Атырау, 29 қараша 01:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Дегенмен, дренаж керек екен

3 538 просмотра

Image 0«Батпақтан қалай арыламыз?» мақаласы жарық көргеннен кейін «АЖ» редакциясы қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВТЫҢ атына сұраныс жіберді. Біз жер асты суларының жоғары деңгейлігі жағдайында қала құрылысы мен көгалдандыру мәселелерін қалай шешуді жоспарлап отырғандарын білгіміз келді. Жауап бізге тамыз айының аяғында қала әкімінің орынбасары Ә. ЗАЙДУЛЛИННІҢ атымен келді.

Қысқаша естеріңізге салсақ, «Батпақтан қалай арыламыз» мақаласын жазуға қала мен қала маңындағы елді мекендерді суға кетірген мамыр айындағы нөсер себепші болды. Сол кезде бір түнде 14 млн текше метрге жуық су түскен. Жер асты суларының жоғары деңгейлігі мен жаңбыр суын ағызатын еңістің жоқтығы көптеген үйлер мен аулаларды суға толтырды, кейбірі қирады. Коммуналдық қызметтер сол кезде қолда бар барлық вакуум машиналар мен басқа да техникаларды жұмылдырғанына қарамастан, судың тек аз бөлігін – 300 мың текше метрін шығара алды. Онсыз да деңгейі жоғары жер асты сулары нөсерден кейін күрт көтерілді. Мамырда жауған жаңбыр көшелер мен басқа да ашық алаңдарды асфальттау проблеманы шеше алмайтынын, тіпті күрделендіріп жіберетінін көрсетті.

Аяқ алып жүре алмайтын балшық пен суға толған жертөлелер мәселесін шешуге тек бұрынғы облыс әкімі Серікбек ДӘУКЕЕВ қана әрекет жасады. Алайда оның қалаға дренаж жүйесін салу идеясы түрлі себептермен жүзеге аспай қалды. Жоғарыда аталған мақалада гидрология ардагері Едіге САБУРОВ топырақтың батпақтану себептері мен Атыраудың осы мәңгілік мәселесін шешуге қатысты өз пікірлерін айтқан еді.

Дегенмен, әрине, қалалықтар үшін қала басшылығының осы мәселедегі ұстанымдарын білу қызықты. Атап айтсақ, біздің сұранысымызға берген жауабында әкім орынбасары жерасты сулары деңгейінің көтерілу себептеріне ресми көзқарасын білдірген:

«Қала аумағындағы қарқынды құрылыс жүріп жатқан аумақтарда көп қырлы және көп жылдық шаруашылық қызметтер нәтижесінде жер асты сулары режимі қатты бұзылды және бұл жер асты суларының техногендік кеңістігінің қалыптасуына әкеліп соқтырды. Режимнің Жер асты суларының деңгейі, жалпы минерализациясы, химиялық құрамы және температурасы сияқты режимнің барлық сипаттамалары бұзылған. Қала аумағында су деңгейінің көтерілу үдерісі бүгінде күш алып келе жатыр. Бүгінде қаланың барлық аумағында режимнің бұзылуы қалыптасып отыр.

Соңғы жылдары жерасты сулары 2 метрге дейін аралық тереңдікте жатқан учаскелердің ауқымы артты. Мәселен, 1990 жылға дейінгі кезеңде қала аумағының батыс, солтүстік және солтүстік шығыс бөліктерінде «негізінен құрылыс салынбаған жерлерде) жер асты сулары 5 метрден аса тереңдікте жатқан жекеленген шағын аудандар ғана болса, қазіргі уақытта қала аумағында осындай тереңдікте жатқан жерасты сулары бар учаскелер жоқ деуге болады. Соңғы жылдары деңгейдің ең көп көтерілген жерлері қарқынды құрылыс жүріп жатқан учаскелерде байқалды, бұл су деңгейінің көтерілу үдерісінің жалғасып дамуымен тікелей байланысты.

Жерасты суларының оңтүстікке, Каспий теңізіне қарай қозғалу бағыты қала аумағында бұзылуда. Техногендік кеңістіктің құрылыс салынған аумағында қалыптасқан, жер бетіне жақын орналасқан жерасты сулары жан-жаққа тарап, қала маңындағы аумақтарды ылғалдандырып жатыр. Егер бұрын қала аумағында техногендік генезистің жерасты суларының күмбездене көтерілуі жекеленген, шектелген аудандарда ғана байқалатын болса, қазіргі уақытта қаланың өнеркәсіптік инфрақұрылымының дамуына және сол себепті су желілік-кәріздік, жылу және өндірістік құбырлардан су кету фактілерінің көбеюіне байланысты жекеленген күмбезді көтерілулер жайылып, аномалдық режимді бірыңғай техногендік сулы кеңістікке айналды. Қала аумағында қалыптасқан техногендік сулы кеңістіктіктің негізгі қоректену көздері мыналар: шаруашылық-ауыз су, кәріздік және жылу құбырларынан су кету, атмосфералық жауын-шашындар. Инфильтрацияның көбеюі көптеген траншеялар арқылы жүзеге асады, ал өзенге жақын учаскелерде көктемгі өр суы кезінде Жайық өзенінің жерүсті суларымен де толығады.

Техногендік деңгей ауытқуының жылдық амплитудасы 0,5-1,5 метрден 2,0 метрге дейін өзгеріп отырады. Деңгейдің ең жоғарғы жағдайы көктемгі және қысқы кезеңдерде қалыптасып, ең төменгі жағдайы көктем алдындағы кезеңге (ақпан-наурыз) келеді. Техногендік кеңістіктің деңгейлік режиміне өзен жағасына салынған бөгет құрылғылары қосымша әсер етеді. Олар бір жағынан өр суы кезінде Жайық өзенінің жерүсті суларының кеңістікке құйылуына бөгет болып, деңгейдің көтерілмеуіне кедергі болса, екінші жағынан өзен суы деңгейінің төмен болатын кезінде осы кеңістіктің тартылу жағдайларын нашарлатады.

Қазіргі уақытта Атырау қаласы аумағындағы жерасты суларын қоректендіретін табиғи факторлар үлкен маңызға ие емес.

Жерасты суларының температуралық режимі ғимараттар салу, көшелер мен алаңдарды асфальттау, жер асты коммуникациялары мен олар кететін сулар әсерінен бұзылған аэрация аймағының жылу режимдеріне байланысты. Орташа жылдық температура Цельсий бойынша 9-15 градус шеңберінде ауытқыды. Кейде ақпанда жерасты суларының қатуы байқалды. Температураның ауытқу амплитудасы Цельсий бойынша 1-2 градустан 22 градус шеңберінде ауысып отырады».

Қалалық әкімдіктің пікірінше, жоғары деңгейде минерализациялану биыл отырғызылған жасыл желектерді өлтірген.

«Жер асты суларының техногендік кеңістігінің қалыптасуы олардың минерализациялануы мен химиялық құрамының көп өзгеруіне әкеліп соқтырды.

Соңғы жылдары қала аумағында кең таралған техногендік кеңістіктің жерасты сулары әр түрлі химиялық құрамымен және негізінен, 1,0-ден 30-50 г/текше дм болатын минерализациясымен ерекшеленеді, яғни, техногендік факторлар әсерінен қала шегінде жерасты суларында тұщылану процесі жүрді. Соңғы жылдары суды тұтыну мөлшерінің артуына, сәйкесінше шығындардың көбеюіне байланысты жер асты суларының минерализациялануы көп азайды. Қазіргі уақытта қала аумағында 20-30 г/текше дм-ға дейін минерализацияланған жерасты сулары кең тараған.

Атырау қаласының барлық аумағында техногендік жерасты суларының қалыптасуы және хлор-натрий химиялық құрамымен минерализациялануы салдарынан жасыл желектердің тамыр жүйесіне қатты әсер ететін агрессивтік орта қалыптасуда.

Сәйкесінше, тұздануға және кәсіпорындар мен автокөліктердің зиянды шығарындыларына төтеп беретін өсімдіктерді мұқият іріктеп алу қажет.

Үстіміздегі жылдың мамыр айының бірінші жартысында жауған нөсер жауынның салдарынан қалада Әлиев, Сатыбалдиев көшелері суға кетті. Жауын суына толған астаулардың суы уақытымен айдалса да, жақын жердегі жеке меншік сектор тұрғындары аулаларындағы суды жол бойына айдады. Ылғалдың шамадан тыс артуына байланысты су бір ай бойы тұрды, дренажды жүйенің нашарлығынан су өздігінен кетпеді, нәтижесінде көтерілген тұз көптеген талдардың тамыр жүйесіне әсер етіп, кейбірі бүгінде өліп жатыр.

Қалыптасқан жағдайларға байланысты осы учаскелердегі талдардың діңі сақиналарынан және астаулардан су мен топырақтан сынамалар алынып, өсімдіктерге зиянды әсер ететін химиялық қоспаларды анықтау үшін зертханаларға жөнетілді. 25.05.2015 күнгі сынақ хаттамалары нәтижелері бойынша су мен топырақтағы тұздың құрамы қалыпты нормадан 10 есе артқаны анықталды

Жоғарыда аталған факторларды жинақтай отырып, Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ-дің ғылыми қорытындысына және жүргізілген зертханалық сынақтар нәтижесіне сүйене отырып, бұл мәселелерді шешудің бірден бір жолы – дренажды су бұру жүйесін жасау керек деп есептейміз».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

14 қыркүйек 2015, 15:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.