Облысымыздағы жастар мемлекеттік қызмет саласындағы жұмыстарды таңдағанда салқынқандылықпен барады. Халық арасында «майлы» деп есептелетін балық қорғау инспекциясына барғылары келеді, ал ауылдық әкімдік пен ТКШ-ны көп таңдамайды. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру үшін қандай реформалар керек? Бұл мәселе Орталық коммуникациялар қызметінің Атырау филиалында 25 тамызда болған баспасөз конференциясында талқыланды.
Атырау облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Марат АХМЕТЖАНОВ (суретте) айтқан алғашқы жаңалық – мемлекеттік қызметте мансаптық модельге көшу. Яғни, мемлекеттік қызметке алғаш келгендер өз кәсіби қызметін төменгі лауазымдардан бастауы қажет. Әрі қарайғы мансаптық қозғалысы төменгі лауазымдық жұмыстардағы жұмыс тәжірибесіне байланысты болмақ. Мемлекеттік қызметке кіргісі келетіндер үш деңгейлі іріктеуден өтеді. Алдымен заңнамаларды білу дәрежесі мен құзіреттілігінің (қажетті дағдылары мен біліктілігіне) деңгейіне тест тапсырып, содан кейін агенттікте үміткердің мемлекеттік қызмет құндылықтарына көзқарастарын (мысалы, жемқорлыққа төзбеушілік сияқты этикалық сапалары сияқты) бағалау үшін комиссиялық сұхбаттасудан өтеді. Іріктеудің соңғы кезеңі – бос жұмыс орны бар мемлекеттік органға тікелей қатысты салалық біліктігі бойынша әңгімелесу.
Мемлекеттік қызметке алғаш келгендерге қойылатын міндетті талаптардың бірі – 3+3 формуласында сынақ мерзімінен өту. Жаңа келген қызметкер үшін 3 ай мерзімге сынақ тапсырмалары бар жеке жоспар жасалады. Егер ол мұны орындай алмаса, сынақ мерзімін тағы 3 айға созады. Екінші сынақ мерзімінен қанағаттанарлықсыз нәтижелер шықса, жұмыстан босатылады. Жоғары тұрған лауазымдарға жарияланған байқауға ең алдымен сол мемлекеттік органдарда төменгі лауазымдарда жұмыс тәжірбиесі бар мемлекеттік қызметшілер қатысады. Егер өз қызметкерлері арасынан лайықтысы табылмаса, іріктеу басқа мемлекеттік органдар қызметшілері арасында өтеді.
Жекеленген мемлекеттік қызметшілер (орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаментінің басшылары) үшін көлденең де, тігінен де ротациялар қарастырылған. Олар арнайы жасалған қор арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Лауазымдарға жарияланған ашық байқауларға жеке, мемлекеттің қатысы бар және азаматтық секторлардан үміткерлер қатыса алады. Алайда олардың үлесі барлық мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 15%-нан аспауы қажет.
Жаңа модель қарастыратын маңызды жаңалық – «Б» корпусы кадрлық резерв институтын, сондай-ақ қолданыстағы ауыстыру тәртібімен тағайындау механизмін жою. Ауыстыру тәртібімен тек бірінші басшылардың көмекшілері, кеңесшілері және баспасөз хатшылары тағайындала алады. Басқаша айтсақ, жаңа лауазымға отырған бастық бұрынғы жұмыс орнынан тек осы үш қызметкерін өзімен бірге алып кете алады.
Бүгінде бір деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер жұмыстарының көлемі мен қиындығына қарамастан бірдей жалақы алады. Ал 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «еңбек төлемінің факторлық-балдық шкаласына» көшеді. Мұндай әдіс көптеген озық мемлекеттерде (АҚШ, Ұлыбритания, Жапония) енгізілген және барлық лауазымдарды деңгейлері бойынша 8 фактор негізінде бірыңғай шкалаға бөлуді қарастырады. Бұл факторлардың қатарында жұмыс өтілі, орындап отырған жұмысының ауырлығы, арнайы білімінің деңгейі және т.б. бар. Жалақы қызметші отырған лауазым маңыздылығына қарай көтеріледі.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор