Аңшылар әңгімешіл, әсершіл келеді ғой. Менің кейіпкерім керісінше болып шықты. Бірақ әңгіме тіні бәрібір жарасып кетті. Мақтануды сүймейтін ол сол қарапайым, салмақты қалпы.
Жанбай ауылы Нарын құмында аунап өскен оның аңшылыққа деген құмарлығы 15 жасынан басталыпты. Совхоздың малына қырғидай тиген түз тағысын жою үшін сол кездері бригадалар жіберетін. Айтақтап, айқайлағаннан басқа қолдарынан дым келмейтіндер бала Ғаниға біртүрлі көрінетін. Қасқыр деген иісшіл, айлакер келеді, сезгіштік қасиетімен топ адамды талай алдап кетіп жүрді.
- Аңшылық үлкен өнер екенін байырғы аңшы Қанатбай Шалекеевтен, өзімді жастайымнан баулыған Шахаев Жантұрғаннан көрдім. Аңсарым ауды. Бозбала кездегі қызығушылық кейін кәсіпқойлыққа айналды. Менің негізгі мамандығым механизатор-тракторист. Науқан кезінде совхоз жұмыстан босатып, далаға аңшылыққа жіберетін, ал, айлығым жүріп жатады. Астымда көлік, қасыма бірер кісі алып жүремін. Ай ішінде ірілі, ұсақты 160-170-ке жуық түз тағысын аулайтынмын. Бұл еңбегім бағаланып жүрді, - деп еске алады Ғани ХАМИДУЛЛИН (суретте).
Әлі күнге сәуір туысымен «УАЗ» көлігін от алдырып, қасына ұлы Ахмедиярды ертіп, аңшылыққа шығады. Қолында 12 және 16 калибрлі мылтық, 15-ке жуық қақпаны бар. Бүгінде бір оқ 147 теңге тұрады. Бұл аңшы үшін қымбат. Оқты үнемдеу үшін қырағылық керек. Қасқыр да айлакер, адамға ық жақта жүреді. Содан адамның иісін алады да зытып отырады. Бірақ адамнан қулық асқан ба?! Кейде Ғани аңшы 20, 30 шақырым жаяу күйде түз тағысының ізіне түседі. Қанша қу болса да, қасқыр ізін жасыра алмайды. Іздің беті тобарсып тұрса, кеше жүріп өткені, егер топырағы жұмсақ келсе, осы маңайда болғаны. Қасқыр көбіне қамыс пен жыңғыл арасына жасырынады. Кейде қамысқа өрт қоюға тура келеді. Қанша дегенмен, жаны сірі түз тағысы жасырынған жерінен шығады.
- Біз машинаны тастаймыз. Біріміз із соңына, енді екіншіміз мылтықпен атып алу үшін алысырақ жүріп отырамыз. Өте сақ болғандықтан жақындағанда аяқ киімді тастап, шұлықпен жүруге тура келеді. Егер тал немесе қамыс сытыр етсе, қасқырмен қош айтыса бересің. Оны жаяу-жалпы қуып жету қиын. Біз кейде бір қасқырды апта немесе оншақты күнсіз ала алмаймыз, - дейді аңшы.
Қақпан да құрады. Оны топырақ астына көміп, бетін малдың күбірімен жасырады. Оны аңшылар видеодан көрсетіп, бізді таң қалдырды. Әйтпесе, сезгіштік қасиеті жоғары қасқыр қақпанды байқап қалуы мүмкін. Көктемде бөлтірік аулау басталады. Қарт аңшының айтуынша, апандағы бөлтірікті бірден қырып тастау қауіпті. Онда айналасындағы ауылдар мен қыстақтардың малына шабуыл жасайды. Сондықтан әккі аңшы бірінші арланы мен қаншығын қолға түсіріп алады. Одан кейін бөлтіріктің көзі жойылады. Малға қауіпті болғандықтан шаруалардан жиі сұраныс түседі екен. Бірақ Ғани қарт қасқыр аулауды кәсіп еткен емес, ол аңшылықты өнерге жатқызады.
- Сізді түз тағысының алдаған кездері болды ма? Керісінше, алданған тұстары да.
- Менің осы аңшылықта жүргеніме алпыс жылға жуықтады ғой. Соншама жылдар ішінде күлкілі де, қап, әттеген-ай деген кездеріміз болды. Оны жасырып қайтем. Бірде тарс еткен менің мылтығымның дыбысынан кейін қасқыр жалп еткен. Сақтық үшін мылтық атқаннан кейін оқтарын аламын. Бір кезде қарасам, жаңағы қасқыр зытып бергені. Есінен танып қалған ғой. Мен мылтықты оқтағанша, қашықтап кетті. Алдандым. Олардың да алданған кезі көп. Біз көбіне қулықпен көзін құртамыз.
- Бөлтірікті асырауға бола ма?
- Әй, қайдам. Бәрібір ол иттей болмайды. Сенің көзіңше тамақ ішпейді, көзін басқа жаққа бұрып тұрады. Қасқырды кейде кездейсоқ машинамен басып аламыз. Сонда жанының сірілігі ғой - дыбыс шығармайды. Сондықтан жыртқыш аң адамға жақын болған емес.
- Қазіргі аңшыларға көңіліңіз тола ма? Ізбасарыңыз бар ма?
- Аңшы көп, алайда бәрі әккі, тәжірибелі емес. Кейбірі кәсіп қылады. Мен оны қаламаймын. Мен үйде отыра алмаймын. Сондықтан жиі шығып тұрамын. Аңсарым далаға ауады да тұрады. Осыншама жасқа келсем де, жаяу жүремін. Көлікпен түз тағысын аулау мүмкін емес. Кездейсоқтық болмаса. Ұлымды баулып жүрмін. Меніңше, аңшылық атамыздың қанында бар нәрсе ғой.
Ғани қарт кейде аңға аудандық аңшылар қоғамының бастығымен бірге шығады.
- Біздің қоғамда 30 әуесқой аңшы бар. Былтыр 40 қасқыр, 27 бөлтірік ауланды. Қасқырдың құны 20 мың, бөлтірік пен шибөрі 10 мың теңгеден. Аңшылар өз көліктерімен шығады, жанармай өздерінен, көбіне оқ сұрайды. Ал бізде ол жағы қарастырылмаған. Бізден шаруалар жәрдем сұрайды. Құлын, басқа да малдың түз тағысына жем болуы жиі кездеседі, - дейді аңшылар қоғамының бастығы Дауылбай ҚАНАТБАЕВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА