Атырау, 28 қараша 21:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Қайта қаржыландыру: процесс басталды

3 208 просмотра

Image 0

2004-2009 жылдардағы кезеңде берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру қаржылары екінші деңгейлі банктерге (ЕДБ) түсті.

Бұл туралы таяуда өткен бірінші жартыжылдықтың қорытындысына арналған баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының басшысы Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ хабарлады.

Естеріңізге салсақ, елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында үкімет пен Ұлттық банк ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу үшін Ұлттық банктен 130 млрд теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Бастапқыда ЕДБ-ден доллармен қарыз алып, осылайша екі девальвациядан көп зардап шеккендер туралы әңгіме қозғалды.

Жақында Ұлттық банк «Проблемалы несиелер қоры» АҚ-ын 130 млрд теңге сомада капиталсыздандыруды жүзеге асырды. Өз кезегінде Қор осы қаржыларды 20 жыл мерзімге жылдық 2,99% сыйақы мөлшерлемесімен екінші деңгейлі банктердің депозиттеріне орналастырды.

Қаржы былайша бөлінді: Қазкоммерцбанк (БТА Банк, БТА Ипотека) 38,1 млрд теңге, Қазақстанның Халық банкі – 33,6 млрд, ForteBank АҚ – 20,3 млрд, «Банк ЦентрКредит» АҚ – 15,6 млрд, «АТФ Банк» АҚ – 9,5 млрд, «Kaspi Bank» АҚ– 5,3 млрд, «Цеснабанк» АҚ – 3,6 млрд, «Евразийский Банк» АҚ – 2,4 млрд, «Нұрбанк» АҚ – 1,6 млрд алды.

Бағдарлама шарттары бойынша қарыз алушы банктерден 2004 жылдың 4 қаңтарынан 2009 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта алынған, негізгі қарызы бойынша қарыз қалдықтары 36 470 000 теңгеден немесе шетелдік валютада 2015 жылдың 1 қаңтарындағы бағам бойынша баламасынан аспайтын ипотекалық қарыздар қайта қаржыландыруға тиесілі. Қайта қаржыландыру қарызы бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3 пайыздан аспайды. Баспана 2015 жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бойынша қарыз алушы мен оның жұбайы үшін ҚР аумағындағы жалғыз баспана болуы тиіс. Тұрғын алаң 120 шаршы метрден аспауы тиіс.

Бұл талап әлеуметтік осал топқа жататын көп балалы қарыз алушыларға қолданылмайды. Банктердің жергілікті филиалдарына өтінімдер (әсіресе, проблемалы несиелер бойынша) түсіп жатыр, алайда күткендей белсенді емес. Банкирлердің пікірінше, теңгемен алынған қарыздардың да қайта қаржыландыруға жататынын қарыз алушылардың бәрі бірдей түсінбеген секілді.

Қарыз алушылар үшін тағы бір жақсы жаңалық. Қазіргі кезде баспананың шаршы алаңына қатысты шарттар өзгереді деп күтілуде.

Бүгінде 120 шаршыға қатысты жалпы алаңды айтады. Бірақ қазір 120 шаршы метрді жалпы емес, тұрғын алаң ету ұсынысы бекітілу кезеңінде тұр. Мәселе мынада, қарыз алушылардың баспанасы бекітілген мөлшерден 1-2 шаршыға үлкен болып шыққан өтінімдер түсуде. Сонда ол адам бағдарламаға қатыса алмайтын болғаны ғой. Өтінімдер легіне келер болсақ, көп болатын шығар деп ойлаған едік. Өйткені, портфельге алдын ала талдау жасап, қандай мөлшерде күтетінімізді білдік, - дейді банк филиалындағылар. Жергілікті филиалдарда да қанағаттандырылған өтінімдер бар екенін, бас тартылған өтінімдер де бар екенін, олардың бірақ аздығын айтты. Негізінен бас тартулар шаршы метрлердің асып кетуіне, сонымен қатар бір баспана болу шартына байланысты болып отыр. Ол 2015 жылдың 1 қаңтарында болуы тиіс.

Кейбіреулер ренжиді, бірақ бұл мемлекеттік бағдарлама. Дегенмен клиенттердің басым бөлігі сауатты адамдар, олар неге үміттене алатындарын біледі, - деп есептейді банк қызметкерлері.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

13 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.