«Атырау Су Арнасы» қызметтеріне жаңа тариф 1 тамыздан бастап қолданылады. Алайда қала тұрғындары су бағасының өсуіне әлі де болса көне алмай отыр.
НАУБАЙХАНА, КӨЛІК ЖУУ, МОНША, ШАШТАРАЗ
Монополист бағаларының өсуіне қарсы қозғалыстың белсенділері, соның ішінде Талғат АЯН, әлі де болса жағдайды өзгертуге тырысып бағуда. Олар облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ, Атырау облысы прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВҚА және Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік ЖҰМАНҒАРИНГЕ хат жазып, 1 300 қала тұрғынының қолын жинады. Басқа қала тұрғындары да әлеуметтік желілерде өз наразылықтарын білдіріп жатты. Осыған байланысты 7 тамызда қалалық әкімдікте АСА басшылығы, ҰКП-ның жергілікті филиалы және ҮЕҰ өкілдері – «Атыраудың азаматтық бастамасы» белсенділерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
АСА директоры Андрей ТАШЛЫКОВ өз сөзінде көбіне тарифтің өсуінің негіздемесіне тоқталды. Басты аргумент – кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын орындау. Бұл бағдарлама өте үлкен, алайда, мекеме басшылығы оны бірнеше рет қайталап айтқандықтан, ең шығынды екі тармағына тоқталайық. Біріншіден, кәсіпорын 1 млрд 785 мың теңге сомаға су тазалау құрылғысына электр және жылу қуатын өндіретін қондырғы (когенерациялық қондырғы) алуды жоспарлап отыр - өйткені, «Атырау Жарық» АҚ-тың еш ескертусіз СТҚ, ӨСС және КСС-те электр қуатын ажыратып тастайтын әдеті бар.
2014 жылы АСА нысандарында электр қуатын 12 рет ажыратқан, жыл басынан бері 10 рет осындай оқиға болды. Екінші маңызды тармақ – натрий гипохлорит өндіретін электролизді цех салу. Андрей Ташлыковтың айтуынша, қазір кәсіпорын суды сұйық хлордың көмегімен тазалайды, ал, хлордың ағзаға жиналып қалатын қасиеті бар.
- Кәсіпкерлерге қатысты түсіндіріп кетейін: тарифтің өсуі шын мәнінде өздеріңіздің қызметтеріңіздің құнымен салыстырғанда еш әсерін тигізбейді. Мәселен, наубайхананы алайық. Қарапайым жұмсақ нан жасау үшін 200 мл су керек, бір «текше» судан 5 000 нан әзірлеуге болады. Ал, нанның құнын 45 теңге деп есептесек, 5000 нанды сатқанда түсетін табыс 225 000 теңгені құрайды, ал осы нанға пайдаланған бір текше метр суға кәсіпкер жаңа тарифпен 355 теңге (ҚҚС есептегенде) жояды. Статистика бойынша, бір көлік жууға 50 литр су керек екен. Жаңа тариф бойынша бір машина жуатын суға 15 теңге төленеді, ал, көлік жуу бекеті бір көлік жуғаннан 2,5 мың теңге пайда көреді. 15 теңге шығын және 2,5 мың теңге табыс – үлкен айырмашылық, - деді А. Ташлыков. Ол, сондай-ақ, моншаны, шаштаразды және басқа да кәсіпорындарды мысалға келтірді, оның есебінше, барлық жерде де тарифтің өсуіне байланысты шығындар мардымсыз.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІ НЕГЕ АЛЫП ТАСТАДЫ?
Зейнеткер Қали ӘУБӘКІРОВТЫҢ пікірінше, Атырау тұрғындары алдында тарифтің өсуіне кез келген шаруашылық субъектісі сияқты өз тарифтерінің көтерілгенін қалайтын АСА емес, монополияға қарсы ведомство жауап беру керек.
- Бізде судың сапасы жақсы, мен өз үйімнің кранынан су алып, үш зертханаға бердім, барлық жерлерде де анализдер белгіленген стандарттардан жоғары болып шықты. Алайда мен жеке секторда тұрамын, көпқатарлы үйлерде судың жаман болуы құбырларының шіріктігіне байланысты. Монополияға қарсы агенттіктің сұралған 652 теңге тарифті 101-ге дейін қалай түсіргеніне таң қаламын. Неге ашықтық жоқ, осы деректердің барлығы сайттарыңызда неге жоқ? - деп табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкіліне сұрақ қойды ол.
