Атырау, 29 қараша 00:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Ашкөздік пен үрейдің арасында

3 370 просмотра

Image 0Валюталық нарықтан кейін бензин нарығы да дүрбелеңге түсті –жанар-жағармай бағасын босату туралы жарияланғаннан кейін ертеңгісін ең сұранысқа ие АИ маркалы 92/93 бензині үштен бір есеге көтеріліп кетті.

150-ГЕ ДЕЙІН «ТЕҢЕСТІРДІ»

4 қыркүйекте ҚР үкіметі АИ-92/93 маркалы бензинінің шекті бөлшек бағасын мемлекеттік реттеуді жойды. «Теңестіру қажет», деді президент Н.НАЗАРБАЕВ, ал осындай шешімге елбасы «экономиканың заңдары» себеп болып отырғанын атады. Біздің экономика өзгеше, ал нарықта ойыншылар үшін қалыпты бәсекелестік пен тең жағдай болмағандықтан, сол күні кешкісін отын нарығындағы ең ірі қатысушылар – ҚМГ мен Гелиостың жанар-жағармай құю бекеттеріндегі бағалар «теңестірілді». ҚМГ ресми мәлімдемеден соң шамамен сағат кешкі 5-терде 92-ші маркалы бензин бағасын 108-ден 130 теңгеге дейін өзгертті. Гелиос пен Синойл бағаны кешкі сағат 20-да көтерді. Ескі бағаны ұстаған жанар-жағармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек тұрды. Ертеңгі күні бүкіл сатушылар бағаны көтерді, соның ішінде 95-ші маркалы бензиннің де бағасы шарықтап кетті: орташа алғанда бір литрі 142-145-тен 150 теңгеге дейін. 93-тің бағасы 130 теңге мөлшерінде белгіленді.

Бұған отын сатушылардың айқын және объективті себептері болмады: олар бұл күндері ескі баға бойынша сатып алынған бензиндерді саудалауда. «Еркіндік» алған олар анық негізсіз сол мезет бағаны көтеріп жіберді. Әлеуметтік желілердің тілімен айтсақ, бұл «берді – ал» деген кәдімгі ашкөздік. Ішкі нарықтағы бағаларды ҚМГ мен Гелиос көшбасшылары қалыптастырады. Екі брендтің де шекелері шылқып тұр: ең көп сұранысқа ие отынды оларға қазақстандық мұнай өңдеуші зауыттар жібереді.

Дүйсенбі күні баға төмендеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне АИ-95 маркалы бензин бағасының көтерілу себептерін анықтауға тапсырма берді. Сонымен қатар, ірі жанар-жағармай желілерінің қожайындарына АИ-92/93 маркалы бензин бағасын қалыптастыру құрылымы бойынша ақпарат ұсыну туралы ұйғарым жолдады. Министрліктің осы сұранымдарынан кейін «ҚазМұнайГаз Өнімдері» АҚ АИ-92/93 маркалы бензиннің бір литр бағасын 125 теңгеге дейін, АИ-95-тің бір литрін 136 теңгеге дейін төмендетуге шешім қабылдады. Қызық, 2 күн бойына «шексіз» сатудан бұл алыптар қандай маржа алды екен?

«ӨЙТКЕНІ РЕСЕЙДЕН САТЫП АЛАМЫЗ»

- Неліктен сіздер бензин бағасын көтердіңіздер? – деп сұрадым мен шағын желілердің бірінің қожайынынан.

- Біз бағаның көтерілуін көптен күткен едік. Мен Ресейден сатып аламын, соңғы сатып алу кезінде 92-ші марканың бір литрі 106-107 теңгеге шықты. Бұған жеткізу шығындарын, мұнай базаларынан резервуарларды жалға алу және сақтау шығындарын қосыңыз. Егер бүкіл салықтарды, акциздерді қосар болса, минусқа кетіп қалады, әрі кетсе дәлме дәл шығады. Бірақ шығынға батып сатуға тура келді, өйткені біз үшін бастысы клиенттерді жоғалтпау болатын. Үлкен ойыншыларда сатып алу көлемі де үлкен, орталықтандырылған, оның үстіне ҚМГ, мәселен, осы жерден АМӨЗ-ден сатып алады (әңгіме бөгде компаниялар жеткізетін мұнайдан зауыт дайындайтын бензин туралы болып отыр. Зауыттың коммерциялық өткізім үшін өз шикізаты мен дайын өнімі жоқ, ол процессинг жағдайында жұмыс жасайды, яғни, мұнай өңдеу мен мұнай өнімдерін өндіру бойынша қызмет көрсетеді. Дайын мұнай өнімдерін мұнай беруші компаниялар тиеп алады да, өткізу нарығын өздері табады – З.Б. ескертпесі).

Ал баға қалыптастыру кезінде біз ірі жанар-жағармай станцияларының қожайындарына: ҚМГ, Гелиос, Синойлға бейімделеміз... Егер 4 қыркүйекте біздің бәрімізде 92-ші бензин 108 теңге тұрған болса, келесі күні бәрі бір литріне 130 теңгеден сатты. Түстен кейін ҚМГ 125-ке дейін түсірді, олардан кейін біз де түсірдік, клиенттерімізді жоғалтудың қажеті қанша?! Оларда баға көтерілгенге дейін 95-ші бензин 119 теңге болды, сенбіде 150 болды.

- Сіздің ресейлік серіктестеріңіз қандай әрекет жасады?

- Іс жүзінде 95-шінің бағасын олар көптен бері көтеріп жіберген еді. Тамыздың аяғында ресейліктер маған оны жолсыз 140 теңгеден жіберді. Жаңа партия үшін 10 күн бұрын олар бір литрінің босату бағасы 136 теңге деңгейінде болады деп айтқан еді. Бірақ бүгін таңертең бағаны қайта қарастыратындықтарын хабарлады. Олар да теледидар қарайды ғой, бізде бағаларды босатып жібергенін біледі.

- Сіз қаншама үстеме қосасыз?

- Әрі кеткенде бір литріне 5 теңге қосамыз.

АМӨЗ-ДІҢ БҮЙІРІНДЕ

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы дайын өнімнің босату бағасының деңгейі туралы да қызықты мәліметтер жинау мүмкін болды. Процессингтен кейін мұнай берушілер (соның ішінде процессингке өз мұнайымен ҚМГ кіреді, компания сондай-ақ өз жанар-жағармай бекеттері үшін дайын отынды басқа берушілерден сатып алады) АИ-92 бензинінің тоннасын 119-120 мың теңгеден босатады, қолданыстағы формула бойынша (осы марканың тығыздық коэффициенті 0,74), АМӨЗ өндірген АИ-92-нің литрі 88-88,8 теңге тұрды. Менің дереккөзімнің пікірінше, жеткізу және сақтау шығындарын (әрі кеткенде, Атырау қаласының шеңберінде) бір литріне 4 теңгеден келтіруге болады. Яғни, ең өтімді бензиннің шамамен өзіндік құны «Қазмұнайгаз» жанар-жағармай бекеті үшін 92-93 теңгені құрап, бір литрі 108 теңгеден сатылған. Яғни, пайда бір литрі үшін 15 теңгеге дейін құрауы мүмкін еді.

Осы есептеу сызбасы бойынша дизель отынының өзіндік құны бір литріне 64,78+4= 68,78 теңгеге тең болды. Солярканы 91 теңгеден сатты.

Өткізу, штатты және орынжайды ұстау шығындарын және т.б. шегеру нәтижесінде қандай пайда шығатындығы – тек қазақстандық менеджмент қорытындысының еншісінде.

Бұл жердегі мұнай берушілер де өздерінің босату бағасын қайта қарапты деседі.

АИ-92-нің бір литрі – 105,08 теңге. Дизель отынының бір литрі - 76,26 теңге. Жеткізуге және сақтауға 4-5 теңгеден қосамыз да, бекеттер үшін өзіндік құнды шығарамыз: 109-110 және 80-81 теңге. Ұлттық экономика министрлігі араласқаннан кейін 92-ші маркалы бензин бағасының бір литрі 125 теңге деңгейінде белгіленді, солярка бағасы өзгермеді.

Дағдарыс және экономикалық тұрақсыздық жағдайындағы үкіметтің жаңа шарасы жұртшылық арасында түсіністік таппады.

…Халық түсінбей дал: неліктен мұнай арзандап, ал бензин – қымбаттап бара жатыр?! Шынымен де, мұнай көп, бірақ өндірген мұнайымызбен өз сұранысымызды жабуға жағдайымыз жетпейді. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алған 24 жыл ішінде жеткілікті мөлшерде мұнай өңдеу зауыттарын ашпай, шикізатты елден тысқары сатқанды жөн көрді. Ал оның бағасы шекті нүктеге дейін құлдыраған кезде біз өзіміздің мұнайымыздан басқалар өңдеп шығарған жанармай үшін төлеуге дәрменсіз болып қалдық. Тағдырдың тәлкегі бойынша, едәуір мұнай қорларын өндіруді тоқтатып қойып, шикізат пен дайын өнімді шетелден сатып алған Түркия қазір өзінің мұнай саясатының жемісін көруде: өткен жылы ол жақта дизель отынының бір тоннасы 1200 доллар болса, қазір бір тоннасы – 500 доллар тұрады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

8 қыркүйек 2015, 12:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.