Астанадағы Қазақ инженерлік-техникалық академиясы "Алтын белгі" иегері атана отырып, мемлекеттік білім грантына іліге алмай қалған 39 талапкерге ректорлық грант ұсынуға дайын, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақ инженерлік-техникалық академиясының ректоры Талғат Игіліков оқу орны "Алтын белгі" иегерлерімен байланысып, оларға тегін оқу ұсыну үшін ҚР Ғылым және білім министрлігіне олардың аты-жөні туралы ақпарат беруді сұрап өтініш жібергенін айтты.
"Біз оларға көмектескіміз келеді. Тәжірибеден білеміз, мұндай оқушылар топты соңынан ерте алады, сондықтан да олардың білімге деген құлшынысы жоғары. Бұл біздің жеке қызығушылығымыз. Мен 39 талапкердің бәрі бізге тапсырады деп ойламаймын, дегенмен кез келгені келе алады", - деді Игіліков.
Ол 2007 жылы құрылған академия құрылыс салсындағы мамандарды дайындайтынын айтты. "Бізде төрт бағыт бар - құрылыс экономикасы, жерге орналастыру, құрылыс және энергетика. Мысалы, экономикалық блокта бухгалтерлік есеп, экономика және менеджмент бар", - деді ректор.
Сонымен қатар, ол ректор грантында оқығандарға шәкіртақы төленбейтінін, дегенмен "Алтын белгі" иегерлері үшін мұның да қарастырылатынын мәлімдеді. Талапкерлер Астанадан басқа аймақтан келген болса, оларға жатақхана да беріледі. "Алтын белгі" иегерлері осы академияда білім алғысы келсе, 24 тамызға дейін құжат тапсыруы керек.
Еске сала кетейік, Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің өкілдері 12 тамызда өткен брифингте "Алтын белгі" иегері болған 39 түлектің, халықаралық олимпиадалардың сегіз жеңімпазы, халықаралық ғылыми жарыстардың 92 жүлдегері және түрлі шығармашылық және спорт жарыстарының 293 жеңімпазы да грантқа іліге алмағанын хабарлады. "Бізде тек "Алтын белгі" иегерлері ғана немесе олимпиада жеңімпаздары ғана кірген бірқатар мамандық бар. Бұл, айталық, халықаралық қатынастар, шығыстану, шетел филологиясы, құқықтану, кеден ісі, экономикалық барлық мамандықтар, медицина. 39 "Алтын белгі" иегері грант ала алмады. Себебі, жастардың бұл категориясы тек сұранысқа ие мамандықтарды белгілейді. Әрине, олар өз балдары бойынша тізіледі, ал экономикалық және құқықтану мамандықтарына гранттар саны азаяды", - Білім және ғылым министрлігінің Жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және халықаралық қатынастар департаментінің директорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев.
Дереккөз: tengrinews.kz