Сансызбай Нығметуллин Шығыны аз, пайдасы көп бөденені өсіруді «Ынтымақ» ШҚ құрған Мейрам БІЛҒАЛИЕВ, Айбек МАҒАУОВ, Әнуарбек ДАЛБАЕВ Махамбет ауданында қолға алып, бизнестерін дамытуға көшті.
Алмалы ауылының Жайық бойындағы «Түбек» елді мекені шаруа жасаушылардың құт мекеніне айналды деуге болады. Фермерлер алдымен 25 дана ересек екі айлық бөдене мен жиырма шақты балапан сатып алды. Бөдене өсіретін тор үйшіктер жасады. Атыраулық өнертапқыш Жангерей КЕНЖЕҒАЛИЕВТІҢ көмегімен қазір ескі тоңазытқыштардан қолдан балапан басып шығаратын инкубатор жасап жатыр.
- Қалай болғанда да шаруаны өз күшімізбен шешуге тура келеді, - дейді «Ынтымақ» ШҚ директоры Әнуарбек Далбаев.
- Әзірге капитал үшін өзіміздің бар қаражатымызды салдық. Несиені мүмкін алда қажет болған жағдайда алармыз деп ойлаймын.
Фермер жігіттер жұмыртқа көп беретін жапондық бөденелерді таңдаған. 1000-ға жуық жұмыртқаға есептелген автоматтандырылған инкубаторда 16 күнде балапандар басып шығарылады. Бүгінде бөдене санын олар 300-ге жеткізіп отыр. Күніне жүздеген жұмыртқа сатылымға түседі.
- 1,5 жыл ғана тіршілік ететін бұл құс тұмауға шалдықпайды, еті холестеринсіз, - дейді Ә.Далбаев. - Құрамында фосфор, калий, т.б. витаминдері көп бөдене жұмыртқасы тауық жұмыртқасына қарағанда бірнеше есе пайдалы. Қазір көп адамдар денсаулығына жете мән бере бастады. Сол себептен бөдене жұмыртқасына сұраныс күннен-күнге артуда. Біз жұмыртқаның бір данасын 30 теңгеден сатып отырмыз.
Әнуарбек Далбаев ШҚ құспен бірге егін егіп, мал бордақылауды алдына мақсат етіп қойған. Өз қаржыларына сатып алған
- Аса көп пайда болмағанмен, дақылдар қажетке жарауда. Оны дүкен сөрелеріне салғанбыз. Жасыратыны жоқ, кем-кетік тұстарымыз болды. Енді озық технологияға көшу керек. Біз келесі жылы израильдік тамшылатып суару әдісіне көшпекпіз. Онда егін бітік болады, арам шөппен күреспейсің, - дейді қожалықтың егін шаруашылығын қолына алған Сансызбай НЫҒМЕТУЛЛИН.
Қазір 500 сотық жерге голландиялық тәсілмен салынатын жылыжай құрылысы жүріп жатыр. Қияр егу үшін көшеттері де дайын тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА