Атырау, 29 қараша 02:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Құтырудан құтылу үшін...

4 290 просмотра

Соңғы жылдары Құрманғазы, Жылыой, Исатай, Индер және Қызылқоға аудандарында құтырудың табиғи ошақтарының көбеюі байқалып отыр.

Бұл мәселе облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде 28 қыркүйек - халықаралық Құтырумен күрес күніне орай ұйымдастырылған семинарда талқыланды. Күн сайын әлемде осы қауіпті аурудан 50 мың адам өледі. Қазақстанда соңғы үш жылда соңы өліммен аяқталған 22 жағдай тіркелсе, Атырау облысында 1968-2010 жыл аралығында 17 оқиға орын алған.

Инфекцияның таралу көзі 11 жағдайда иттерден болса, бесеуі – дала аңдары (қасқырлар мен түлкілер), бір жағдайда ауру жұқтыру көзі анықталған жоқ.

Осы қайғылы тізім ішінен 12 адам медициналық көмек сұрап, дәрігерге қаралмаған, үшеуі өте кеш хабарласқан, екеуі антирабикалық егу кезінде арақ ішкеннен қайтыс болған. Соңғы рет мұндай жағдай Ганюшкино ауылында тіркелді: 26 жастағы ер адамды өз иті тістеп алған. Итке қабылған жігіт дәрігерлерге қаралмаған, бұл оның түбіне жетті.

Облысымызда жыл басынан бері дәрігерлерге жануарлар тістеп алды деп 980 адам хабарласқан. Көп жағдайларда ит қапқан, жартысынан көбі – үй иттері.

Табиғатта вирус айналымын түлкі, қасқыр және қарсақтар жүзеге асырады. Қазіргі уақытта бұл ауру негізінен қаңғыбас иттер мен мысықтардан жұғады және бұлар құтырумен ауырған аңдар, үй жануарлары және адамдар арасында ауру тарататын байланыстырушы буын болып табылады. Ауылшаруашылық жануарлары да құтырумен ауырады. Мәселен, Атырау облысында жыл басынан бері құтырумен ауырған алты факт зертханалық негізде расталды: екі жағдайда ірі қара, екі жағдайда уақ мал, бір ит және бір жабайы жануар ауруға шалдыққан.

- Егер адамды ауру жануар тістеп алса, оған ауру жұғады. Әсіресе, беттен, бастан, мойыннан және қолдан тістеу аса қауіпті. Сондай-ақ, құтырған жануардың сілекейі терідегі кесілген, ашық жерлерге немесе ауызға, көздің ішіне түссе де ауру жұқтыруға болады, - дейді тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Зульфия ҚАЙРЕДЕНОВА (суретте).Жануар тістеген бойда дәрігерге қаралу керек, ауру белгілері тез байқалмаса, қауіп жоқ деп ойлау дұрыс емес. Инкубациялық кезең бір жылға дейін созылуы мүмкін, тістелген жер бастан алыс болған сайын аурудың белгілері де кеш байқалады, өйткені инфекция ең алдымен ми жасушаларын бүлдіреді. Алдымен дене температурасы күрт көтеріліп, бас ауырады, содан кейін осы ауруға тән белгілер пайда болады: суды, жарықты жақтырмау, қалшылдау, сілекейдің шамадан тыс бөлінуі. Адам ауыр азаппен өледі.

Мамандардың айтуынша, жыл сайын Атырау облысында 20 мыңға жуық қаңғыбас иттер атылады, алайда олар азаяр емес, ұрпақ таратуда. Жабайы жануарларға келетін болсақ, басқа елдерде құтырудың алдын алу шаралары жүргізіледі: түлкілер мен қасқырлар жүретін жерлерге вакцина салынған тамақтар тастайды.

Біздің жеріміздің үлкендігінен мұндай әдістер тиімді емес. Сондықтан да құтырудан сақтану үшін үй жануарларына профилактикалық екпелер салу керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

29 қыркүйек 2015, 10:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.