Тұрғындар қалашығында жәйбірахат серуендеп жүрген осы екі жас адамды аңғармау мүмкін емес: адамдар оларға бұрылып қарайды, балалар күледі, көлік жүргізушілер дабыл қағады... Әлгілер жауап ретінде қолын бұлғап, әрі қарай өз беттерінше жүре береді. Арқаларындағы үлкен рюкзактарына жабыстырған «Добро» сөзі емес адамдарды қызықтыратын, жүздерінен ескен бақыт пен шексіз бостандықтың лебі еріксіз тартады. Қысқасы, жөн сұрамай, жандарынан өтіп кету мен үшін қылмыстай болды.
АНАМ РҰҚСАТ БЕРДІ
Менімен кездесер алдында жастар қыркүйек айы екендігіне қарамастан Жайыққа түсіп алып, ерекше сезімде отыр екен. Өзін Егор ШАХОВЦЕВ деп таныстарған жігіт Мәскеуден де, Светлана МИКУШИНА есімді қыз Павлодардан екен. Екеуі автостоппен саяхаттап, Ресей мен Беларусьтің тең жартысын шарлаған, содан кейін Светаның көші-қон құжатының мерзімі аяқталып, досы Егорь екеуі Қазақстанға келіпті.
Қалалар мен ауылдардың атауларын жіпке тізгендей айта келіп, қыз бен жігіт Питердегі саябақта қалай тұрғандарын әңгімелеп берді.
- ...Бізде тек тамақтан макарон ғана болды. Біз жақын жердегі кафеге барып, соны пісіріп берулерін өтіндік, - дейді олар. - Әбден қарнымыз ашты. Әрине, біздің өтінішімізді қабылдады және ақша табатындай жұмыс ұсынды. Біз келістік.
Егор жарнамалық буклеттер таратуға кетті, қыз даяшы болды.
- Барлық тапқан ақшамызды біз шоколадтар мен чипсиге жойдық. Бірнеше күн жұмыс жасадық, содан кейін табанымыз қыши бастады – яғни, жолға шығу керек. Киім-кешектерімізді рюкзакқа лақтырдық та, қаладан кетіп қалдық.
Қазіргі кезде бізде кең тарала бастаған дауншифтинг (еш нақты мақсатсыз, көп айлар бойы Әлем елдерін аралау, көп қаржыны қажет етпейді), негізінен, жылы елдерге саяхат жасау. Ал, бұл адамдар Кедендік одақ елдерін аралап, ләззат алып жүр. Анасы рұқсат берген болса, тіпті, керемет...
- Қазақстандық бейтаныс қызбен үйден бас ауған жаққа кетіп бара жатқаныңа ата-анаң қалай қарады? - деп сұрадым Егордан.
- Бірінші рет Мәскеуден Питерге бардым. Анам мені түсінген жоқ. «Ұлым, қалаған жеріңе жететін өркениетті тәсілдер де бар ғой»,- деді ол. Алайда мен автостоппен барғым келді. Кейіннен, жолға шыққаннан кейін, анам телефон соғып, ақ жол тілеп, батасын берді. Сол жолы бәрі жақсы өтті, анам күрсініп алып, тағы жіберді.
- Менің анам алдымен қарсы болды, - деп иығын қушитты Света. – Алайда мен байланысты үзбеймін, күнде қай жердемін, күнім қалай өтті, не жеп жатқанымды айтып, қоңырау шаламын. Ол, әрине, уайымдайды, алайда... Мен саяхатшымын!
ЖЫЛЫТТЫ, ЕМДЕДІ
- Питерден шығып қайда бардыңыздар?
- Нақты маршрутымыз болған жоқ. Біз трасса бойымен жүріп, табиғатты тамашалап, фотоға түсірдік. Кенет бір көлік тоқтады. Рульде отырған қыз Беларусь еліне кетіп бара жатыр екен. Іші пысып келе жатқан болса керек, бірге баруды ұсынды – біз келістік. Полоцкідегі оның үйіне келіп, демалып, таңертең Минскіге қарай жолымызды жалғастырдық. Әрине, жаяу. Қалаға жеті шақырымдай қалғанда бізді Газель айдайтын Коля ағай алып кетті. «Отырыңдар, жеткізіп тастайын, тек менің көлігімнің іші лас», - деді ол ұяла. Коля ағай бізге телефон нөмірін беріп, қонып кетуге шақырды.
- ...Сол кезде маған аздап салқын тиген еді, біз бірер күн бұрын көпірдің астына қонып едік, жел өткір болды, - деп есіне түсірді Егор, - ал ақкөңіл ер адам өзінің қала сыртындағы омартасы мен үйін керемет жарнамалағаны соншалық, ұсынысын қабылдауды жөн көрдік. Ол мені емдеді: хош иісті бал, шөп қосқан шәй, қонақжайлығы мен ерекше ауан жақсы әсер етіп, таңертең ұйқыдан сергек тұрдым.
- ...Бізді әбден тойғызған әйел есіңде ме?
- Әрине! Ол екі бөлмелі пәтерде жеті адам болып тұрады екен, - дейді Егор, - оның үстіне бізді сүйреп үйге әкелді. Ет шығарып, сорпа пісірді. «Біз вегетариандықпыз, ет жемейміз», - деп ұяла мойындадық.
«Әкем-ау! Сендерді немен тамақтандырсам екен?», - деп қолын жайды. Алдымызға көкөністер, жеміс-жидек, сүт өнімдерін қойды. Біз үстелден қарнымыз жарылардай болып тұрдық, ал ол ет жемей, қалай тоюға болады деп таңғалуын қоймады.
- Жолдарыңызда жаман адамдар кездеспеді ме?
- Сеніңіз, кездескен жоқ. Біз трасса бойымен жүріп отырамыз, көліктерді көп тоқтатпаймыз, адамдар өздері тоқтап, жолымыз бір болса, бірге барамыз, - дейді Егор. – Светаны немесе өзімді қорғауға тура келген оқиғалар болған жоқ. Бізбен танысқан көптеген адамдар өздерінің де бәрін тастап, осылай бас ауған жаққа кетіп қалғылары келетінін айтады, алайда...жұмыс, үй, отбасы.
АТЫРАУЛЫҚ МЕЙІРІМДІ ТАКСИШІ
- Шынын айтсақ, өміріміз үшін қатты қорыққан бір оқиға болды, - деп есіне түсірді Света.
Бұл оқиға орман ішінде болған екен. Жастар орман шетіне жайғасып, шатыр тігіп, от жақты. Света анасына бүгінгі өткен күннен бейне есеп беруге кірісті, оттықты жайғап жатыр. Кенет айнала тып-тыныш болып қалып, кепкен бұталардың сықырлаған даусы естілді. Жолаушылар өздерін белгісіз біреулердің бақылап отырғандарын сезінді.
- Алдымен біреуі, кейін екіншісі, үшіншісі... мен орман ішінен бізге қарай келе жатқан он қаңғыбас ит санадым, - деп есіне түсірді Света. – Біз не істерімізді білмей, қалшиып қалдық. Иттер бізден көздерін алмай, қасымыздан өтіп жатты, ең соңындағы ит бәрінен үлкен әрі биік көрінді, басшылары сияқты.
- Көсемі де, - деп әңгімеге Егор араласты. – Ол тоқтап, біресе Светаға, біресе маған қарады. Ырылдап, айбат шеккен жоқ, алайда бізді орнымызда қатырып тастағандай болды. Көздері қандай керемет еді, ешқашан осындай қорқыныш пен тәнті болуды бастан кешірмеген болармын... Содан кейін ол тобымен бірге кетіп қалды. Ал біз тағы да бірнеше минут тапжылмай тұрып қалыппыз.
- ...Жалпы, автостоппен саяхаттағандағы ең қауіпті нәрсе адамдар да, жануарлар да емес, көлік апаты, - дейді қыз. – Атырау туралы бізге бұл жақтың адамдары қатал, ешкімнен көмек күтпеу керек деп естігенбіз. Жалған екен. Бір ер адам бізді көріп тоқтап, біздің саяхатшы екенімізді білген соң, қаланың көрікті жерлерін көрсетейін деп ұсыныс жасады. Содан кейін біздің айтуымызбен жағажайға алып барды...
- Қонатын жерлеріңіз бар ма? Менің үйіме қонарсыздар, - деп пейілдеріне тәнті болғаннан телефон номерімді ұсындым. – Сіздермен бірге жүрер едім, әттең...
- Түсінеміз, жұмыс, үй. Ұсынысыңызға рахмет, алайда бізді басқа жерде күтіп отыр,- деді қыз бен жігіт. – Ертең таңертең Астраханға барамыз, бір мейірімді таксиші...
- Таксиші... Мейірімді? Атырауда ма?
- Иә, Не болды? Вокзалда бізге Астраханға дейін алып баруға ұсыныс жасады, біз ақшамыз аз туристер екенімізді айттық, ал ол тегін алып барамын деді... Міне, сол адам ертең бізді күтеді, бізсіз ешқайда кетпеймін деді.
- Мәссаған!
- Әзірге! Сәттілік тілеймін!
- Әзірге... Сіздерге де. Үйге қашан қайтасыздар?
- Қыркүйектің аяғында болар!- алыстан айқай салды,- Мүмкін.
- Рюкзактарыңыздағы «Добро» сөзі нені білдіреді? - деп айқайладым соңдарынан, сұрауға мүлде ұмытып кетіппін.
- Соны білдіреді! - деп айқайлады олар күліп. – Мейірімділік деген мейірімділік!
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор