қызметі де оған тиесілі емес. Судьялар этикасы ішкі кодексіне сәйкес, судьялардың көңіл көтеретін орындарға барып, спирттік ішімдіктер ішуге құқығы жоқ. Отбасымен, жақын туыстарымен тар шеңберде өтетін қуаныштарға баруына болады. Үлкен тойлар мен іс-шараларға баруға болмайды, бұл жерлерде болашақта ісін қарайтын адамыңмен бір үстелде отыруың мүмкін. Яғни, судьялар өздеріне репутациялық шығындар келтіруі мүмкін. Мысал келтірейін: Шымкентте түнгі клубта кісі өлімі болған төбелес болды, бұл кезде клубта осы жанжалға еш қатысы жоқ судья болған, неге ол сол жерде болған деген мәселе көтерілді. Бұл уақытта судья үйінде ұйықтап жатуы керек. Судья мамандығы әр адамның саналы таңдауы, яғни, белгілі жеке бас құқығы шығындарына дайын болуы керек.

- Судьяларды жұмыстан шығаруға не себеп бола алады?

- Кәсіби қателіктер жіберсе, яғни, шығарған шешімі жоққа шығарылған жағдайда. Бізде көп жұмыс өтілі бар судьялар өз тәжірибесімен бөлісетін оқу орталығы бар; кейбіреулері түзеліп, деңгейін көтереді, алайда бұл мамандыққа кездейсоқ тап болғандар да бар: істі шеше алмай, адамдармен жұмыс жасай алмайды. Олардың тағдыры коллегиялық түрде шешіліп, кейін материалдар Жоғарғы сот жанындағы сот жюриіне жіберіледі, олар кәсіби жарамдылығы жөнінде мәселені қарайды. Олар түзелуге белгілі бір уақыт беруі мүмкін, алайда адам бұрынғыдай нәтижелер көрсетсе, онымен қоштасады. Судьялық – психологиялық жүгі бар ауыр жұмыс. Бізде психологиялық сергіту бөлмесі бар, керек жағдайда қызметкеріміз үшін психолог тартамыз. Алайда сотқа негізінен мықты адамдар келеді. Кездейсоқ, әлсіз адамдар шығып қалады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

8 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.