Атырауда педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.
БАЛАБАҚШАЛАР, МЕКТЕПТЕР...
Конференцияда сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАННЫҢ айтуынша, оқушылардың дайындық деңгейінің шынайы көрсеткіші ретінде мемлекеттік білім гранттарын иеленулерін есептеу керек. Ал дәл осы көрсеткіш бойынша біздің өңіріміз көбінен артта келеді.
- 207 түлек ҰБТ-да әртүрлі пән бойынша екілік алған. Алайда ол мектепте «қанағаттанарлықсыз» бағасын алған жоқ қой. Баланы бір рет, екі рет қолдауға болатын шығар, алайда 11 жыл сүйрелеуге болмайды, - деп есептейді Ш.Мұқан.
Бүгінгі таңда Атырауда 71 балабақша жұмыс жасайды, оның 33-і – ақылы негізде. Тек 4 жеке балабақша мемлекеттік тапсырыс алады. Мемлекет жеке балабақшаларға әр бала үшін 20 мың теңгеден бөледі, алайда балабақшалар есептеулер және тексерулермен бас қатырғылары келмейді. Олардың клиенттері онсыз да жетерлік. Балабақшадан орын алу кезегінде, шамамен, 20 мың бүлдіршін тұр, олардың тең жартысы – облыс орталығының еншісінде. Соған қарағанда, жаңа нысандар үнемі пайдалануға беріліп жатқанмен, балабақшалардың жетіспеуі жақын арада күн тәртібінен түсе қоймас.
Облыс орталығы халқының үнемі өсуі мектептердің жетіспеушілігін де шешуге мүмкіндік бермей тұр. «Нұрсая» ықшамауданының салынғанына он жыл болады, алайда онда әлі күнге өз мектептері жоқ. «Нұрсая», «Жұлдыз», «Самал» ықшамаудандарының балалары оқуға Авангардтағы мектептерге барады. Және жаңа оқу жылы жүктеме бойынша авангардтық мектептер үшін тағы да күрделі болғалы тұр.
Тағы бір шешімін таба алмай тұрған мәселе – инклюзивті білім беру. Қазіргі кезде Атырауда 742 баланың мүмкіндігі шектеулі. Олардың 100-і арнайы оқу орындарында оқиды. Олар үшін балабақшалар мен мектептерде орын санын көбейту қажет.
... МҰҒАЛІМДЕР МЕН ОҚУЛЫҚТАР ЖЕТІСПЕЙДІ
Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту туралы айтып өтті. Биылғы жылы №14, Еркінқала орта мектебінде, Смағұлов, Жамбыл және Оңғарсынова атындағы мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы тағы 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, жобалау-сметалық құжаттамалары дайын. №№4, 5, 6, 19, Жамбыл, Смағұлов, Жангелдин, Сәтпаев атындағы мектептерде және техникалық гимназияда өртке қарсы дабыл қаққышты орнату үшін қаржы бөлінді. Оқулықтардың жетіспеушілігіне байланысты бюджеттен кітаптар сатып алуға бөлінетін қаржы көлемі едәуір өсті. Егер былтырғы жылы 53 млн теңге бөлінген болса, биылғы жылы – 294 млн теңге бөлініп, 394 412 оқулық сатып алынды. Биыл мектептердің де саны өсті. Тұрғындар қалашығында жаңа оқу орны ашылды – физика және математиканы тереңдетіп оқытатын физика-математикалық лицей. Жоғары сынып оқушыларына арналған мектеп кешкі мектеп болып қайта құрылды және онда кәсіпке бағдарлау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Нұрсаяда 280 орынға арналған мектеп құрылысы жүруде, бұрынғы «Ақбота» балалар үйінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді, оны қыркүйектің соңында аяқтау жоспарлануда. Математика және физика пәндері мұғалімдерінің жетіспеушілігі себепті Атырауға Орал және Ақтөбе қалаларынан 16 жас маман шақырылды.
МАҚТАУ ҚАҒАЗДАРЫ ЖӘНЕ «ГАЗЕЛЬДЕР»
Қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Нұрсәуле САЙЛАУОВА қазіргі таңда білім беру саласының алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
Біріншісі – оқытудың жаңа үлгісін енгізу, ол пилотты жоба ретінде жаңа оқу жылында №17 мектеп-лицейде сынақ түрінде жүргізіледі. Екіншісі – мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Бүгінгі таңда Атырау мектептерінде 4 071 педагог қызмет етеді, олардың 3 582-сі жоғары білімді, 466-сы орта білімді. 610 мұғалімнің жоғары санаты бар, 1 319 мұғалімде – бірінші санат. 526 мұғалім Назарбаев зияткерлік мектебінің жанындағы педагогикалық шеберлік орталығында дайындық курсынан өтуде – олар оқушыларды жаңа стандарттар бойынша оқытуға дайындалуда. ҰБТ-ға келер болсақ, ең жоғары көрсеткіш №17 мектеп-лицейдің еншісінде – орташа балл – 85,2, техникалық гимназия (76,2), «Тағылым» жеке мектебі (75). Биылғы оқу жылында Атырау қаласындағы 56 мемлекеттік және 3 жеке мектепке 51 015 оқушы, оның ішінде, 7 300 бірінші сынып оқушысы барады.
Тамыз конференциясында білім беру саласының ардагерлеріне облыс әкімінің алғыс хаттары мен «Сарыағаш» шипажайына жолдамалар табысталды. Қаланың үздік мұғалімдері қала әкімінің алғысымен қатар 100 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар, үздік оқу орындары да аталды: үздік мектеп болып №17 мектеп-лицей, үздік мектепке дейінгі оқу орны болып №11 «Таңшолпан» балабақшасы, үздік мектептен тыс орталық болып «Жас натуралистер станциясы» танылды. Бұл мекемелердің барлығы сыйлыққа «Газель» шағын автобустарын алды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА