Атырау, 29 қараша 01:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Кәсіпкерлер палатасы су тарифінің артық көтерілгенін дәлелдейді

3 149 просмотра

Image 0Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің, қоғам белсенділерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап енгізілген жаңа су тарифтерінің бизнеске теріс ықпал ететіндігі туралы мәселе тағы да талқыланды.

Кездесуге қатысушылар өз сұрақтарына Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің жергілікті департаменті өкілдерінен өз сұрақтарына жауап алуға үміттенді. Алайда монополияға қарсы қызмет өкілдері кездесуге келмеді. Ал, департаментке ресми хат бір апта бұрын жолданған еді.

- Бір ай жарым уақыттан бері тарифтерді көтеру себебін түсінуге тырысып келеміз. Неліктен ол бірден осыншама көтеріліп кетті? Алайда әлі күнге дейін табиғи монополияларды реттеу департаменті де, «Атырау Су Арнасы» кәсіпорны да анық жауап бере алмай отыр. Олар өздерінің инвестициялық бағдарламаларын алға тартады, бірақ оны біз бастапқыда ала алмадық, содан кейін таныстырылым ретінде алдық, онда да толық құжаттарсыз. Біз облыстық прокуратурамен бірігіп бағдарламамен жете танысуға тырыстық. Алайда бұдан да ештеңе шықпады. Алдымен прокуратура белсенді түрде әрекет ете бастады, бірақ содан кейін түсініксіз себеппен бас тартты, тіпті, себебін түсіндірмеді де, - деді өз сөзінде Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол ҚАЙРАНБАЕВ.

Image 1

«АСА» инвестициялық бағдарламасы Палата өкілдерінің байыпты сұрақтарын тудырды. Мәселен, кәсіпкерлер 2020 жылы электр станциясының салынатындығымен келіспейді. Өйткені, дағдарыс жағдайында бұл шығындарды негізсіз деп есептейді. Екіншіден, бағдарламада құны 1 млрд теңгеден астам химия кешенін салу қарастырылған. Осындай өндіріс Атырау облысының Индер ауданында бар. Ендеше тұтынушылар есебінен тағы бір зауыт салудың қажеті қанша? Сол кезде кәсіпкер өз бизнесін жабуға мәжбүр болады ғой, ал онда адамдар жұмыс істеп жатыр.

- Біздің бәріміз кез келген салымның пайданы көздейтінін білеміз. Біз барлық монополистер бойынша ахуалды зерттедік, олардың әрқайсысының инвестициялық бағдарламасы 5 пайыздан аспайды. Бұл іс пе? – дейді Ербол Қайранбаев. – Сонда да монополистердің барлығы тарифтерді көтеруге өтінімдер беруді жоспарлап отыр.

Ал, Палата өкілі атап өткендей, «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңының 15-3-бабының 4-тармағында инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тарту үшін ең бірінші оның экономикалық тиімділігінің болмауы негіз болып табылады деп көрсетілген.

Қалалық әкімдіктегі дөңгелек үстелде Той өткен соң даңғара») «АСА» директоры Андрей ТАШЛЫКОВ келтірген есептеулерден кейін Палата сарапшылары кездесу өткізіп, жаңа тарифтердің енгізілуіне байланысты қандай шығындар шығатынын есептеу үшін суды көп тұтынатын қызметпен айналысатын кәсіпкерлер арасында сауалнамалар жүргізілді.

Нәтижелер «АСА» есептеулерінен күрт ерекшеленеді. Алынған мәліметтерге сәйкес, егер бүгінгі күнге дейін наубайхана қожайындары су үшін орта есеппен алғанда айына 50-100 мың теңге мөлшерінде төлеген болса, енді олардың шығындары 160 мың теңгеге дейін және одан жоғары мөлшерге дейін өседі. Нәтижесінде олар нанның босату бағасын 10 теңгеге көтеруге мәжбүр болады. Өз кезегінде дүкендер де әрі қарай бөлке нанға өз бағасын қояды. Бөтелкедегі тазартылған суды жеткізумен айналысатын цехтар өздерінің ай сайынғы суға кететін шығындарын 300-400 мың теңгеден 520-550 мың теңгеге дейін көтеруге мәжбүр болады. Қоғамдық моншалардың қожайындары енді айына оларға 100 мыңның орнына 167 мың теңгедей төлеуге тура келетінін есептеді. Сондықтан олар да өз қызметтерінің бағасын көтеретін болады.

Палата сарапшыларының пікірінше, «Атырау Су Арнасы» басшылығы өз есептеулерін есептеген кезде, тек, айталық, бір бөлке нанды пісіру бойынша су шығынын есептеп, басқа өндірістік шығындарды ескермеген. Өйткені, су барлық жерде керек, соның ішінде нанды пісіруге арналған ыдысты жуу үшін, орынжайды таза ұстау және т.б. үшін.

Палата сарапшысы Бақтыгүл ЕСЕНИЯЗОВА «АСА»-ның инвестициялық бағдарламасының келісімшарт бөлігінде анықталған заң бұзушылықтар туралы әңгімеледі. Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын тексеру - ӨКП-ның облыстық прокуратурамен бірлескен бастамасы.

- Монополистердің реттелетін қызмет тарифтерін бекіту кезінде қолданылатын шығындарды қалыптастарудың ерекше тәртібі бар. Соған сәйкес тарифті қалыптастыру кезінде есептелмейтін шығындар тізімі белгіленген. Алайда тексеру кезінде шығындар сомасына енгізілмеуі тиіс қызметтер шығындарын шығындар сомасына енгізіп қойған заң бұзушылықтар анықталды. Мұндай заң бұзушылықтар көп. Бұдан басқа, инвестициялық бағдарламаға сәйкес, негізінен, жаңа «Нұрсая», «Алмагүл» ықшамаудандарында су құбырларын ауыстыру қарастырылған. Жаңа ықшамаудандардағы тұрбаларды ауыстырудың қажеті қанша деген сұрақ туындайды. Осы тұрғыда прокуратура наразылық шығарып, бірақ оны кейін қадағалау органының өзі жойды. Қандай себеппен екені түсініксіз, - деп әңгімеледі Бақтыгүл Есениязова.

Оның айтуынша, сарапшыларда тексеруге бар болғаны екі апта уақыт болған. Осы уақыт ішінде мамандар тарифтерге байланысты құжаттардың ауқымды томдарын тексеріп шығуға физикалық тұрғыда үлгермеді. Сарапшылар прокуратура наразылық шығарып, осыған байланысты тарифтер бір немесе екі айға өзгермей тұрады деп үміттенді. Осы уақыт ішінде олар бәрін тексеріп шығуға үлгерер еді.

Палата өкілдері тағы бір қызықты фактіні мәлімдеді. Ербол Қайранбаевтың айтуынша, монополистің инвестициялық бағдарламасындағы шығындардың негізгі бөлігі химиялық реагенттерді сатып алуға кетеді. Алайда облыста жергілікті тауар өндіруші бар, қазір монополист жергілікті химиялық реагенттердің құнынан бірнеше есе жоғары сомадағы өнімді сырттан сатып алады. Өңірде, сондай-ақ, кепілдік қызмет ету мерзімі 50 жылды құрайтын полиэтилен тұрбалар өндіретін зауыт бар. Монополистің олармен серіктестігі тек шығындарды азайтып қана қоймай, қазіргі қиын кезеңде отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік берер еді.

Бизнес өкілдері де өз пікірлерін білдірді. Кәсіпкер Зураб БОБОХИДЗЕ бірнеше жыл бұрын монополистердің қысымшылық жасауы салдарынан тәулігіне 15-20 тонна ет өндіретін цехын жабуға мәжбүр болғанын әңгімеледі. Әлі күнге дейін өңірде осындай кәсіпорын жоқ. Атырау облысындағы өзгеше бизнес-субъект - «Экспресс мойка» әлеуметтік көлік жуу орнының өкілдері әзірге жаңа тариф бойынша есепшот алмағанын айтты. Бірақ олар алдын ала есептеулер жасап, енді өздерінің кәсіпорындары әрі қарай дами ала ма, жоқ па, сенімді емес.

Қоғам белсенділері жергілікті әкімдікке «АСА»-ға аудиторлық тексеру жүргізу ұсынысымен хат жолдағанын хабарлап, оларды бизнесмендерді қолдауға шақырды. Кездесуге қатысушылар өз ұстанымдарын қорғауды жалғастыруға тиіспіз деген пікірге келді. Ең болмағанда оларға сотқа шағымдануға тура келеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

3 қыркүйек 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.