Атырау, 28 қараша 23:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Ақ халатты абзал жан ұшып жетер көмекке

4 300 просмотра

Image 0...2002 жылы туған бала көлік астына түсіп қалды. Сынық көп, жабық бас сүйек жарақаты, - деп хабарлады Индер аудандық ауруханасының дәрігері. Жарты сағаттан кейін хирург-реаниматолог бастаған дәрігерлер бригадасы тікұшақпен әуеге көтерілді. Отадан кейін есін жинаған бала Атырауда жатқанын және оны ажал аузынан алып қалғанын естіп, таң қалды. Сол күні, 15 маусымда, санитарлық авиация дәрігерлері нағыз таңғажайып ерлік жасады.

ЕКІ КАБИНЕТ

«Санитарлық авиация» деген сөзді естігенде көз алдымызға шатырында тікұшақ алаңқайы бар жалтыраған зәулім ғимарат елестейді. Алайда оған облыстық аурухананың шым-шытырық дәліздерінің бір қуысында орналасқан екі кабинет қана беріліпті. Біріншісі – ординаторлық бөлме, мұнда Республикалық санитарлық авиациясының Атырау облысы бойынша үйлестірушісі Мүбин ДҮЙСАЛИЕВ бастаған дәрігерлер отырады, екіншісі – диспетчерлік. Дегенмен, маңызды істер атқаруға осы екі шағын бөлме де жеткілікті.

Мүбин Қуанбайұлы санавиация-ның шақырту алып, науқасқа жеткенге дейінгі әрекеттерінің алгоритмін бірнеше сөзбен түсіндіріп өтті. Образды тілмен айтсақ, ол – бір-бірімен әбден үйреніскен оркестранттарды басқаратын дирижер, ал олар өз кезегінде оны толықтырып отырады. Барлығы біріге отырып, алыстағы науқасқа нақты жағдайда не керектігін, оны жер үсті немесе әуе көлігімен жеткізу, оған мамандарды жіберу немесе телефон арқылы кеңес беру жеткілікті сияқты мәселелерді шешеді. Алайда барлық әрекеттер диспетчерлікке соғылған телефон қоңырауынан басталады.

ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАДАҒЫ ҰЙЫҚТАМАЙТЫНДАР

Image 3Республикалық санитарлық авиациясының Атырау облысы бойынша үйлестірушісі Мүбин ДҮЙСАЛИЕВ Дәрігер қарсы кабинеттің есігін ашып, мені кезекшілермен таныстырды. Бүгін фельдшер-диспетчерлер Рысжан МАМБЕТОВА мен Шарипа ҚАБДЕЛДІҢ ауысымы екен. Мұнда кереует жоқ, кіргендердің тәулік бойы ұйықтауға құқығы жоқ. Үлкен үстел үстінде қызметтік телефондар қаз-қатар қойылған. Диспетчерлердің айтуынша, бұлардың ішіндегі ең бастылары – ішкі байланыс және республикалық санитарлық авиациямен тікелей байланыс телефондары. Оларға арнайы көмексіз болмайтын жағдайларда аудандық дәрігерлер қоңырау шалады.

- ...Содан кейін қоңырау үйлестірушіге қосылады да, ол басқа дәрігерлермен бірге нақты осы жағдайда қандай мамандардың бригадасы керек екенін шешеді, - дейді әйелдер. – Бұлар акушер-гинекологтар мен неонатологтар немесе хирургия саласындағы дәрігер, не кардиологиялық орталықтың дәрігері болуы мүмкін. Жұқпалы аурулар немесе балалар ауруханаларының мамандары да бола алады... олардың ұялы, үй, жұмыс телефондарының номері үйлестірушіде бар. Телефон көтермеу қылмыспен пара-пар, олар күн-түн демей, кез келген уақытта байланыста болып, ұшуға әзір болулары керек. Дәрігерлер өздерінің негізгі жұмыстарымен бірге осы вахтаны да атқарады. Шақырту кезінде олардың үйде, кезекшілікте, науқас қабылдауда, стационарда жұмыс жасап жатқаны маңызды емес. Аудандардан шұғыл шақырту келсе, барлық жұмыстар кейінге қалдырылады.

Сонымен қатар санитарлық авиацияның Астанадағы республикалық орталығына қоңырау шалынып, тікұшақтың көтерілуіне солардан рұқсат алады. Шақырту-кеңес беру-келісім-ұшу сияқты барлық әрекеттер санаулы минуттарда өтеді.

ЕУРОКОПТЕР МЕН «МИШКА»

Image 1Диспетчерлік кабинетте күндізгі жарықтың шамдары еш уақытта сөнбейді және бұл кабинет ешқашан да босамайды - ереже солай. «Қазавиақұтқару» АҚ Батыс өңірлік филиалының директоры Мәжит КЕНЖЕҒАЛИЕВ маған тікұшақтардың тұрған жерін көрсетті. Үлкен ангардың ішінде дала өртін сөндіруге, адамдарды эвакуациялауға және т.б. арналған әр түрлі маркалы бірнеше геликоптер тұр. Мені көбіне қызықтырған санитарлық тікұшақ болды, оны басқалардан ажырату да қиын болмады. Міне, жанында қызыл кресі бар ЕС-145 еурокоптері. Жалтыраған, жыртқыш балықтай тұмсығы доғал, екі бүйірі шығып, маңғазданып тұр. Аздап қауіптенсе де, қарап шығуға рұқсат берген соң, салонға кірдім. Кіруін кіріп алып, өзім де тіксініп қалдым. Мүмкін, өзімнің бұл жерден ештеңе түсінбейтінімнен маңызды бір нәрселерін сындырып алам ба деген қорқыныш па, білмедім. Тағы бірдеңе... Иә, иә, қатты тазалық мені қашан да шошытатын.

Салонның іші сыртынан қараған-нан кең екен. Тасығыштар, жылжымалы төсектер мұқият орналастырылған. Сол жақтағы қабырғаға бекітілген медицина-лық жабдықтардың ішінен тек оттегі бетпердесі мен кардиости-мулятордың үтіктерін таныдым.

Әріректе тұрған МИ-8 тікұшағына көп көңіл аудармағанмын, қате болған екен. Мүбин Құнанбайұлы кейін айтқандай, әдемі еурокоптермен ұшқан жақсы ғой, алайда шақыртулардың көбіне осы ескі кеңестік «Мишка» ұшады екен. Біріншіден, оның ұшу қашықтығы өзінің неміс әріптесінен көбірек – 400 шақырым (ЕС-142-де 250 шақырым), жылдамдығы да, ұшқыштардың бірі сыбырлап айтқандай, артық. Бір ғана кемшілігі, ЭКГ-доплер, монитор және басқа да жабдықтарды «Мишкаға» дәрігерлердің өздері тасиды, ал, еурокоптерде мұның бәрі бар.

ҚАРА ТҮНЕКТЕГІ ЖАРЫҚ

- ...Дегенмен, шақырту түнде болатын болса, еурокоптердің де, Ми-8 ұшқыштарында да бірдей проблема пайда болады – қонатын жер жоқ. Тікұшақ алаңқайлары дейсіз, кейбір ауылдарда түнгі жарық беру де жоқ.

Қап-қараңғы түнекте олар қалай қонады? Қалған жол мен қонар жерді табуға шамдарын жағып автокөліктер көмектеседі екен. Бұл, әрине, қиын да қауіпті, сондықтан да ұшқыш болуға кез келгенді алмайды. Олардың шеберліктерінің арқасында ғана дәрігерлер барар жерлеріне аман-сау жеткізіліп отырады.

- Жазылмаған ережелер бойынша басымдық ең алдымен әйелдер мен балаларға беріледі. Біздің жылжымалы кювезіміз (инкубатор) талай жаңа туған балаларды көрді ғой, - дейді Мүбин Қуанбайұлы. – Бұл қашан да осында, ауруханада тұрады, өйткені, бізде осындай қосалқы жабдық жоқ, жалғыз.

Жыл басынан бері санитарлық авиация тікұшақтары 44 рет ұшқан, олардың 27-сі Құрманғазы ауданына, 11-і Қызылқоға ауданына, төртеуі Жылыой, 2-уі Индер ауданына барған. 51 науқасқа шұғыл көмек көрсетілген. Солардың ішінде: 17 қан айналым аурулары, 10 ауыр жарақат, 9 босану бойынша; 5 жаңа туған нәресте мен 7 сәбиге неонатолог және түрлі бағыттағы балалар дәрігерлері ұшып барған; 3 – «тағы басқалар» санаты.

Жаңа туғандарға арналған бұл инкубатор жиі керек болады. Уақытынан бұрын дүниеге келген, салмағы жетіспейтін нәрестелерді облыс орталығындағы ауруханаға жеткізу үшін бұл жабдық өте маңызды. Бұл қажет болған соңғы оқиға Сағызда болды. Облыстық перзентхананың дәрігерлері осы алыс ауылға уақытында жетіп, мерзімінен бұрын болған толғақты сәтті қабылдады. Ұл бала келі жарым салмақпен дүниеге келіп, облыстан келген мамандар болмаса, тірі қалмас еді. Қазір, дәрігер көрсеткен үлкен кітаптағы жазбаларға сәйкес, сәбидің жағдайы жақсы, анасымен бірге үйге шығарылған.

Инкубаторды тасымай-ақ, жүкті әйелдің өмірін сақтап қалу керек жағдайлар да болады. Шілде айының аяғында Ганюшкино ауылында 26 жастағы әйелден аналық жатырдан тыс жүктілік анықталды. Өте кеш байқады, әйелден қан кетіп, нәтижесінде геморрагикалық есеңгіреу (қан көп кету) басталып кетті. Науқасты осы күйінде облыс орталығына жөнелту оны өлтіргенмен тең еді. Ұшып келген акушер-гинекологтар отаны сол жерден жасап, содан кейін ғана Атырау ауруханасына жеткізді. Қазір әйелдің жағдайы жақсы. Ол тағы да бала көтере ала ма? Дәрігер сеніммен «иә» деді.

Науқастарымызға көмек көрсету үшін Алматы мен Астанадан ұшып келетін жағдайлар да болады. Мысалы, биыл 20 рет ұшып келді. Мықты медицина мамандарының өңірімізге келуі жоғары мамандандырылған көмек деп аталады және өздеріңіз біліп отырғандай, аса қиын және ауыр жағдайлармен ғана байланысты. Біздің науқастарымызды шұғыл түрде астанаға жеткізген оқиғалар да болды. Биылдың өзінде 12 науқасқа астаналық емханаларда ота жасалды.

ІС-ТӘЖІРИБЕДЕН

Image 2Дәрігерге адам өмірін құтқаруға қажетті нәрсенің бәрі - қол астында. Ең есте қалған оқиға? Мүбин Қуанбайұлы өткен жылғы «Алматы-Атырау» жолаушылар пойызы вагондарының рельстен шығып кетуін бірден атады. Жарақат алғандар өте көп болды, абырой болғанда, өлім-жітім болмады. Сол оқиға, дәрігер мойындағандай, барлығының, дәрігерлерді айтпағанда, жолаушылар мен теміржолшылардың жүйкесін жұқартты.

- Жақында болған оқиғалардан не бар екен? - деп дәрігер үлкен тіркеу кітабын парақтады. – 1953 жылы туған Сағыз ауылының тұрғыны. Жұрттың бәрі ол құлап, басын жарып алды деп ойлаған, алайда ми қан айналымы қатты бұзылған екен. Инсульт. Жалпы, қанайналымға байланысты аурулар көбейіп кетті. Мәселен, Миялы ауылында 19 жастағы жігіт соққыға жығылған. Бүйрегі зақымданып, көптеген ісіктер пайда болды... Облыс орталығына алып келіп, тікті, ота жасады. Бірақ, өкінішке орай, оның ағзасы мұны көтере алмады. Дәрігердің үстінен мен де кітапқа көз жүгірттім. Кітапта осы ақпараттармен қатар ұшу, жойылған барлық уақыт туралы ақпараттар жазылған. Өйткені, егер дәрігерлер отаны сол жерде жасаса, осы уақыт бойы ұшқыштар оларды күту керек. - ...Мына бір жерде тағы бір қылмыстық оқиға болуы керек – адамның ішіне оқ тиген. Иә, оны да құтқарды.

ЖМКА кардиолог-реаниматологы Жангелді ҚАДЫРОВҚА аудандарға айына орта есеппен үш рет ұшуға тура келеді.

- Алайда біз шақыртылған жерге науқас ауыр халде жатқанда жетеміз, - дейді ол. – Адамдар, әдеттегідей, ауырғанына көп мән бермеуге тырысады, жеңілдейтін шығар деп күтеді, бірақ жағдайы нашарлайды, өкпесі ісіп, жүрегіне күш түседі... Міне, мен барған соңғы жағдай – жіті коронарлық синдромды науқас. Жағдайын анықтағанша, инфаркт болды. Есеңгіреу болмас үшін көмек 3-6 сағатта көрсетілуі қажет. Абырой болғанда, үлгердік. Қалалық ауруханаға тыныс алу аппараты және біз қондырған уақытша кардиологиялық стимулятормен келді. Ота жасадық, екі тәуліктен кейін есін жиды.

НАУҚАСТАР САҒАТҚА ҚАРАМАЙДЫ

Тікұшақпен жеткізу қанша тұрады? Науқастарға тегін, ал мемлекетке арзан емес. Кейін анықтағанымыздай, барып-келу миллион теңгеден асады екен. Дегенмен, қаржы жағдайына байланысты науқасқа бармай қалған оқиға болмаған.

Маған республикалық санитарлық авиацияның «Қазавиақұтқару» және «Бейбарыс» әуе компанияларымен осы жылға бөлінген 227,2 ұшу сағатына жасаған келісімшартын көрсетті.

- Бұдан бір сағат та артық болмай ма?

- Бұл не дегеніңіз! – деді үйлестіруші. – Егер науқастар мен ұшулар көп болса, қосымша келісімдер жасалып, сағаттар қосылады. Бұл қалыпты жағдай.

...Біз көбіне дәрігерлерді жерден алып-жерге салып жатамыз, бұған негіз де жоқ емес, алайда олармен сөйлесу барысында осы шұғыл ұшулардан шаршағандарын байқаймын. Бірақ, бару керек, барады. Құтқарады. Тікұшақта бірде-бір науқастың өлімі тіркелмеген, бұл да біраз нәрседен хабар берсе керек-ті.

Анастасия ПАСТУХОВА


20 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.