Атырау, 28 қараша 22:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Ұлттық қор ортайып барады

1 399 просмотра

Image 0Үстіміздегі жылдың қаңтары мен шілде айлары аралығында мұнай компанияларынан 5 трлн теңге тікелей салықтық түсімдер түсті. Өткен жылғы осы кезеңде 8,3 трлн теңге болған. Алғашқы жарты жылдықтың өзінде Ұлттық қор бюджеті 3,2 трлн теңгеге кеміді. Нарықтағы жағдай да мәз емес.

Отандық мұнай өндіруші компаниялар жыл басынан бері шығынмен жұмыс жасап келеміз деп шағымдануда. Егер артық табысқа салынатын салықтан Ұлттық қорға түсетін түсімдерді алсақ, ү.ж. қаңтар-шілде аралығында 2014 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 113,5 млрд теңгеге азайған. Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты табыс та құлдырауда. Мәселен, мұнай өндірудің отандық көшбасшысы «ҚМГ» БӨ АҚ алғашқы жарты жылдықтағы таза табыс 72 есе азайғаны туралы мәлімдеді.

Ең жағымсыз жорамалдар жүзеге асып, Иран мұнай өндірісін арттыратын болса, экономикамыз бен мұнай өндіруші компанияларымызды не күтіп тұр? «АЖ»-ға осы мәселелер бойынша экономист Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ түсінік берді:

- Иран факторы турасында бірдеңе айту әзірге қиын. Әрине, ол, Дүниежүзілік банк жорамалдап отырғандай, мұнай бағасын 10 долларға дейін түсіруі мүмкін. Жеке меншік банктер жорамалдағандай, одан да төмен түсіруі мүмкін. Алайда бұл фактор қазіргі бағаны белгілегенде есепке алынған да шығар. Жалпы, Иран экспортты тәулігіне 1,2 млн баррельге арттыра алады, бірақ мәселе оның мерзімінде болып тұр. Егер бұл ирандық шенеуніктер мәдімдегендей бір айдан кейін болса, баға төмен құлдырайды, егер жыл ішінде болса, басқа жеткізушілердің өндірісін азайту арқылы төмендетпеуі де мүмкін. Шынын айту керек, Иранда бұрын өндірілген мұнай резервтері бар, оның көлемі 7-35 млн баррель шегінде бағалануда, осы көлемді олар қазірдің өзінде нарыққа шығара алады. Басқаша айтсақ, Иран мұнай өндірісін арттырмағанның өзінде де экспортты өсіре алады.

Дегенмен, бағаны күрт құлдыратуға әкеліп соғатын экспортты арттыру Иранның өзіне де тиімді бола қоймас. Өйткені ол бағаның құлдырауына байланысты экспорттық кірістерді арттыра алмайды. Жалпылай алғанда, мұнай бойынша жорамалдар «төмен» қарап тұрмын, ең пессимистік жорамал – алдағы онжылдықта 20-40 доллар. Егер осы сценарий жүзеге асырылса, экономикамыздың барлық көрсеткіштері құлдырайды – ЖІӨ, резервтер, ақша салмағы және т.б. төмендейді. Бір жағынан, шілде айындағы деректер әлемдік өндірістің 0,6 млн баррельге дейін төмендегенін көрсетті, бүл үрдіс әрі қарай да жалғасады. Мұндай жағдайда келесі жылдың аяғына қарай артық өнімдер жойылып, бағалар көтерілуі мүмкін. Жалпы, мұнай бағасы көңіл-күйге байланысты құбылады, қай жорамал жүзеге асатынын нақты айту қиын, өйткені факторлардың барлық түрі де маңызды болып отыр.

Әрине, қазақстандық мұнай компаниялары баға төмен болған жағдайда шығынмен жұмыс жасайды. Шығын болмас үшін бюджет жағдайын ғана емес, жалпы әлеуметтік ахуалды қиындататын іс-шараларға бару керек, өйткені мұнай компанияларына салынатын салықтарды азайтуға, әлеуметтік бағыттағы шығындарды азайтуға, сондай-ақ жұмыспен қамтуды жасанды арттыру мақсатында артық қызметкерлерді жұмысқа алуды қысқартуға тура келеді. Жалпы, адамдарға басқа жұмыс тауып беру үшін экономикалық саясатты түбегейлі кері қарау керек. Біздің шикізаттық экономикамызды қанша сынып жатса да, бұл саланың құлдырауына мүмкіндік бермеу керек. Мүмкін, сала басшыларына ішкі жемқорлық пен кез келген салымдардың тиімділігін арттыру үшін үлкен кадрлық өзгерістер жасауға ерік берген дұрыс шығар.

Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА

18 тамыз 2015, 12:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.