– Мен декреттік демалыста 3 жылдай болып, 1 қыркүйекте жұмысқа шықтым. Жақында кәсіпорын әкімшілігі желтоқсан айында бір аптаға болса да еңбек демалысына шығуым керек екенін айтты. Өйткені мен декреттік демалыста болған кезде еңбек демалысы кестесі қайта жасалыпты. Ал менің кезегім жыл аяғына сәйкес келеді екен. Әрине, мен демалысқа шыққым келмейді. Біріншіден, жұмысқа шыққаныма көп болған жоқ. Екіншіден, қыста демалғанды ұнатпаймын. Сондықтан заңды негізде демалыстан бас тарта аламын ба?
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бөлім бастығы Әліпқали ДӘУЛЕТЬЯРОВ жауап береді. «Бұл жағдайда қызметкер демалыстан бас тарта алмайды деп ойлаймын. «Жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру тәртібі» деп аталатын 105-бапқа сәйкес, қызметкерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі. Кәсіпорында қызметкерлермен келісілген еңбек демалысының кестесі жасақталып қойған болса, онда барлығы осы құжатқа бағынулары тиіс. «Жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру кезектілігі» деп аталатын 107-бап бойынша, қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын берудің кезектілігі еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс беруші қызметкерлердің пікірін ескере отырып бекітетін демалыс кестесінде белгіленеді».