2015 жылғы 26 тамызда «Атырау» ДСК-нде «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау көрмесінің өңірлік кезеңі өтті. Биыл байқауға жеке кәсіпкерлер де қатысуға мүмкіндік алды. Жергілікті кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерден шыққан 35 қатысушы көрмеде өз тауарлары мен қызметтерін көрсетті.
Көрмеге қатысушылар арасында полипропилен құбырлар жасайтын «ШевронМұнайГаз ИНК», «Өнерпаз» ЖШС-нің тоқыма цехы, балғын, мұздатылған балықтар, сондай-ақ, балық өнімдерін шығаратын «Інжу-Маржан» ЖШС, бұрғылау, мұнай кәсіпшілігі және стандартты емес жабдықтар шығарумен айналысатын «ЖігерМұнайСервис» ЖШС сияқты бұрыннан өнім шығарып жүрген кәсіпорындар болды. Сонымен қатар, жаңадан іске қосылған жобалар да ұсынылды. Мысалы, Атырауда бұқтырылған сиыр етін жасайтын жалғыз кәсіпорын - «Карат» ЖШС.
- Кәсіпорнымыздың жылдық қуаттылығы 12 млн қалбырды құрайды. Қазір біз күніне 25 мың қалбыр шығарамыз. Етті жергілікті фермерлерден сатып аламыз. Қалбырларды өзіміз өндіреміз. Бұл бағасы бойынша бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жергілікті «караттық» бұқтырылған еттің бір қалбыры 340-360 теңге тұрады. Бүгінде біздің өніміміз Атыраудың барлық супермаркеттеріне қойылған, түрлі бөлшек сауда дүкендерімен келісім жасап жатырмыз. Біз, сондай-ақ, Ақтөбе, Орал, Ақтау, Қарағанды нарықтарына да шықтық, - деді «Карат» ЖШС өкілі.
Мені қала тұрғыны және қарапайым тұтынушы ретінде облыс басшылығы әр жерде үнемі мақтан тұтатын сүт өнімдері мен жергілікті құс фабрикаларының жұмыртқалары қызықтырды. Өкінішке орай, көрмеде сүт өндірушілер атынан бұрыннан белгілі екі компания – «Бірінші мамыр» ЖШС және «Сарайшық» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы ғана өнімдерін ұсыныпты. «АЖ» оқырмандары осы кәсіпорындардың өздері ұнатқан сүт өнімдеріне қол жеткізу қиын, олар сауда нүктелерінде жоқ немесе бағасы қымбат деп шағым айтып жатады.
- Егер баға туралы айтатын болсақ, біздің табиғи өнімді арзан өнімдермен салыстыруға болмайды, - деді бұл сауалдарға жауап берген «Бірінші мамыр» ЖШС өкілі. – Дүкендегі кез келген қораптағы сүтті алыңыз да, сақталу мерзімін қараңыз. Бұл сүттерді бөлме температурасында айлар бойы сақтауға болады. Ал біздің сүттерімізді тоңазытқышта тек 14 күн сақтай аласыз. Табиғи өнім! Айырмашылық бар ма? Қолжетімділікке келетін болсақ, біз өнімдерімізді сатып алуға болатын сауда нүктелеріміздің санын арттырып жатырмыз. Қазір олар «Атаба», «Идеал», «Анвар» супермаркеттерінде, «Дина», «Насиха» және «Көктем» базарларында бар.
Жергілікті құс фабрикаларының жұмыртқаларын тек «Алмалы құс» пен «Бақай Құс» құс фабрикалары ұсынған. Өкінішке орай, үлкен жоба – «Алмалы Құстың» (жобалық қуаттылығы – жылына 60 млн жұмыртқа және 20 тонна құс еті) өкілдері орындарында жоқ екен. Көрме сөрелерінде 15 теңгелік ірі жұмыртқа, 12 теңгелік бірінші сортты жұмыртқа, 10 теңгелік екінші сортты жұмыртқалар орналасыпты. Күніне 50 мың жұмыртқаға дейін өндіретін «Бақай Құс» құс фабрикасының жұмыртқалары көбіне Құлсары мен Жылыой ауданының елді мекендерінде сатылады. Құлсарылық жұмыртқалардың құны: ірісі – 16 теңге, С1 – 11 теңге, С2 – 9 теңге.
Көрмеге қатысушылардың арасынан жаңадан іске қосылған «Solution Partners» ЖШС-ті атап өту керек, ол Атырау нарығында алғаш рет коворкинг қызметтерін ұсынды.
- Егер қарапайым тілмен айтсақ, біз өз кеңсесі жоқ адамдарға жұмыс жасау үшін орынжай береміз. Мұның арқасында адамдардың тек кеңселері ғана болмайды, сондай-ақ, клиенттері және әріптестерімен кездесетін конференц-залдарына, хатшысы және жұмыс жасауға қажетті барлық заттарға да ие болады, - деді Атыраудағы жаңа қызметті ұйымдастырушылар. Бұл жоба қыркүйекте іске қосылады деп жоспарланған, алайда қазірден бастап қызығушылардың көп болуы жоба сәтті жүзеге асады деп үміттенуге себепші болады.
Жергілікті өндірушілер арасындағы тағы бір жаңа тұлға – «Жаңа Өндіріс» ЖК. Екі ай бұрын іске қосылған шағын кәсіпорын резина жабындылары және жолжиектер шығарумен айналысады.
- Осындай жабындыларды қолдану саласы өте кең. Мысалы, балалардың ойын алаңқайлары, спорт алаңдары, тұрғын үйлердің аулалары. Мұндай жабындылардан жарақат алмайсыз, су жабынды арасындағы саңылаулардан жерге сіңіп, ылғалды ұстамайды, - дейді кәсіпкер Амандық ЖАЙБЕРГЕНОВ. – Бүгінде кәсіпорын айына 1000 шаршы метр жабынды шығарады. Егер сұраныс көбейсе, біз өз қуаттылығымызды айына 3000 шаршы метрге арттыруға дайынбыз. Шикізатты – резина қоқымдарын Ресейден аламыз. Алайда аяғымызға нық тұрғаннан кейін резиналарды қоқымға айналдыру өндірісін қолға алып қараймыз.
Байқау-көрменің үш номинациясы бойынша жеңімпаз анықталды: «Үздік халық тұтыну тауарлары» - «Өнерпаз» ЖШС, «Үздік өндірістік бағыттағы тауар» - «ШевронМұнайГаз Инк», «Үздік азық-түлік тауары» - «Бірінші мамыр» ЖШС.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор