Атырау, 29 қараша 03:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Ақылы емханаларда – сол адамдар

4 237 просмотра

Орталық коммуникациялар қызметінің Атырау бөлімшесінде Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Аманбек ЖҰМЫРОВТЫҢ алғашқы баспасөз конференциясы өтті.

Конференцияға, сонымен қатар, облыстық аурухананың бас дәрігері Сайын ШОМЫРОВ пен облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрғабыл АЙТМАҒАМБЕТОВ қатысты.

МЕДИЦИНАҒА БӨЛІНГЕН 22 МИЛЛИАРД

А.Жұмыров денсаулық сақтау cаласының жалпы ахуалын таныстырып өтті. Атырау облысында 166 медициналық мекеме қызмет атқарады, олардың 11-і облыста, 19-ы қалада, 136-сы ауылдық жерлерде. Қаржыландыру үнемі өсуде, егер 2011 жылы 14 млрд теңге бөлінген болса, 2015 жылы бөлінген қаржы 22 млрд-қа жеткен. Былтырғы жылы облыстық балалар ауруханасының ескі корпусының жөндеуі мен жаңа бөлімшелердің құрылысы аяқталды, СПИД-орталық пайдалануға беріліп, Махамбет ауданында амбулатория салынды. Биылғы жылы Индер ауданында күніне 100 емделуші қабылдауға арналған емхананың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Геолог поселкесіндегі емхананың да құрылысы аяқталып келеді. Атыраулықтардың өмір сүру ұзақтығы – 71,8 жас (Қазақстан бойынша – 71,6), бала мен ана өлімі азайды. Облыстық перзентханада күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, оның базасында перинатальды орталық ашылды.

Негізгі мәселелердің бірі – мамандар тапшылығы. 144 орын бос тұр, алайда бұл үш жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы, себебі, ол кезде 220 орын бос болған. Соңғы екі жылда «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 89 жас дәрігер жұмысқа орналасты. Әрине, бұл жерде баспанамен қамтамасыз етудің ықпалы зор. Соңғы екі жыл ішінде 65 медицина қызметкері баспаналы болды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Атыраудан тағы 11 қызметкерге үй тапсырылмақ.

Медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін биыл 6,14 млрд теңге бөлінді, оның 2,42 млрд-ы амбулаториялық науқастар үшін дәрілер сатып алуға бөлінген, 2,94 млрд-ы стационарлар үшін, 782 млн-ы вакциналар сатып алу үшін.

Қол жеткен жетістіктердің бірі - қалалық №7 емхана базасында шағымдар мен ұсыныстар қабылдаудың бірыңғай Call-орталығының ашылуы. Орталық қалалық және ауылдық 37 медициналық ұйымды біріктірді. Шағымдар мен ұсыныстарды орталықтың бес операторы жұмыс күндері сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін қабылдайды. Бүгінгі таңда 417 қоңырау келіп түскен.

А.Жұмыров портал бойынша емханаға жату тәртібін айтып, биылғы жылдың 6 айында порталға 13 356 өтініш келіп түскенін, олардың 7 701-і ауыл тұрғындарынан екенін атап өтті. Өтініштердің 92,6% қанағаттандырылған. Медициналық ұйымды еркін таңдау қағидатына сәйкес 2015 жылы Астана, Алматы, Ақтөбе және Қарағандының медициналық орталықтарына емделу мақсатымен 812 адам барған.

«ОЙЛАП ТАБЫЛҒАН» ЕРЕЖЕЛЕР

Баяндамадан соң дәрігерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жақында «АЖ» редакциясына өте сирек кездесетін Корнелия де Ланге синдромына шалдыққан кішкентай қыздың ата-анасы хабарласқан еді. Баланың дүниеге келгеніне бірнеше ай ғана болған, алайда ата-анасы дәрігерлерге бірнеше рет жүгінген. Соңғы рет 18 қыркүйекте дене қызуы көтерілгендіктен облыстық балалар ауруханасы оны қабылдамай қойған. Әкесінің айтуынша, олар баланы дереу жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізген. Ол жерде дәрігерлер баланың сырқаты олардың бейініне жатпайтынын айтыпты, бірақ баланы қабылдаған, себебі, сәбиді тез арада жансақтау бөліміне жатқызу керек еді.

- Бұл жағдайды білемін, бірақ бала жұқпалы ауруға шалдыққан еді. Біздің ауруханада жұқпалы ауруларға арналған карантиндік блок жоқ, сондықтан біз оны қабылдай алмадық, - деп мәлімдеді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрғабыл Айтмағамбетов.

Созылмалы ауруы бар емделушілер де ауруханаға жатудың қиыншылықтарына жиі шағымданады. Оларға бағыттама жылына бір рет беріледі, себебі, ереже солай. Осындай ережені облыс ауруханаларындағы мамандарға бағыттама берерде емханалардағы дәрігерлер де ұстанады. Бірінші бағыттама бойынша дәрігерге қаралу тегін, алайда бір барғаннан жұмысың бітпейді, дәрігер емделушіні тексеруге жібереді. Ал екінші бағыттаманы емханалар бермейді, айтуларынша, беруге болмайды.

Журналистер көтерген тағы бір мәселе – тегін тексерілуге жазылу. Мәселен, УЗИ-ге бағыттама бойынша бір ай бұрын жазылып қоюың керек, офтальмологқа да солай. Ал ақылы әрі «тірі» кезек бойынша дәрігерге қаралуда еш кедергі жоқ. Сондықтан емделушілер ақылы дәрігерлерге баруға мәжбүр.

- Дәрігерлер сілтейтін ондай ережелер жоқ. Диспансерлік есепте тұратын созылмалы сырқатқа науқастар тоқсанына 1 рет емделуге жатуға құқылы. Ал бағыттама бір маманға үш рет қаралуға беріледі, - дейді А.Жұмыров.

– Біз мамандардан тегін тексерістен өту мәселесін шешуге тырысудамыз. Қазір бізде УЗИ-дің 3 маманы жұмыс істейді, бұрынғыдай жазылу бойынша қабылдаулар жоқ. Ақылы дәрігерлерге келсек, емделушілер оларға мемлекеттік медициналық ұйымдардағы мамандардың қызметіне көңілдері толмағандықтан емес, ыңғайлы кесте үшін немесе кезекте тұрғылары келмегендіктен ғана барады. Ал сол жеке емханаларда жұмыс істейтіндер де біздің дәрігерлер – негізгі жұмыстарынан кейін барады, - деп қосты Н.Айтмағамбетов.

Тағы бір өзекті мәселе – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектің тапшылығы. Д.Жұмыровтың айтуынша, ондай жағдайлар, көбіне, жылдың екінші жартысында, төртінші тоқсанға қарай пайда болады – ол кезде науқастардың жаңа санын анықтау басталады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

5 қазан 2015, 15:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.