Бұрын Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жанында монополист қызметіне бақылау жасайтын қоғамдық кеңес жұмыс жасады. Осы ведомстводағы реформалардан кейін құрамына белгілі қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВ та кіретін ТМРА-ның жергілікті департаменті жанындағы қоғамдық кеңес өз жұмысын тоқтатты.
- Ал, бұл тариф қоғамдық бақылаусыз есептелді деген сөз, - дейді Макс. Оның АСА инвестициялық бағдарламасы бойынша да ескертпелері бар екен. Жақында Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз ЕРЖАНОВТЫҢ Атырауға келген іссапары кезінде облыс әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ қазір «Тұз» ЖШС натрий гипохлориді және суды зарарсыздандыратын және тазалайтын өнім шығаратын кешенді іске қосып жатқаны туралы айтқан болатын. «Тұз» ЖШС өнімдерінің алғашқы сатып алушысы «Атырау Су Арнасы» КМК болады деген-ді. Бұл рас болса, АСА-ның жаңа қондырғы сатып алуына не қажеттілік бар?
Өскеменде, мәселен, мұндай бағдарлама «Ақбұлақ» бағдарламасы желісі арқылы алынған. Неге біздің облысымызда мұны тұтынушылар қаржысынан алады?
- Атырау Жарық және АЖЭО монополистері олардың тарифі ел бойынша ең төмені және электр қуатын бұдан төмен түсіруге болмайды деп уәж айтады. Ал АСА болса, үлкен қаражатты үнемдеп, электр және жылу қуатын өндіретін өз қондырғыларын қойғысы келеді. Мұны қалай түсінеміз? АСА сияқты стратегиялық маңызды нысанда электр қуатын үнемі ажыратып тастауға келсек, бұл бассыздық қой, бұл үшін энергетиктерді үлкен айыппұлдармен жазалау қажет, - деп есептейді М. Боқаев.
АСА басшысы келтірген бизнес саласындағы мысалдар қоғам белсенділерін сендіре алмады. Олардың пікірінше, кез келген өнімнің, әсіресе, су сияқты маңызды нәрсенің бағасын көтеру мультипликативтік әсер туғызады.
Бұрын ПИК төрағасы болған, коммуналдық салада жұмыс жасаған «Демос» ҮЕҰ жетекшісі Тоғжан ҚИЗАТОВАНЫҢ пікірінше, су құбырының сапасына құбырлар көп әсер етпейді:
- «Құлагер Жайық» тұрғын үй кешенінде біз тұрғындардың қаржысына үш жыл бұрын барлық құбырларды ауыстырдық. ПИК қызметкерлеріне көмектескен оралдық сантехниктер үйді қолданысқа бергеннен (2005 жыл) бері аз уақыт өтсе де, құбырлардың нашар күйін көргенде жағаларын ұстады. Құбырларды ауыстырғаннан кейін де жаңа шәйнектің іші бір айда қаққа толды.
«ИӘ» ЖӘНЕ «ЖОҚ»
Монополияға қарсы ведомствоның жанындағы сараптамалық кеңесте көп жылдар бойы қатысқан Наурызғали ӘБІЛХАЙЫРОВ судың тарифы бұдан да жоғары болу керектігіне сенімді. Басқа жағдайда кәсіпорын ешқашан табыс көретін деңгейге шыға алмайды және мемлекеттік дотацияға мұқтаж болып отырады.
Кәсіпкер Біржан АРЫСТАНҒАЛИЕВ те АСА тарифінің көтерілуін жақтады. Оның пікірінше, сапалы сумен қамтамасыз ету үшін үлкен шығындар керек.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол ҚАЙРАНБАЕВ басқаша пікір білдірді. Оның айтуынша, тарифтің күрт өсуіне себепші болған инвестициялық бағдарламада заң бұзушылықтар бар, оған прокуратура қарсылық беріп үлгерді және палата прокуратурамен бірігіп монополистер тарифтерін тексеруді жалғастыра бермек. Осы процестерге қатысу үшін Алматыдан мамандар көмекке келе жатыр екен.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ монополистер жұмысы мен олар көрсететін қызметтердің сапасын қадағалайтын қоғамдық кеңес құрып, осындай өзекті мәселелерді талқылауға айына бір рет жиналуды ұсынды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті қала әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды