Атырау, 28 қараша 22:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Шипалы Тұздыкөл

8 054 просмотра

Image 2Индербор поселкесінен 16 шақырым қашықтықта жатқан Тұздыкөл көлі көп адамдарға таныс: оның суы мен балшығының емдік қасиеті бар. Тек жағалауының ешқандай абаттандырылмауы өкінішті. Ал, ол жерге атыраулықтар да, еліміздің өзге өңірлерінен келетіндер де, шетелдіктер де барады.

Кезінде екі жергілікті кәсіпкер мұнда сервиспен айналысуға тырысып көріп еді, бірақ бәрі сәтсіз болды. Бұдан кейін ынта білдірушілер болмады. Ал, ми қайнатар қапырық ыстыққа қарамастан жан-жақтан ағылған көліктерде есеп жоқ. Мұнда келгендер түнейтін орын іздеп, кейбірі таныстарының, туыстарының үйлеріне тоқтайды, көпшілігі жағада түнейді. Қонақтар барлық жағдайды өздеріне өздері жасайды: шатыр құрып, қазан-табағын, ас-суын, көрпе-төсегін әкеліп, көлік ішіне түнеп жатады. Сырқатына шипа іздеген адамдар қандай болмасын қиындыққа төзуде.

- Мен осында үшінші рет келіп отырмын. Бұл жолы осында бес күн түнемек ойым бар. Кемпірім екеуміз шатыр тігіп, самаурын, қазанымызды алып келдік. Буындарымыз сырқырайды, көл суы ауруымызды емдеп-жаза ма деп үміттенеміз, - дейді Махамбет ауылынан келген 63 жастағы зейнеткер Қалидолла ЖАҢБЫРБАЕВ.

Мұндағы дәстүр бойынша көлге келгендер орамалға ақша түйген нияздарын ағаш басына байлайды. Құран бағыштатындар да бар. Күрек пен шелектері барлар алдымен балшық ортасынан өзі отыратын шұңқыр қазып әлек. Шұңқыр бірден суға толды. Оны шелекпен төгіп, кейін жалаңаш-жалпы қалпы шұңқырға отырып, балшығын денелеріне жаға бастады. Әбден «қара майға» бөккен менің танысым ол жерде жарты сағатқа жақын отырып, кейін тұзы кристалданған ақ айдынға барып жуына бастады. Тізеге дейін жетер айдында рахаттана жатқандар да бар. Мұнда бірнеше минутын арнап болғаннан кейін бір топ адам жағадағы бұлақ басына барып шайына бастады. Ол «күркіреуік» деп аталады. Мұнда келетіндер бұлақ суын ыдыстарға құйып, күн көзіне қойып кетеді екен. Адамдар балшық пен тұзды су процедурасынан өткенше су жылып тұрады. Кейін жуынып-шайынуға болады. Кейбіреулер бұлақ суына қарбыз, ауыз суларын қалдырып кетеді – ешқандай тоңазытқыш іздеп әуре болмайды.

- Менің балаларымның бронх демікпесі бар. Біз Атыраудан бірінші рет отбасымызбен келіп тұрмыз. Таныстарым Тұздыкөлдің бронхитті емдеуге көмегі бар деген, - дейді Айнагүл ЖАНТУРИНА.

Тұздыкөлдің гидрографикасы: Шарасының аумағы 110 км2, ең терең жері 0,7 метр, жағалау сызығының ұзындығы 40 км.

Мұнда келушілер дәрігерлерге барып кеңес те алмапты. Өз беттерінше ем қабылдап жатыр. Тұзға қай уақытта, неше сағат жататынын да білмейді. Дәрігерлер егер балшық пен суды шамадан тыс көп қабылдаса, ауруды қоздырып, болмаса жүрекке салмақ түсіріп, қан қысымын көтеріп жүберуі мүмкін екенін жасырмайды.

- Мен мұнда келмес бұрын Тұздыкөл жөнінде ақпарат іздеп, ғаламторды ақтарғанмын. Бір мақалада жергілікті ғалым, академик Хасан ҚАМАШЕВТЫҢ кеңесін ғана таптым. Басқалай дерек таппадым. Тұздыкөл әлі күнге дейін зерттелместен, қолға алынбастан жатыр ғой. Мұнда, ең болмаса, әжетхана да жоқ, айналасы қоқысқа толған. Биліктің бұл мәселемен неге айналыспай отырғанын түсінбеймін, - дейді келушілердің бірі.

Біз осыдан бірнеше уақыт бұрын Тұздыкөл көлінің жағдайы туралы сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВКЕ хат жолдаған едік. Жауап келмеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор


13 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.