Тамыз айында Жайық суының кездейсоқ жасыл тартуы облысымыздағы қалыпты сумен қамту саласына қауіп төніп тұрғанын көрсетті. Өзеннің тайыздануы, мәселені шешуде ресейлік тарапқа басыбайлығымыз ауыз судың балама көздерін іздеуге мәжбүрлейді. Жалғыз шешім – жерасты су қорларын пайдалану. Алайда, Атырау облысындағы ауыз су кеніштерінің тек екеуі ғана ішуге жарайды, өйткені, аз минералданғандар қатарына жатады. Бұлар – Жылыой ауданындағы «Бали» және «Жаңасу» (стратегиялық қорлар). Алайда, анықтағанымыздай, «Жаңасу» ірі кен орнының суын басқа мақсаттарға пайдалану жоспарланып отыр, ол аз дегендей, судың 70-80%-ы Маңғыстау облысына кетуі мүмкін.
ЖАҢАСУ МЕН БАЛИДЫ ЕСКЕ ТҮСІРДІ
Кеңес кезінен бері жоғарыда аталған екі жерасты көзі бар Оңтүстік Ембі ауданы Атырау облысын сумен қамтудың «стратегиялық резерві» ретінде қаралы. Жаңасудың бекітілген көлемі - тәулігіне 119 мың текше метр. Салыстырып қарасақ, қаламызға су берудің тәуліктік көлемі – шамамен 60 мың текше метр. Тек осы кен орнының өзі Атырау сияқты екі қаланы сумен қамти алады.
Жергілікті гидрогеологтар жерасты су көздерін өндірістік мақсатта пайдалану Жайықтың тайызданып, батпаққа айнала бастаған уақытында кешірілмейтін ысырапшылдық деп есептейді. Жерасты кен орындарын пайдалану – бұл қауіпсіз, ең бастысы, халықты сумен қамтудың арзан тәсілі. Өнеркәсіптік қалдықтармен ластанған ашық су айдындарының суын жинау қашан да халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп тудырады. Суды тазалауға қомақты қаржы жойылады, соның өзінде су бізге таза күйінде келмейді. Ал жерасты көздері жабық, осынысымен қауіпсіз, оны тек тұзсыздандырса болды, ал Бали мен Жаңасуда тұздың мөлшері мардымсыз – 3-4 г/л.
Осыдан шығар, облыс басшылығы Бали мен Жаңасу суын ауыз су ретінде пайдаланғысы келетін ниеттерін білдірді. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ үстіміздегі жылдың 18 тамызында журналистермен өткізген кездесуінде айтты.
- Облыс аумағында аз минералданған екі жерасты су көзі бар. Оларға зерттеулер жүргізілді және оларды «ауыз су» санатына жатқызуға болады. Бүгінгі таңда Атырау облысы әкімінің ұсынысымен әзірлеумен айналысатын екі компания шақырылды, заңдылық құжаттары анықталды, техника-экономикалық негіздемесі жасалды және «Маңғышлақ - Астрахан» су құбырының меншік иесі болып табылатын «ҚазТрансОйл» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Жұмыс тобы құрылды. Бұл жоба 37 миллиард теңге шамасында тұрады.
ТШО СУ ІЗДЕП ЖҮР
Біз осы кен орны кімге тиесілі екенін анықтауды шештік. Ү.ж. шілде айында ТШО өткізген қоғамдық тыңдауда («Ғайып болған таулар, ақылды дельфиндер және мемлекетшіл апа туралы») мұнай өндіруші компания болашақта «ҚазТрансОйл» АҚ-на тиесілі Қиғаш-Маңғышлақ су таратқышының ауыз суын тұтынуды төмендету үшін балама сумен қамту көздерін іздеп жатқандары туралы айтқан болатын.
«Жаңасу» кен орны «Ембімұнай» ӨБ-тің Мақат, Құлсары, Қаратон-Теңіз және Прорва сияқты мұнай кенорындары тобын техникалық сумен қамтамасыз ету үшін барланды. Қорлар КСРО ҚМК-ның 18.12.85 күнгі №9889 хаттамасымен тәулігіне 119 мың текше метр көлемінде бекітілген.
«Бали» кен орны «Коммунизм таңы» кеңшарында сенімді жем-шөп базасын жасау үшін ауданы
Бүгінде ең ұзын Қиғаш-Маңғышлақ су таратқышы ауыз суды Қиғаш өзенінен (Еділдің сол жақ сағасы) Маңғышлаққа жеткізіп, жолда Атырау облысының көптеген елді мекендерін, соның ішінде Құлсары қаласы мен Мақат кентін сумен қамтамасыз етеді. Қиғаш су таратқышы Атырау мен Маңғыстау облыстарының барлық ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарын, атап айтсақ, Солтүстік Каспий жобасының «Болашақ» зауытын, ТШО зауытын және болашақ газ-химиялық кешенді сумен қамтиды. Алайда бұның олар үшін жалғыз су көзі екендігі үлкен мәселе болып тұр.
Қоғамдық тыңдауда «ТШО» өндірісті оңтайландыру, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау департаменті бас менеджерінің орынбасары Арман САДЫРБАЕВ айтқандай, бір су көзінен су тұтынудың артқандығына алаңдаған Теңізшевройл «ҚазТрансОйл» АҚ-мен бірге Атырау облысының Жылыой ауданындағы екі ірі жерасты кеніштерінің меншік иелерімен келіссөздер жүргізуде. ТШО-ға жер қыртысына айдайтын техникалық су да керек. Әріптесім Лаура СҮЛЕЙМЕНОВАНЫҢ осы бағыттағы суды қайдан аласыздар деген сұрағына ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ былай деп жауап берді:
- 10С жобасы кенішті игерудің соңғы кезеңдерінде ККЖ бойынша газды кері айдаудан кейін, болашақта суды кері айдауды қарастырады. Суды тұтынуға келер болсақ, біз келешекте Каспий теңізінің немесе басқа шағын су сақталған қабаттың суын қарастырамыз. Бұл мәселелер әлі де зерттеледі. Оны табиғат қорғау шарасының жоспарына кездейсоқ енгізіп қойған жоқпыз. Зерттеу жұмыстарын аяқтау 2016 жылдың аяғына белгіленген.
Тыңдау барысында кен орындарының атауы аталмаса да, әңгіме Бали мен Жаңасу туралы екенін жорамалдау қиын емес, өйткені, Жылыой ауданында тек осы екі ірі су көзі бар.
SANAI БІРІНШІ КЕЛДІ
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясында бізге бұл екі кен орнының суын пайдалану лицензиясын Sanai-Eurasia Petro Mashinery ЖШС компаниясы алғаны белгілі болды.
Жайық-Каспий бассейні су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау инспекциясы басшысының орынбасары Ғалидолла ӘЗИДУЛЛИННІҢ айтуынша, бұл компанияға 2014 жылы «Жаңасу» және «Бали» кенорындарынан суды ауыз су және коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арнайы пайдалану үшін үш жыл мерзімге рұқсат берілді. Жиынтық судың көлемі 2015-16 жж. – жылына 35 587 текше метр (Бали) және жылына 356 240 текше метр (Жаңасу).
Алайда жергілікті өкілетті органдар 2 000 текше метрге дейінгі көлемде суды пайдалануға рұқсат етеді, ал 2 000-нан жоғары пайдалану үшін ҚР инвестиция және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінен рұқсат алады.
Біз Геология және жерді пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай НҰРАБАЕВТЫҢ блогына бүгінде Бали мен Жаңасу бойынша қандай компаниямен және қандай қажеттіліктер үшін жерді пайдалану келісімшарты жасалды деген сұрақтар қойдық.
Бізге былайша жауап келді: «2014 жылғы 25 шілдеде ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Sanai-Eurasia Petro Mashinery ЖШС арасында Атырау облысындағы«Бали» және «Жаңасу» жерасты сулары кен орындары бойынша тікелей келіссөздер жүргізілді. Sanai-Eurasia Petro Mashinery ЖШС-пен жүргізілген тікелей келіссөздер хаттамасына, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңның 56-59 баптарына сәйкес, Жер қойнауы туралы заңда қарастырылған рәсімдерді сақтай отырып, Sanai-Eurasia Petro Mashinery ЖШС-ке Атырау облысындағы «Бали» және «Жаңасу» кен орындарынан жерасты суларын өндіруге сәйкесінше жер қойнауын пайдалану келісімшартын жасау құқығын беру шешімі қабылданды.
Тау-кендік бөлу берілген жоқ. Келісімшарт жасалмады.
Sanai-Eurasia Petro Mashinery ЖШС-пен жасалған жерасты суларын өндіру келісімшарты туралы айтсақ, «Бали» кен орны бойынша шаруашылық ауыз су үшін, «Жаңасу» кен орны бойынша өндірістік-техникалық су өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығы берілгенін хабарлаймыз».
Ғаламтордан Sanai-Eurasia Petro Mashinery ЖШС туралы ақпарат таба алмадым, мекенжайы да, телефон нөмірлері де жоқ. Осы компанияның қызметкерінің жеке ұялы телефонын тауып, сол арқылы байланысып, басшыларына сұраныс жібердім. Алайда кейіннен бұл қызметкер менімен кері хабарласып, басшылықтың редакциялық сұранысқа жауап бермейтінін, керекті ақпараттарды әкімдіктен алуға болатыны туралы айтты.
МЕГАЖОБАНЫ КІМ ИГЕРЕДІ?
Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін біз Жайық-Каспий бассейні су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау инспекциясы басшысы Бисен ҚУАНОВҚА хабарластық.
Геология комитетінің «Жаңасу» кенорыны қойнауын өндірістік-техникалық мақсаттарға пайдалануға құқық бергені туралы Қуанов білмеген екен:
- Біз әзірге осы жерде отырғанда «Жаңасу» кен орнын өндірістік-техникалық қажеттіліктерге пайдалануға жол бермейміз. Бұл біздің стратегиялық қорларымыз, егер жеке меншік компаниялар жерасты су көздерінен сумен қамтуды игере алмаса, мұны мемлекеттік бағдарламаға қосу керек.
Кенорындарының қорлары туралы келесілерді айтты:
- Қорларды тағы бір рет кері есептеу керек, егер суды техникалық нормативтерді сақтап пайдаланатын болса, бұл кенорындарын ұзақ пайдалануға болады. Жалпы, қорлар 25 жылға бекітіледі. Бұл мерзімдер аяқталды, оларды кері есептеу керек, ұңғымадан су кеткен жағдайлар да болды.
Қуановтың айтуынша, Sanai-Eurasia Petro Mashinery ЖШС инспекцияға Құлсары, Мақат және Атырауды сумен қамту бойынша қызметтер көрсету ниеттері жөнінде хабарласқан. Алайда, ең үлкен мәселе – су құбыры магистралының жоқтығы.
- Су таратқыш құрылысына үлкен ақша керек, құбырмен бірге электр тарату желісін де салу керек. Кен орындары өте алыс орналасқан, Жаңасу Құлсарыдан 145 шақырым жерде. Құлсарыны сумен қамту үшін бөлек Жаңасу-Құлсары су құбырын, егер Мақатқа жеткізу керек болса, Жаңасу-Мақат су құбырын салу қажет. Құлсарыға дейін жеткізсе де, жаман жұмыс болмас еді. Біз мынадай идея бердік: егер, мәселен, ТШО мен ҚазТрансОйлды қосатын болсақ, бірлесе отырып, су таратқыш салуға болар еді, олар да балама су көздеріне мүдделі ғой.
Президенттің 2050 – Стратегиясында жерасты суларын кең қолданып, халықтың денсаулығын жақсарту керек деген тапсырмасы бар. Әкімдік те Бали мен Жаңасудың суын ауыз су мақсатында пайдалануды қолдайды, ең алдымен, Жылыой ауданы, Мақат және Доссор елді мекендерінің халқына жеткізу керек, өйткені, олар Жайықтың суын ішіп отыр. Sanai-Eurasia Petro Mashinery ЖШС бұған қажетті қаржы көлемін есептеді, үлкен сома керек. ТШО мен ҚазТрансОйлды қосуды шешті, олармен келіссөздер жүргізіп жатыр, оларға да балама су көзі керек. Алайда егер олар суды өндірістік мақсаттарда пайдаланғысы келсе, біз қарсы боламыз.
Осылайша, ТШО да, ҚазТрансОйл да Бали мен Жаңасудың суын пайдалануға мүдделі. ТШО-ға келетін болсақ, Теңіз мұнай кен орнының ортасында орналасқан жерасты су кен орны бар. Бір кездері техникалық сумен қамту үшін тәулігіне 50 мың текше метр су шығаруға болатын осы кен орны барланды. Алайда Теңіз кен орнының суы жоғары минералданған болып шықты – 128-135 г/л. Ал мұнай дайындау үшін тұщы су керек.
Қуановтың айтуынша, әкімдік басында барлық шығындарды Sanai-Eurasia Petro Mashinery өзіне алады деп ойлады. Алайда, бұл өте қымбат жоба, жеке меншік компанияның бұған әлі келмейді.
- Сол кезде олар оңай жолын тауып, кен орнын Қиғаш-Маңғышлақ су таратқышына қосу туралы ұсыныс жасады. Әрине, біз оларды қолдамадық. Егер олар Қиғаш – Маңғышлақ су таратқышына қосса, судың жартысынан көбі өндірістік-техникалық қажеттіліктерге жұмсалады және судың 70-80%-ы Маңғыстау облысы аумағына бағытталады, бұған да жол беруге болмайды. Бізге ауыз су үшін жеке су таратқыш керек. Біз Sanai-Eurasia Petro Mashinery ұсынысына қарсымыз, егер балама көздерді таба алмасақ, су таратқыш құрылысын мемлекеттік бағдарламаға қосуға қол жеткізуге тырысамыз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА