Мектептерге оқулықтар алу үшін биыл облыстық бюджет 647 млн теңге бөлді. Бұл, мамандардың есептеулері бойынша, бүкіл облыс оқушыларын тегін оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін жеткілікті болған. Неліктен сабақ басталар алдында балалар оқулықтарын түгел ала алмады, бірінші сыныптықтар үшін сабақ уақыты қанша минутқа созылуы тиіс және мектептердегі лық толы сыныптар үшін кім жауап беретіндігі жөнінде біз облыстық білім беру саласын бақылау департаментінің бастығы Бектұр ҚАЛИМЕН сұхбаттасқан едік.
- Бектұр Асанханұлы, өткен жылдары ереже қолданыста болып, соған сәйкес аз қамтылған және көп балалы отбасы балалары тегін оқулықтармен қамтылған еді. Қалған оқушылар толық оқулықтар жиынтығын ала алмады. Биыл білім және ғылым министрлігі жоғары мінберлерде 15 тамызға дейін оқушылардың барлығы кітап алатындығын әлденеше рет мәлімдеді. Оқулықтарға қатысты ахуал өткен жылға қарағанда қазір едәуір жақсарды. Дегенмен де, толық жиынтық барлық оқушыларға жете қоймады. Кейбіреулер белгілі бір пәндер бойынша жекелеген кітаптарды әлі күтіп жүр.
- Бұрын ҚР үкіметінің 19.02.2003 күнгі №173 қаулысымен бекітілген Оқулықтармен қамтамасыз ету ережесі қолданыста болды. Онда ең алдымен оқулықтармен аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың қамтамасыз етілетіндігі көрсетілген. Бірақ бұл жарлық 2012 жылы күшін жойды. Содан бері қарай барлық оқушыларды оқулықтармен қамту туралы жоспарлы жұмыстар жүргізілді. 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2015 жылға қарай барлық қазақстандық оқушылар оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілуі тиіс. Бұдан басқа, «Білім беру туралы» Заңда жергілікті атқарушы органдардың құзырына оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету және осы мақсатқа қаржылар бөлу көрсетілген.
Сонымен қатар, 2014 жылдың 31 қазанында білім беру министрлігінің бұйрығымен бекітілген оқулықтармен қамтамасыз ету механизмі бар. Ол былайша көрініс табады. Жергілікті бюджет бюджеттік жылға қаржы бөліп, кітап сатып алуға келісімшарт жасайтын баспаны таңдайды. Қаңтарда білім және ғылым министрлігі оқыту процесінде қолдануға рұқсат етілген оқулықтар тізімін бекітеді. Әрі қарай жергілікті атқарушы органдар оқушылар санын, қажетті оқулықтар мөлшерін анықтап, кітап алуға сұраным әзірлейді.
Қаңтар-наурыз ішінде әкімдіктер байқау өткізіп, баспалармен келісімшарттар жасауы тиіс. Сәуірде байқау өткізіп, баспадан оқу орнына дейін оқулықтарды жеткізумен айналысатын компанияларды анықтауы тиіс. 10 тамызға дейін барлық оқулықтар оқу орындарына жеткізілуге міндетті.
Тамыздың аяғынан 7 қыркүйекке дейін біздің департамент облыстық білім беру, облыстық әдістемелік кабинет және БАҚ өкілдерімен бірігіп, облыстағы мектептерге оқулықтармен 100 пайыз қамтылу тұрғысында мониторинг өткізді. Арнайы құрылған штаб ахуалға бақылау жасап, барлық оқулықтар оқу орындарына дер кезінде жеткізілді. 15 тамызда оқушыларға кітап беру басталды. Биыл жергілікті бюджет оқулықтармен толық қамту үшін жеткілікті қаржы бөлді. Алайда, осыған қарамастан, облыстың жекелеген мектептеріне кейбір оқулықтар жетіспеді.
Бұл келесі себептер бойынша орын алды: біріншіден, өтінімдер дайындау кезінде мектеп директорлары оқушылар санының көбею болжамын ескермеді. Өтінімдер оқушылардың нақты саны бойынша берілді. Ал біздің мектептерде балалар санының жыл сайын көбейіп жатқандығы белгілі. Әсіресе, төменгі сыныптарда балалар көп. Екіншіден, мектептерде өткен жылдары басылған оқулықтар жетіспейді. Яғни, кітаптардың тозуы, балалардың кітап жоғалтып, қайтармауы орын алады. Үшіншіден, облыстық білім беру басқармасында, аудандық және қалалық бөлімдерде және мектептердің өздерінде оқулықтарды толық есепке алу жүргізілмейді. Біз мониторинг жүргізген кезде мамандардың қолдарындағы оқулықтардың нақты саны қанша екенін атай алмайтынына көз жеткіздік. Мәселен, бір мектепте 6-сыныпқа арналған математика оқулықтары жетіспейді, ал екіншісінде ол оқулықтар артық. Яғни, мұндай жағдайда жедел әрекет ету керек. Әрине, бізге оқулықтардың бірыңғай электронды есеп базасы қажет. Біз мұғалімдердің республикалық тамыз конференциясында болып, Қарағанды облысының мысалы бойынша, бұл автоматтанған жүйенің қандай артықшылықтар беретіндігін көрдік. Қай жерде жетіспейтінін, қай жерде оқулықтар артық екені бірден көрініп тұрады. Ал кейде ата-аналардың өздері балаларға оқулықтарды өздері сатып әпереді, өйткені, олардың ескі кітаптарды пайдаланғанын қаламайды.
- Ал биыл жаңа оқулықтардың толық жиынтығын қай сыныптар алды?
- Оқулықтар әр 4 жыл сайын қайта басылады. Биыл 4, 5, 6 және 11 сынып оқушылары үшін оқулықтар жаңартылды. Келесі жылы 1, 7 және 8 сынып оқушылары жаңа оқулықтар алады. Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт бойынша 1-4 сыныптардағы 1 оқушының оқулықтар саны 11 оқулықты, 5-9 сыныптарда 22 оқулықты, 10-11 сыныптарда 18 оқулықты құрайды.
- Стандартты оқулықтардан басқа гимназия сыныптары, лицейлердің оқушылары пайдаланатын кейбір құралдар бар. Мәселен, Петерсонның математика оқулығы. Мектептер осы кітапты жеткізуге міндетті ме? Бұдан басқа, 1-сынып оқушылары сабақтарда түрлі жазу үлгілерін қолданады, оларды кім сатып алуы тиіс?
- Министрлік бекіткен оқулықтар тізімі бар, бұл оқулықтар тегін ұсынылады. Ал қосымша әдебиетті ата-аналардың өздері сатып алады. Бірақ мектеп, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің қызметкерлері ата-аналарды жұмыс дәптерлерінің, үлестірме дидактикалық материалдарының, хрестоматия және басқалардың бекітілген тізімімен дер кезінде таныстыруы тиіс. Ал жазу үлгілеріне келер болсақ, оқу-әдістемелік құралдар тізіміне жұмыс дәптерлері кіреді. Біріншіден, кітапқа тапсырыс берген кезде оларды да сатып алды. Бірақ жұмыс дәптерлерінің кітаптардан айырмашылығы - оларды бірнеше рет пайдалану мүмкін емес. Ол тек бір рет қолданылады. Оларды жыл сайын сатып алу қажет, бірақ оларды өтінімге қоспайтын секілді. Басқа облыстармен салыстырғанда біздің бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінді, соған байланысты білім және ғылым министрлігінің сайтындағы шұғыл желіге де, біздің сайтымызға да Атырау облысынан оқулықтардың тапшылығына қатысты бірде-бір шағым түскен жоқ. Тек бір ата-аналардан алғыс хат қана болды, оның баласы 4 жыл ішінде алғаш рет бүкіл кітапты алған екен. Мектеп әкімшілігіне де, сондай-ақ, жергілікті білім беру бөлімдеріне де шағыммен жүгінуге болады.
- Ата-аналар шағымданатын тағы бір проблема оқулықтарға тікелей байланысты емес. Бірақ дегенмен де білім сапасына едәуір әсер етеді. Әңгіме мектеп сыныптарының шамадан тыс толы екендігінде болып отыр. Ережеге сәйкес, сыныпта қанша бала болуы тиіс, осы ереженің сақталуына кім бақылау жасауға міндетті және ол бұзылған жағдайда кім жауапкершілік алуға тиіс?
- ҚР үкіметінің 30.12.2011 күнгі №1684 қаулысымен бекітілген Санитарлық ережесіне сәйкес, жалпы білім беру ұйымдарының оқу сыныптарындағы үй-жайлардың ауданы 1 оқушыға 2,5 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Сыныптарды жиынтықтау кезінде осы талаптар ескерілуі тиіс. Комплект-сыныптардың толықтығы, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың оларды ұстауға бөлген қаржы көлеміне де байланысты болады. Егер ақша жетіспесе, олар бір сыныпты жауып, оны басқамен біріктіре алады. Әдетте, сыныптардың лық толуы орынжайдың, мұғалімдердің жетіспеуінен туындап жатады.
Оқитын орынжайлардың санитарлық нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкестігін тексеру тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің құзырында болады. Олар оқу орындары басшыларының, сондай-ақ, басқа жауапты тұлғалардың жауапкершілік деңгейін анықтайды. Егер бұл өзінің функциялық міндетін орындамайтын мектеп директорының кінәсі болса, онда жаза оның мойнына жүктеледі. Ал егер бұл мәселелерді шешу директордың құзырына кірмей, жергілікті атқарушы органдарына жүктелген болса, мәселен, жеткілікті ақшалай қаржыны бөлу, лайықты материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету болса, онда заңды тұлға ретінде мектеп жауапкершілікке тартылып, жергілікті бюджеттен айыппұл төленеді.
- Ата-аналар бірінші сынып оқушыларының сабақтары басталатын уақыты мен сабақтардың ұзақтығы әр мектепте әртүрлі екендігіне шағымданады. Кейбір мектептерде олар сағат 8.30-да басталады және 45 минуттан болады. Бұл, айта кету керек, ата-аналар үшін қолайлы. Басқа мектептерде сабақ таңертеңгі 8-де басталып, 35 минутқа созылады. Баланы сағат 10.40-та алу керек болады. Бұл ата-аналарға қолайсыз тиеді. Бұл мәселені кім шешеді – мектеп әкімшілігі ме?
- Сабақ басталар уақыт, сабақтардың ұзақтығы ата-аналардың мүдделері бойынша емес, арнайы санитарлық ережелермен және нормалармен, сондай-ақ, білім беру мекемесі қызметінің типтік ережелерімен белгіленеді. Жалпыға білім беретін мектептерде сабақтар таңертеңгі сағат 8-ден ерте басталмауы, сабақ ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Ал бірінші сыныптарда сабақтардың саны мен ұзақтығы біртіндеп көбеюі тиіс. Алдымен сабақ 35 минуттан, сабақ саны үшеуден болады. Екінші тоқсаннан бастап сабақтар саны төртеуге дейін көбейеді. Екінші жартыжылдықта бірінші сыныптықтардың сабақтары 45 минуттан болуы тиіс.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Суреттерді түсірген автор және «АЖ» мұрағатынан
Зульфия ИСКАЛИЕВА