Атырау, 28 қараша 23:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​«Ақмешіттің» тылсым үңгірі

13 810 просмотра

Image 0Жақында қонақжай Шымкентте болған сапарымда, әрине, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең тылсым да таңғажайып жер – «Ақмешіт», сондай-ақ, Бәйдібек үңгірі деп те аталатын жерасты мешітіне бару мүмкіндігін жіберген жоқпын.

ШЫРАҚШЫЛАР ӘУЛЕТІ

Теп-тегіс автокөлік жолымен Бәйдібек ауданы Кеңестөбе ауылына қарай бір сағаттың үстінде жол жүрдік (жергілікті тұрғындардың айтуынша, жерасты мешітіне бірнеше жыл бұрын елбасының келуіне орай жаңа жол салынған). Біздің жолымыз Қаратау жотасының оңтүстік-шығыс бөктерінде жатыр. Көлік терезесінде сүреңсіз табиғат көрінісі – аптап ыстыққа күйген мақта алқабы мен сары дала. Тек төменгі жақтан шағын шатқал көрінді, біз солай қарай бағыт алдық.

Үңгір басында шағын қарапайым там тұр. Бұл - шырақшының үйі. Ата-бабаларының ісін жалғастырып келе жатқан бұл ақсақал үңгірге келген зияратшыларды күтіп алып, жол көрсетеді. Шатқалға түсетін ыңғайсыздау тас сатылы жол осы үйшіктен басталады. Біраз төмен түскеннен кейін сол сатылар арқылы үңгірдің аузына көтерілу қажет, содан кейін ғана темір баспа арқылы үңгірге түсесіз.

АҚ МОЛДАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Ақырындап төмен түскеннен кейін көз алдыңызда керемет көрініс пайда болады. Әктастыжыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгірдің ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 30 метр шамасында. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдіңшаңырағы секілді көрінеді. Үңгірге кіре бергенде 40 шақты көк жапырақтары төгілген тұт ағашы мен қарағаш бой көтерген. Бұл маңайдағы жерде бірде-бір ағаштың жоқтығын ескерсек, таңғалмай көріңіз! Осы жапырақтардың арасымен таралған, үңгірдің суық та сұсты қабырғасына сіңген күн сәулесі үңгір ішіне ерекше жарық береді. Ең керемет деген фотокамераға түсірілген ең сәтті фотосурет бұл сұлулықты сол қалпында бере алмас.

Бұл жерде қашан да қоңыр салқын: жер үстінде аптап ыстық, мұнда 17-19 градус шамасында. Төбеге қарасақ, анда-санда созылып барып үзілген тамшыларды көреміз. «Ақ Молданың көз жасы» деп аталатын осы тамшылар үңгірдегі ғажайып өсімдіктерге нәр береді. Кей кездері үңгір ішінде жаңғырып, ертегі дауыстарына ұқсаған құстардың әні естіледі.

БАЙЛАУЛЫ АЙДАҺАР

Үңгір түкпірінде сәкі орналасқан, жанындағы орындықта күлімдеген ақсақал отыр. Бұл – үңгір шырақшысы. Ол ұлтына, дініне қарамастан барлық қонақтарды өз қонақжайлылығымен қарсы алады. Зияратшылар үшін құран бағыштап, бата береді, ерекше дәмді құрт үлестіріп, осы үңгірге байланысты халық арасында көптеп таралған аңыз әңгімелерді баяндап береді.

Шырақшының айтуынша, бұл көне заманда жерасты мешіті болған. Ортадағы үлкен алаңнан маңдағы қамалдарды жалғастыратын жерасты жолдары таралған. Уақыт өте бұл жолдар бітеліп, мешіт бос қалды. Қазақ жерінде осындай бір жердің бар екендігі туралы аңыздар ұрпақтан ұрпаққа тарады. Мешітке сырттан кіретін жол болмады, оның қай жерде екенін ешкім білмеді. ХХ ғасырдың басында күмбездің бір бөлігі құлап, орнында осы үңгірге кіретін саңылау пайда болды. Адамдар осы жерге сатылар салып, зияратшылар келіп, тәу ететін орынға айналды.

Тағы бір аңыз бойынша, бұл үңгір жоңғарлардан тығылған қазақ әйелдері мен балаларына пана болған жер екен.

Тағы бір аңызда көне заманда бұл адамдар мен малға шабуыл жасайтын зұлым айдаһардың үңгірі болған деп айтылады. Айдаһар шықпақ болып қанатын жайғанда үңгірдің аузын бұзып кеңейтіп отырған-мыс. Бір күні осы өңірге Сүлеймен пайғамбар келіп, айдаһарды шынжырлап тастайды. Осыдан кейін аждаһаның қанша жыл өмір сүргені туралы аңыздар ештеңе айтпаса да, ұйықтаған жері сақталып қалған. Бұл - үңгірдің ортасындағы күн түсетін дөңнің үсті.

ДҰҒА ТІЛЕЙТІН ЖЕР

Бүгінде үңгірдің түкпір-түкпірінде зияратшылар жинаған тас төбелер пайда болған. Шырақшы немересінің періштедей даусымен оқыған намазын тыңдап, өз ойыңмен оңаша қалып, әр жинаған тасыңда бір тілегіңді қалдырып, жаратушыға өз дұға-тілектерің жетсе деп тілейсің. Олар жетеді де, өйткені, бұл жер тек табиғаты жағынан ғана ерекше емес, бұл жер көптеген жылдар бойы мыңдаған дұға-тілектердің жиналған жері...

Тамара СУХОМЛИНОВА

Атырау – Шымкент – Атырау

20 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.