Атырау, 29 қараша 03:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

М. Қалиев: «ТШО-ға газ үшін ұлттық валютамен төлейміз»

3 372 просмотра

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бастамасымен «АЖЭО» АҚ басшылығы баспасөз және қоғам өкілдерімен кездесу өткізді.

Тақырыбы – монополистің 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны орындауы және 2016-2020 жылдарға жылу қуаты тарифтерін көтеруге өтінім беру.

Кездесуге қоғамдық белсенді Талғат АЯН мен «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ЖҚБ төрағасы Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ қатысты.

«ТМРАД ТАРМАҚТАРДАН БАС ТАРТТЫ»

Алдымен «АЖЭО» АҚ президенті Мұхамбетқали ҚАЛИЕВ 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы айтты.

ЖЭО-ның осы кезеңдегі қолдағы активтерді реконструкциялау және техникалық кері жарақтау бойынша инвестициялық міндеттемелерінің көлемі 15,5 млрд теңгені құрады, олардың ішінде 2,14 млрд теңгесі жылу қуатына бағытталды. Бұл ақшалар қалай жұмсалды?

М. Қалиевтің айтуынша, осы қаржыға трансформатор майын газсыздандыру бойынша қондырғы және электр желілеріне арналған зертхана алынды, химиялық су тазалау цехының электр қалқандары мен сүзгілері ауыстырылды, 35 және 110 киловольт кернеулі ашық тарату құрылғысы реконструкцияланды, қуаты 100 мегаватт жаңа турбо агрегат (қарашада қоланысқа енгізіледі) және №14 станциялық қазандық салынды, техникалық сумен қамту арналары мен №4 турбо агрегатты (қуаттылығы 22-ден 25 мегаваттқа жеткізілді) реконструкциялау аяқталды, қуаттылығы 60 мегаватт газ турбиналық қондырғыны монтаждау басталды (2017 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде), сорғылар мен циркуляциялық су таратқыштар ауыстырылды.

Біз бұрын хабарлағанымыздай, «АЖЭО» АҚ 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі жылу қуатын өндіру мен қамтамасыз ету тарифін 1 Гкал үшін 5 515,03 теңгеден 9 739,14 теңгеге бес жыл мерзімге өсіруге өтінім берген еді Көтерілетін тариф бес жыл өзгертілмейді!» мақаласын қараңыз). Қалиев кәсіпорынның тарифті осы өсіру арқылы бес жылда 18,3 млрд теңге табыс жинап, олардың 3,2 млрд теңгесі жылу қуаты бойынша, оларды модернизациялауға бағыттауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл не береді?

- Бұл негізгі және қосалқы жабдықтардың сенімділігі мен үнемділігін арттырады, ЖЭО ұсынатын қызметтердің сапасын жақсартып, мөлшерін көбейтеді, шикізат, материалдар, отын шығындарын, жабдықтардың ескіруі мен қоршаған ортаға әсерін төмендетеді, - деп мәлімдеді Қалиев. – Инвестициялық бағдарламаның әр тармағын санап бермей-ақ қояйын. Себебі, табиғи монополияларды реттеу департаменті біздің 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламамыздың көптеген тармақтарын бекітуден бас тартты. Алдағы бес жылға жоспарланған 3,2 млрд теңге инвестицияның тек 1 млрд 80 млн теңгесі ғана қалдырылды.

«НЕСИЕЛЕР МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕЙДІ»

Содан кейін ЖЭО басшысы сұрақтарға жауап берді.

- ЖЭО өндіретін жылудың қанша бөлігін Атырау қаласы пайдаланады және бұл көлем ЖЭО қуаттылығының қандай үлесін құрайды?

- Қала қыста сағатына 250 Гкалға жуық жылу тұтынады. Бұл станция қуатының жартысы.

- 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бойынша жұмыстар есебінен ЖЭО-ның жылу қуаты қаншалықты артты?

- Реконструкциялау нәтижесінде жылу қуаты 10%-ға артты.

- Сіздер тарифті арттырмас үшін банктік қарыздар немесе құрылтайшылардың қаржысы сияқты басқа инвестиция көздерін тартып көрдіңіздер ме?

- Бастапқы кезеңде, 2009-2011 жылдары, біз ЖЭО активтерін жаңалауды бастағанда, кәсіпорын акционерлері қаржының бір бөлігін инвестициялады. Модернизациялауға кеткен қалған қаржыны біз ҚР үкіметі бекіткен электр қуатына шекті тариф есебінен алдық (бұл жерде үкіметтің 2009 жылғы қаулысы туралы айтылған, онда Атырау ЖЭО өндіретін электр қуатының сату бағасын келесідей арттыру көзделген (сағатына 1 кВт үшін теңгемен): 2012 жылда – 6,3, 2013 жылы – 6,7, 2014 жылы – 7,0 және 2015 жылы – 7,3. – М.С.). Осының есебінен біз өзіміздің инвестициялық бағдарламаларымызды орындадық.

Біз ешқашан несиелік ресурстарды тартып көрген жоқпыз. Бұл, несиеге қызмет көрсету шығындары, бәрібір тұтынушылардың мойнына артылар еді, бұл шығындардың көбеюіне әкеліп, сәйкесінше тарифтер де артар еді. Сондықтан да біз несие алғымыз келмейді.

- Әр жылдың инвестициялық бағдарламасына сіздер химиялық су тазарту құрылығысын модернизациялауға қаржы саласыздар, бұл нысан үш жыл бұрын ғана салынған жоқ па?

- Бірнеше жыл бұрын біз қуаттылығы сағатына 100 тонна су тазалайтын жаңа химиялық су тазалағыш салдық. Оны қолданысқа енгізе отырып, біз қуаттылығы сағатына 200 текше метр болатын ескі химиялық су тазалағыш құрылғыларды жаңалауға кірістік. 2017-2018 жылдарға арналған өтінімге біз жаңа технологиялар бойынша химиялық реагенттерді қолданбай жұмыс жасайтын жаңа химиялық су тазалағышты монтаждауды қостық.

АМӨЗГЕ АРНАЛҒАН БУ

- Сіз қазір Атырау қаласы ЖЭО өндіретін жылудың жартысын ғана пайдаланады деп айттыңыз. Жартысы пайдасыз қалады. Бұл жағдайда ЖЭО-ның жылу қуаттылығын артыру неге керек?

- Өйткені су көп шығындалады...

- Табиғи монополияларды реттеу департаменті қазір монополистерден шығындармен күресуді жандандыруды талап етіп жатыр...

- Сіз «Атырау жылу желілері» АҚ жүргізетін жұмыстар туралы айтып отырсыз. ЖЭО ішінде біз өз шығындарымызбен өзіміз айналысамыз. Оған қоса, осы қыста «АМӨЗ» ЖШС ЖЭО-дан ыстық бу сатып ала бастайды...

- Онда инвестициялық бағдарламаларыңызға АМӨЗ қаржы салсын.

- Неге... АМӨЗ ЖЭО-дан өндірістік мақсаттар ыстық буды алуға техникалық талаптарды сұрады.

- АМӨЗ сатып алатын ыстық бу ЖЭО-ның жылу қуатының қанша пайызын құрайды?

- АМӨЗ 80 тоннаға дейін сұрап отыр. Жылу қуаты бойынша бұл шағын жүктеме. Сағатына 50-60 Гкал болады. Алайда су шығындары көп – 80 тонна. Қалаға тұрақты түрде жылу беру үшін біз осы көлемді орындауымыз қажет!

- ЖЭО-ның 2015 жылға арналған электр қуаты өндіру мен қамтамасыз ету шекті тарифінің де әрекет ету мерзімі де аяқталып жатыр...

- Иә. Осы жылдың соңына дейін ҚР үкіметі электр қуатының шекті тарифінің тағдырын шешуі керек. Электр қуатын жылдарға бөліп көтере ме немесе басқа шешім қабылдай ма, үкімет шешеді.

- Сіздер тарифті арттыруға өтінімді теңге девальвациясына дейін бердіңіздер ме, әлде кейін бе?

- Девальвация бізге әсер етті ме деп сұрағыңыз келе ме? Бұл сатып алатын заттарымызға байланысты. ЖЭО-ның негізгі шығындары отынға кетеді. Ал біз газды теңгемен сатып аламыз. Бес жыл бұрын біздің ТШО-мен газ жеткізуге жасасқан долларлық келісімшартымыз болған. Бірінші девальвациядан кейін біз жеткізушімен келіссөздер өткізіп, шартты ұлттық валютаға көшіруге қол жеткіздік.

Жабдықтардың қосалқы бөлшектерінің бір бөлігін Ресейден аламыз. Әрине, іс жүзінде өтінімде көрсеткенімізден қымбатқа шығады. Департамент қалай жауап беретінін көреміз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

1 қазан 2015, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.