Кезеңдермен бәрімізге де белгілі бір құжатты ресімдеуге тура келеді. Жоғарыда отырған шенеуніктер мұндай рәсімдерді жеңілдетіп жатырмыз деп айтудан еш шаршаған емес. Біз мұның іс жүзінде қаншалықты шындыққа сәйкес келетіндігін тексердік.
Атырау тұрғыны Евгенияға жүргізуші куәлігін ауыстыратын уақыт келді (ескісінің қолданыс мерзімі аяқталды). Біз ресімдеу рәсімінен бірге өттік.
БІРІНШІ КҮН
Жаңа құжат алу үшін қиын ештеңе күтіп тұрмағандай еді: тек медициналық тексеруден өтіп, нарколог пен психиатрдан анықтама алып, жол полициясында шамалы қағаз толтыру ғана керек.
- Мұның барлығы, әрі кетсе, екі күнге созылар, - деп өзін-өзі үміттендірді қыз. – Жолым болып кетсе, медициналық тексеруден жарты күнде өтіп, түстен кейін жол полициясына үлгеруге болады.
Медициналық тексеруден өтуді жергілікті жердегі емханадан бастадық. Өтетін дәрігерлердің тізімі бар «Форма 83» бланкасын Евгения тіркеліп тұрған қалалық емхананың Авангардтағы филиалынан аламыз деп жоспарлағанбыз, алайда мұндай қағазды емхананың өзінен барып алу керек екен. Бардық, 2 840 теңге төлеп, бланка алдық. Евгения жарты сағаттың ішінде екі дәрігерден – окулист пен лордан өтіп шықты, кезек аз екен. Қабылдау уақыты болса да кілттеулі тұрған хирург кабинетінің алдында 20 минут тұрдық. Келмеген соң, невропатологқа барайық деп шештік, ол да орнында жоқ екен.
Уақытымызды босқа өткізбес үшін облыстық наркологиялық диспансерге анықтама алуға бардық. Кезегімізді күтіп, кассаға 1 200 теңге төлеп, келесі кезекке көштік, осыдан кейін Евгения наркологиялық диспансер базасы бойынша тексеруден сәтті өтіп, анықтамасын алды. Оны басқа кабинетке алып барып, мөр соқтырды. Нәтижесінде осы анықтаманы алуға бір сағат жарым уақыт кетті.
Уақыт түскі үзіліс кезіне жақындап қалғандықтан, біз дәрігерлерді түстен кейін аралаймыз деп шештік.
Енді облыстық жүйке аурулары диспансері. Кабинеттегі диспансер қызметкері көңілімізді түсіріп жіберген жаңалықты жеткізді: біздің кейіпкеріміз Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы болғандықтан, Атырауда тұрақты мекенжайы болса да, мекенжай анықтамасын әкелу керектігін айтты. Амал жоқ, жақын жердегі ХҚКО-ға бардық. Диспансерге бір сағаттан кейін оралдық, жаңағы әйел тағы бір жайсыз хабармен қарсы алды:
- Бұрын Оңтүстік Қазақстанда тұрып, Атырауда 5 жылдан кем уақыт тұрғаныңыз (Евгения 4 жыл бұрын атыраулық жігітке тұрмысқа шығып, Атырауға көшіп келген) себепті сізге қазір анықтама бере алмаймыз, біз Оңтүстік Қазақстан облысының жүйке аурулары диспансеріне сұраныс жіберуіміз қажет.
Осыдан кейін бізді кассаға 1 100 теңге ақша төлеуге жұмсады. Осыдан кейін Женя психологпен әңгімелесуге кірді.
Кейіпкеріміз дені сау деген қорытындысын алып шыққаннан кейін біз қайтадан мөр соқтыру үшін бірінші кабинетке бардық. Бұл кабинет 17.00-ге дейін жұмыс жасайды екен. Алайда психологтан дәл осы уақытта шыққанда кілттеулі тұрған есікке «басымызды соқтық».
Анықтамаға мөр соқтыру үшін осы жерге таңертең қайта келуге тура келді.
ЕКІНШІ КҮН
Таңертең қайтадан емханаға келдік. Бұл жолы жолымыз болып, хирургты орнынан ұстап, мөрін соқтырып алдық. Невропатологқа бардық, кабинеті тағы жабық тұр. Осы сәтте жанымыздан барлық мамандарға қол қойдырғаннан кейін баруымыз қажет терапевт өтіп бара жатты. Дәрігер медициналық тексеруден қалай өтіп жатқанымызды сұрады. Қолымыздағы «форма 083» парақшасына көзін жүгіртіп, наркологиялық диспансерге кері баруға кеңес берді. Ол жерде анықтама беріп, бланкаға мөр басуды ұмытыпты. Наркологияға барып, мөр соқтырдық... Түс болып қалды...
Түстен кейін емханаға қайта оралып, невропатологқа кезекке тұрдық. Көптен күткен қабылдауында дәрігер амбулаториялық картамызды сұрады. Қырсыққанда бұл қағаз жоқ болып шықты, Евгения көп жылдан бері ауырып-сырқаса, жеке қызмет көрсететін дәрігерлерге және жеке меншік емханаларға қаралады екен.
- Амбулаториялық карта болуы керек.
Амал жоқ, тіркеу бөліміне барып, амбулаториялық карта аштырдық. Кезекке қайта оралдық. Картаны толтырып болғанша невропатологты басшылар шақырып алды. Күту кезінде кезекте тұрған өзіміз сияқты жүргізуші куәлігіне құжат жинап жүрген адамды тауып алдық: жас жігіт осы кезекте алтыншы күннен бері тұрғаны туралы айтты.
- Мен әлі бақытты екенмін ғой, - деп күлімдеген Женя бүгін невропатологты көрмейтін болармыз деп жорамалдады. Солай болып шықты.
ҮШІНШІ КҮН
Невропатологтың медицина-лық тексеру бойынша тек түстен кейін қабылдайтынын білсек те, емханаға ерегесіп таңмен бардық. Қолына бланкасы мен амбулаториялық картасын ұстаған Женя кабинетке баса-көктеп кіріп барды. Сол жерде дәрігер екеуі сөзге келіп қалды:
- Қызым, есіктегі медициналық тексеру екіден төртке дейін деген жазуды оқыдың ба?!
- Кеше мен сізді үштен төртке дейін күттім, келмедіңіз...
- Амбулаториялық картаңды берші... - деп келісімге келді дәрігер.
Картаның ішінде еш нәрсе жазылмағанын көрген (кеше ғана ашылды ғой) дәрігер:
- Неге ештеңе жазылмаған? Толтырылуы керек. Бұлай болмайды, - деп кейіді.
Евгенияға емханалардың қызметін қолданбайтынын және бұрын қолданбағанын түсіндіруге тура келді. Ұзақ әңгімеден кейін дәрігер ақырында парақшаға мөрін баса салды. Бір қызығы пациенттің денсаулығы туралы бірде-бір сұрақ қоймады.
ТӨРТІНШІ КҮН
Тек медициналық тексеруден өту үшін Евгения үш күнін сарп етті. Басшылықтан бір күн сұранған ол қалған екі күнде мұндай «мәртебеге» ие бола алмады. Ақшасыз күн алуға тура келді.
Жұмыстың көбі кетіп, азы қалғанда кейіпкеріміз қолын бір сілтеді.
- Жолполда қағаз ресімдеуге енді шыдай алмаймын. Көп уақыт ыстық бөлмеде кезек күтетінімді ойласам, жылағым келеді, - деп мойындады ол.
Женя таныстары арқылы «қол ұшын беретін» адамды тапты. Ол 18 мың теңгеге барлық қағазбастылықты бір күнде шешті. Евгенияға тек келесі күні фотокамераға күлімдеп, жап-жаңа куәлігін алу ғана қалды.
Тамара СУХОМЛИНОВА