Атырау, 29 қараша 01:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Ұмытылмас Индер нақыштары

5 439 просмотра

Image 0Шаймардан Сариев атындағы қолданбалы өнер және көркем мұражайында 9 қыркүйекте ашылған пленер қорытындысы бойынша қойылған «Индер нақыштары» көрмесін осы жылдағы ең озық мәдени оқиғалардың бірі деп батыл айтуға болады.

«ТАҢҒЫ АЛТЫДАН КЕШКЕ ДЕЙІН ЖҰМЫС ЖАСАДЫҚ»

Пленер (француз тілінде en plein air - «ашық аспан астында» деген мағына береді) - айнала қоршағанатмосфераменкүнсәулесі әсеріне байланысты картинадағы барлық бояу түсінің өзгеруін білдіретін кескіндеме үғымы. Пленерлік кескіндеме суретшілердің натураны дәлме-дәл бейнелеу үшін картинаны шеберханада емес, ашық далада салуынан қалыптасты. Көрмеге қойылған жұмыстардың барлығы – жергілікті суретшілердің табиғат аясында, дәлірек айтқанда, Индер ауданына бару сапарында жасаған жұмыстарының жемісі.

«Индер нақыштары» деп аталатын пленер музейдің бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында ұйымдастырылды. Оған 18 атыраулық суретші қатысып, 100-ге жуық суреттер салынды. Негізгі тақырыптар – индерлік кен орындары, аудан орталығы мен ауылдардың көркем көшелері, Жайық, Тұздыкөл, Махамбеттің жерленген жері... Ұсынылған суреттер шеберлердің осы өлке табиғатына деген тәнтілігін көрсетіп, әрқайсысы өздері үшін Индерді қайта ашқандай әсер қалдырды.

Қамбарбек Аманов, Телеубай Бақтыгерей, Әділхайыр Жантасов, Есім Арыстан, Манарбек Даулетяров, Кендір Отарбай, Ілия Жаханов сияқты суретшілер көргендерін тым әсірелемей, шынайы бейнелеген: олардың жұмыстарында Индер ауданының сұлу табиғатымен қатар сол жердегі тозығы жеткен ғимараттар мен шет аймақтардағы сүреңсіз тіршілік көрініс тапқан.

- Бір экспозициядан тек түрлі техникалар ғана емес, түрлі стильдердің араласқанын сирек көреміз. Бір жерді әр суретші өз көзқарасы тұрғысынан көрген, - дейді Суриков көркем сурет институтының түлегі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қамбарбек Аманов.

- Индер - өңіріміздегі ең әдемі жерлердің бірі және ол көптеген адамдар үшін әлі жұмбақ, - дейді Есім Арыстан. – Барлығы бар ынталарын салып, көп жұмыс жасады. Таңғы алтыдан түске дейін, содан соң сәл демалып, күннің батуын салуға көшті.

Есім ұсынған суреттер бұрынғы жұмыстарынан ерекше. Олардан шабыт, бояулардың балғындығы мен жан тыныштығы сезіледі. Әлде Индер терең ойға шомдыратын, байсалды көңіл-күй тудыратын өлке ме? Міне, келесі суретші, елімізге ең алдымен ағаш шебері ретінде танымал Нұрсұлтан Қалиевтің жұмыстары. Ашық, күн сәулелі бояулар, қоршаған ортаны алаңсыз баланың көзімен көру («Бөдене ауылы» суреті) – Нұрсұлтанның бұл көңіл-күйі көрермендерге қатты әсер етіп, Индер басқаша құбылды.

«ПЛЕНЕРЛЕР ШЕБЕРЛІКТІ ШЫҢДАЙДЫ»

Image 1

Әділхайыр Жантасовтың суреттері бір қабырғаны толық алып тұр. 4 суреттен тұратын панорамалық еңбек те бар. «99-карьер» суретінде табиғат көрінісі шынайы суреттелген: үш төбенің ортасында орналасқан малшының қыстағы ұсақ-түйектеріне дейін шебер берілген. «Кірпілер аралы» еңбегі де осы жерде.

Манарбек Дәулетияров жұмыстарының басқалардан ерекшелігі авангардтық нақышта орындалғаны. «Пленер міндетті түрде академизм мен қоршаған ортаны фотосуреттей көрсету емес, бұл ең алдымен күн сәулелері ойынын, табиғаттың жай-күйін жеткізу», - деп есептейді Манарбек.

Көрмеде балаларды бейнелеген бірнеше сурет бар. Міне, бір топ бала өзен жағасында отыр («Кірпілер аралы»), балалар аулада ойнап жүр (Тілек Халин «Менің аулам»). Сондай-ақ, Индер тұрғындарының портреттері: «Ақсай» қонақ үйінің тазалаушысы Тоня (Елеуғали Дәукенов), малшы Расул (Ә. Жантасов).

Махамбеттің кесенесін барлық авторлар да айбарлы етіп суреттепті. Ұлы ақын және батыр кесенесінің дулығадай маңғаз күмбезі, мола жанында жалғыз бой түзеген қара тал сусыз сары далада жапырағын жайып, жайқалып өсіп тұр. Бұл – мызғымастық пен жығылмас жігердің символы іспеттес.

- Кез келген суретші үшін жаңа жерлерде болу қызықты әрі пайдалы. Индер - елге танымал көптеген тұлғалардың туған жері, сондықтан да бұл жерлерден тарихи леп сезіледі. Мұның барлығы жанымызға әсер етіп, көңіл толқытады, - деп шығармашылық сапарда алған әсерлерімен бөлісті Нұрлан Бермағамбет. Оның айтуынша, Қазақстанның өзге облыстарынан айырмашылығы, Атырауда пленерлер жақсы дәстүрге айналды, табиғат аясына осындай сапарлар ұйымдастыру жергілікті суретшілердің шеберлігін шыңдауға көмектеседі.

Профессор, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Кендір Отарбай өз стилінен бір жаңылған емес. Ол суреттерін мастихинмен салады. Шебердің сенімді қолдарынан шыққан «Бес терек» және «Махамбеттің кесенесі» шығармалары көрермендердің ықыласына ие болды.

«БҰЛ БОЛАШАҚ ҰРПАҚ ҮШІН ДЕ КЕРЕК»

Image 2

Қазақстан мен Қырғызстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жаханов өз сөзінде бұл пленердің үшінші рет өткізіліп отырғанын атап өтті. Алдыңғы екі пленер Атырау мен Құлсарыда өткен.

- Жылдар өтеді, ал бұл суреттер болашақ ұрпақ үшін тарихи жәдігер болып қалады. Олар Индердің қандай болғанын, Жайықтың қалай аққанын көре алады... Бұл біздің қазіргі өміріміздің тірі образдары ғой, - деді ол. – Жақсы дәстүр қалыптасты, осындай пленерлер өз жалғасын табады деп сенеміз, болашақта да біз қылқалам шеберлеріміздің суреттерінен облысымыздың әр ауданының табиғаты мен адамдарын көреміз деп үміттенгіміз келеді. Суреттерді ең алдымен жергілікті халық көруі керек деп есептеймін, яғни, алғашқы көрмені пленер өткен ауданда жасаған дұрыс.

Іле ағаның өзі суреттерінде «табиғатқа еліктегендей» жасылдың барлық реңдерін пайдаланып, түстердің үйлесімдігін бұзғысы келмейді. Оның ағылшын қылқалам шеберлерінің (Д. Констебл) классикалық көркем сурет стиліне жақындығы сезіледі. Оның шығармаларында өмірге деген үлкен сүйіспеншілік, шексіз лирика орын алған. 79 жастағы Іле ағаның бойы әлі де шығармашылық күшке толы екендігі қуантады. Жастар үлгі алатын тұлғаларымыз осы!

...Әр жердің өзіндік энергетикасы бар. Мен Индер ауданын аралаған кезімде бұл жерде уақыт жәй, бір қалыпты өтетіндей сезілді. Карьерлердің арасына тығылған мөлдір сулы Тұздыкөл, бұлақтар, шоқылар, Махамбетке алып баратын жол жиегіндегі үлкен жол бағыттайтын тастар... Сол жердің аспаны да өзгеше. Мұның барлығы есімде жақсы сақталыпты. Осы көрме мені сол жолда алған әсерлеріммен кері жолықтырғандай.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

17 қыркүйек 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.