Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Атырауға келген жұмыс сапары шеңберінде өткізілген кеңесте жанар-жағармай бағасының күрт өсуі мен құлдыраған теңге бағамы туралыжұртшылық үшін өзекті мәселелер көтерілмеді.
БАРЛЫҒЫ ҮШІН АЛҒЫСЫМ ЗОР
Дегенмен, соның алдында кейбір басылымдар президенттің баспасөз хатшысы Дәурен АБАЕВТЫҢ фуагра мен жолсызбен жүретін көліктер туралы елбасының сәтсіз айтылған сөзіне қатысты комментарийлерін жариялай отырып ("...көптеген қазақстандықтар үшін елбасының бейнелей айтқан сөзі доллардың қымбаттауы мен жанар-жағармай құны көтерілгеннен кейін көңіл-күйді ширатып алуға бір себеп болды»), осылай болуы мүмкін деп жорамалдаған еді.
92/93 маркалы бензин бағаларын мемлекеттік реттеуді жою мәселесі тек "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқармасының төрағасы Сауат МЫҢБАЕВТЫҢ осы ишара үшін президент пен үкіметке алғыс білдірген баяндамасының мәтінінде ғана бой көрсетті. Айта кетелік, "ҚМГ" басшысы өз сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы мен үкіметке жиі алғыс айтқаны сондай, бұл тіпті президентті жалықтырып жіберді. Мыңбаев "инфляциялық таргеттеуге" ("девальвация" деуге болмайды) көшкені үшін; алдағы уақытта мұнайшыларға экспорттық баж салығының төмендейтіндігі үшін; 92-маркалы бензиннің еркін бағада қалыптасатындығы үшін; "Самұрық" шеңберінде сатып алу процедурасын жеңілдеткені үшін (бас компания сатып алулар мәселесінде қатаң орталықтандыруды теріс пайдаланушылықпен күрес арқылы қол жеткізді); "ұлттық компанияның қаржылық тұрақтылығына жақсы ықпал еткен" қазіргі баға ахуалы үшін... президентке, үкіметке және ұлттық банкке алғыс білдірді.
Нұрсұлтан Әбішұлын 2,7 млрд доллар транш бойынша қолдағаны үшін алғыс айтқанда президент оның сөзін бөліп:
- Тыңда, сенің баяндамаң алғыстарға толы екен, жұмыстардың ахуалы туралы, қазір жағдай қалай екенін, қалай жұмыс жасап жатқандарыңызды, Қашағанға, ТШО-ны дамытудың екінші кезегіне қатысты не болатынын әңгімелесеңіз, - деді.
«ҚАШАҒАНДА КЕЛІСУШІЛІК ЖОҚ»
- ТШО бойынша ККЖ (келешек кеңею жобасы) құны 38 млрд долларға шықты. Алайда бюджетті қысқарту үшін мердігерлердің барлығымен қайтадан келіссөздер жүргізу ұйғарылды. Бүгінде келісім 34 миллиард доллар шамасын құрайды және жұмыс 2016 жылдың мамырынан басталуы тиіс. ККЖ бойынша қазіргі баға ахуалы кезінде де айқынсыздық көріп отырғанымыз жоқ, ТШО акционерлерінің пікірінше, жоба жүзеге асырылатын болады.
Назарбаев бүкіл жауапты тұлғаларға ТШО-мен бірге жобаны жүзеге асыруды жеделдетуге тапсырма берді.
Мыңбаев сөзін жалғастырды:
- Қашаған бойынша тұрбаларды дәнекерлеу толық жылдамдықпен жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс келесі жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарлап және келер жылдың аяғына қарай мұнайды коммерциялық өндіруге шығамыз деп жобалап отырмыз. Бұл жерде де жұмыстар өз кезегімен жүре береді.
- Акционерлер осында және шетелде кездескен кезде бұл жерде ұйымдастырушы звено жоқ екендігін айтты. Үкіметке немесе Қашағанның акционері ретінде «ҚазМұнайГазға» барлығын ұйымдастыру керек. Сондықтан нәтиже болу үшін іштей олармен жиналып, сөйлесу қажет, - деп осы пайымдауға комментарий берді Назарбаев. - Келісім де, барлығын ұйымдастыратын орган да жоқ.
Мыңбаев жұмыс орындарының сақталуы туралы тапсырма бойынша есеп берді:
- Бізде жаңа жұмысшыларды қабылдауға байланысты қолданыстағы мораторий бар, бірақ жұмыс жасап жатқандарға қатысты, оңайға соқпаса да, сіздің тапсырмаңызды қатаң ұстанамыз.
«ТАЛАП ЕТЕТІН БОЛАМЫЗ»
Президент кеңес барысында белсенді түрде сұрақтар қойып, айтарлықтай ескертулер жасап, өз ойымен бөлісті.
Ол Қазақстандағы бүкіл өнеркәсіп өнімдерінің жартысы еліміздің батыс өңірінің төрт облысында өндірілетінін атап өтті. Ол осы облыстардың әкімдерін Атырауға кеңеске жинаған болатын.
- Біз тау-кен өндіретін ел болғандықтан осы кәсіпорындарға қызмет көрсету үшін индустрия ірі мұнай өндіруші, металл өндіруші нысандардың жанында дамуға тиіс. Менің өтінішім бойынша осы жерде жұмыс жасап жатқан "Шеврон" корпорациясын мысал ете аламын. Оның жұмысына арматура мен тұрбалар шығаратын зауыттар қызмет көрсетеді, тиісінше, өңірдің әлеуметтік дамуына қаржы салынады. Мен осы компаниялардың (Қашаған, Қарашығанақ, ТШО) басшыларымен жеке кездесу кезінде жұмыстың әрі қарай осыған байланысты болатынын айттым: жаңа кеніштерді ұсыну кезінде келісімшартқа индустрияны өздері үшін дамытатындығы туралы инвесторлардың міндеттемелері енгізілетін болады. Ал егер ел үшін болса -бұл да жаман емес. Сондықтан бізге Қазақстанның жер қойнауының жұмыс жасағаны керек, осы туралы біздің серіктес достарымыздан сұрайтын боламыз және осы бағытта талап етеміз.
"БАРЛАУ ЖАҒЫ НАШАР"
- Бұл дағдарыстың қорқынышты ештеңесі жоқ. Біз капиталистік әлемде өмір сүрудеміз. Бұл жүйеде тұрақты өсімнің болуы мүмкін емес, өсімнен кейін құлдырау орын алады. Дағдарыс әсерінің тереңдігі үлкен: бір жағынан экспорт өнімінің бағасы төмендеп жатыр, екінші жағынан - біздің негізгі сауда серіктесіміз - Ресейге қатысты санкциялар өз әсерін тигізуде.
Экономикалық күйзелістің алдын алу шарасы ретінде президент жаңа мұнай кеніштерін барлауды жандандыруды ұсынды:
- Мұнай өндіру, газ өндіру дамып, содан кейін құлдырау үрдісіне ие. Тіпті біздің ірі деген Теңіз, Қарашығанақ та 10-15 жылдан соң үдемелі шегіне жетеді, егер біз осы уақыт ішінде өз барлауымыз есебінен жаңа көлемдер қоспайтын болсақ, онда ауыр салдарға ұшыраймыз. Сондықтан мұнай мен газды барлауға әлемнің үздік компанияларын тарту қажет. Каспий маңы ойпатында 6-7 мың метр тереңдікте ауқымды барланбаған кендер және (ойпаттың) шеттерінде де мұнай мен газдың үлкен қоры бар екенін білеміз. Алайда соңғы кездері барлау жағы өте артта қалып отыр. ҚМГ, министрлік пен үкіметке осыған назар аударып, әлемдік компанияларды тартулары керек.
Ол мұнай-химия саласын дамытуды маңызды мәселе деп атады.
– Алып, оны сату - ең жеңіл нұсқа, ал үлкен қосымша құнды қалай жасауға болады? Сондықтан мұнай-химия саласын қолға алдық. АМӨЗ-ді қайта жарақтау жүріп жатыр, үлкен қазақстандық мұнай-химия саласының негізі салынуда. Бұл (мұнай-химиялық) кәсіпорындар 4-6 млрд доллардан тұрады, сарапшылардың көпшілігі мұның (мұнай бағасының төмен болуы) ұзақ уақытқа жалғасатындығын айтады. Мұндай жағдайда ұзақ жұмыс жасауға бейімделу керек. Бізде мұнай өңдеу тереңдігі 68 пайыз, Ресейде 72, Еуроодақта 85, АҚШ-та 95 пайыз. Терең өңдеудің мақсаты - қосымша құн алу. "Ұлттық индустриалды мұнай-химия технобағы" еркін экономикалық аймағын салуға үкімет пен Атырау облысының басшылығы игерулері қажет қомақты қаржылар бөлінуде.
Нұрсұлтан Назарбаев елді индустрияландыру және "Нұрлы жол" жобасын жүзеге асыру мәселесін қозғады.
- "Нұрлы жол" бағдарламасының шеңберінде батыс өңірінде 345 млрд теңге сомадағы жобалар жүзеге асырылатын болады. Алғаш рет елімізде кемелер мен паромдар жасайтын комбинат салынуда. Ресейге шығатынАтырау - Астрахань, Орал - Каменка, Ақтөбе - Атырау көлік жолдары салынуда. Осы жобалардың барлығы біздің экономикамызға күш беруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған, - деді президент.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ КОСТЮМІ ҚАЙДА ТІГІЛГЕН?
Ол жеңіл өнеркәсіп тақырыбын да қозғады:
- Біздегі ең артта қалған сала - жеңіл өнеркәсіп, бірақ ол дами бастады. Міне, сіздерге құрметпен қараушы мен де Қазақстанда тігілген костюмді киіп отырмын.Сіздерге көрсете аламын, - деді пиджагының затбелгісін көрсетуді ұсынған Назарбаев. Рас, президент оны өндірушіні атамады. – Туфлиім де Қазақстанда жасалған, көрдіңіздер ме, біздің жеңіл өнеркәсібіміз үшін толық жарнама. Әне, Әсет (Исекешов) те отыр. Қазақстандық костюмнің қай жері кем? Біз патриотпыз, бізде мұндай бар екендігіне қуануға тиіспіз. Сондықтан «Made in Kazakhstan» өнімін сатып алыңыздар.
Сөз соңында президент алдағы уақытта бастан өткеретін қиындықтар алдында бірігіп нығаюға шақырды.
- Мен айтып өткендей, біз басымыз бірікпегенде ғана әлсіз болдық. Егер біртұтас болсақ, бізде бәрі жақсы болады. Осы қиындықтан бірлесе отырып дамудың жаңа жолына шығу керек, - деп үміт берді ол. – Алла қаласа, бұл дағдарыстан да өтеміз, бастысы – тыныштықта, бейбітшілікте, бірлесе өткізіп, оны жеңуіміз керек, солай болады да.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор