ДДҰ статистикасына сәйкес, Қазақстан халық арасында өзі-өзіне қол жұмсау көрсеткіштері жоғары елдердің қатарына кіреді. Осы қайғылы жағдайлардың 80%-ы 18 бен 29 арасындағы жастардың үлесінде. Осыған байланысты, ЮНИСЕФ-пен Қазақстан үкіметінің ынтымақтастығы аясында елімізде суицидтің алдын алу бағдарламасы жүріп жатыр.
БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының ақпараттық бөлімінің жетекшісі Сұлтан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ айтуынша, Қазақстан 15-24 жас аралығындағы жастар арасында өлім-жітімнен ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа елдері бойынша екінші орын алады. Бұл деректерді ол Атырау облысы педагогтарының тамыз конференциясында жариялады. Қазір қор жұмысы тек Қызылорда облысында жобалық режимде жұмыс жасап жатыр. Әзірге қор жастарды суицидке итермелейтін себептер мен жасөспірімдер арасында қатер факторларын анықтау бойынша екі үлкен зерттеу жүргізді. Қазақстанда ЮНИСЕФ үшін жүргізілген зерттеу жұмыстарын Молизе Университетінің (Италия) медицина және денсаулық сақтау саласындағы ғылымдар департаментінен келген профессор Марко САРКЬЯПОНЕ басқарды.
Жоғарыда айтылғандай, өзін-өзі өлтіргендердің арасында 18-29 жас аралығындағы жастар 80%-ды құрайды. Жас жігіттер суицид жасауға бейім екен: өздеріне қол жұмсағандардың 80%-ы – жігіттер, 20%-ы – қыздар. Суицид қазақстандық жастар арасында сыртқы себептерден болған ажалдың негізгі себебі болып табылады. Ауылдық жерлерде кісі өлімі қалаға қарағанда жоғары.
Жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидтердің ресми статистикасыны келетін болсақ, ол, зерттеулерге сәйкес, кемінде 30%-ға төмендетілген (суицид жағдайлары жол-көлік оқиғалары немесе кездейсоқ улану және т.б. сияқты себептерден қаза болды деп жасырылған). Өзі-өзіне қол жұмсап, бірақ аман қалған суицидтік жағдайлар ересектерге қарағанда жас адамдар арасында кең тараған. Әр аяқталған суицидке 100-ден 200-ге дейін аяқталмаған әрекеттер келеді екен. Суицидке екінші қайтара бару жастарда көп болады. Кері әрекет жасау әсіресе алғашқыдан 3-6 ай және 2 жылға дейін мерзім ішінде қайталануы мүмкін.
- Жасөспірімдер мен жас адамдардың суицидтік қылықтары психикалық аурулар мен қатерлі әрекеттерге тікелей байланысты. Ажал алдында кәмелетке толмаған өзін-өзі өлтірушілердің 90%-ы жүйкелері бұзылған екен. Жартысынан көбі өмірлерінің соңғы екі жылында осындай аурулармен ауырған, - дейді Сұлтан Құдайбергенов.
Жастар суициді көбіне бұрын байқалмаған, бірақ емдеуге келетін психикалық аурудың белсенді фазасы кезінде болады (кейін менімен телефон арқылы сөйлескен Сұлтан Құдайбергеновтың айтуынша, бұл тұжырым психологиялық аутопсия, яғни, қаза болған адамның жақын туыстары арасында жүргізілген сауалнамаға негізделген). Психологиялық аутопсия әдісі көмегімен зертеу, сондай-ақ, суицид жағдайларының 30%-дан астамында отбасы тарихында осындай өзі-өзіне қол жұмсау оқиғаларының болғанын анықтады, яғни, мұндай қылықтардың тұқым қуалайды, генетикалық байланыс пен қоршаған ортасының әсері болады деген сөз. Оқиғалардың тағы бір 10%-ы басқа да психикалық ауытқушылықтарға байланысты проблемалары бар отбасылардың үлесінде. Бала кезінде алған жарақаттар да суицидтік қылыққа әкеліп соқтырады. Өз-өзіне қол жұмсағандардың шамамен 30%-ы зорлық-зомбылық әрекеттері орын алатын отбасылардан шыққан.
Жасалған суицидтерді зерттеу кезінде анықталған жүйке ауруларының кең тараған түрі көңіл күйдің бұзылуы және психотроптық заттар мен алкогольді пайдалану болып табылады.
ЮНИСЕФ өкілі өз баяндамасында слайдтарды кеңінен пайдаланды. Солардың ішінде оқушылар арасындағы суицидке қатысты біреуі жан түршіктірді: әр жыл сайын 5 жасөспірімнің біреуі өзі-өзіне қол жұмсауды ойлайды. 15 жастағы жасөспірімдердің 5%-ға жуығы суицид жасауға әрекет еткен. Ойлап қараңыздар, сыныптағы 25 оқушының бесеуі өзі-өзіне қол жұмсауды ойлап, біреуі әрекет жасап та көрген.
Суицидтің көп кездесетін себептеріне қарым-қатынас проблемалары, саулығының нашар болуы, жүйкеге әсер ететін заттар пайдалану, өмірлік ерік-жігерінің әлсіздігі, суицидтің ойлау, албырттық, беймазалық және депрессиялар жатады. Зерттеуге қатысқан 2 970 жасөспірімнің 786-нда осы факторлардың кемінде біреуі табылды. 740 баланың суицидтік емес өзі-өзіне қол жұмсағанын, 130-ы орташа және ауыр күйзеліске ұшырағанын, 30-ның есірткі заттар пайдаланғанын, 35-і алкогольді күн сайын ішетінін, 86 адамның соңғы екі апта ішінде өмірден кету туралы ойланғанын, 43-інің суицид әрекеттерін жасағанын анықтады.
ЮНИСЕФ Қазақстандағы өз жұмысын әрі қарай жалғастырады, ал әзірге балаларымызды осындай қайғылы оқиғадан өзіміз ғана қорғай аламыз. Зерттеулер нәтижелері көрсеткендей, мұндай келеңсіздіктен тек отбасы ішіндегі жақсы қарым-қатынастар, ата-аналардың қолдауы, отбасынаң сыртында жақсы ортада болуы, өзіне, өз қылықтары мен жетістіктеріне деген сенімділік қана қорғай алады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА