Бұдан үш жыл бұрын, 2012 жылдың тамызында Атырау облысына Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ әкім болып тағайындалды. Өзінің кездейсоқ тағайындалуы, осы үш жылда шеше алған және шешімін таба алмаған мәселелері жөнінде, бордюрлер мен су тарифының өсуі туралы «Ақ Жайық» газетіне берген сұхбатында әңгімелеп берді.
«АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ БАРЛЫҒЫ СЫРТТАН КЕЛЕТІН»
- Бақтықожа Салахатдинұлы, облыс әкімі болып отырғаннан бері шешкен үш басты мәселеңіз бен шешімін таба алмаған үлкен проблемаңызды атаңызшы.
- Менің ең алғаш шешкен мәселем – азық-түлік проблемасы. 2012 жылы облыс орталығына өз өнімдерімізден тек шағын көлемде бақша және көкөніс өнімдері ғана келгені құпия емес. Мүлдем ештеңе жоқ болды – бәрін сырттан әкелді. Картопты Павлодар мен Пәкістаннан сатып алды. Өз сүт, жұмыртқа өнімдеріміз жоқ болды. Құлсарыдағы құс фабрикасы жұмыс жасамады. Облыс әкімі болып отырғаннан кейін мұның бәріне таң қалдым.
Көкөністер мен бақша өнімдері мәселесін өткен жылда-ақ шешкенбіз, биыл егін орағынан кейін артық өнімдерді қалбырлаймыз, көкөніс қалбырлайтын зауыт салдық, қыркүйекте жұмысын бастайды.
Алмалыда жылына 30 млн жұмыртқа беретін құс фабрикасын салдық, бүгінде күніне 59 мың жұмыртқа беріп отыр. Бұл балғын өнім Атырау базарларында 2-3 күн ішінде сатылып кетеді. Егер сіздер жұмыртқаны Астарханнан 10 данасын 160 теңгеге сатып алсаңыздар, біз 100 теңгеден сатамыз.
Көкөністер бағасы мүлдем өскен жоқ, жылыжай шаруашылығының ауданы екі есеге артты, бұл халықты қыс уақытында да көкөніспен қамтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде бізде өз сүт өнімдерімізбен қамтамасыз ететін мыңнан аса сауын сиыр бар. 600 сауын ешкіміз бар, келесі жылдың басында 1 000-ға жетуі қажет. Дүкендер мен базарларда жергілікті сүт өнімдеріне үлкен сұраныс бар.
Қыркүйек айында бөдене фермасын іске қосамыз. Қуаттылығы жылына 2 600 тонна құс етін өндіретін бройлер құс фабрикасын салып жатырмыз, келесі жылы жұмысын бастайды. Облысымызда алғаш рет жылына 12,6 млн құты шығаратын ет қалбырлау цехы іске қосылды.
Күзде Нұрсая ықшамауданында жаңа коммуналдық базар ашамыз, бұл жерде жергілікті өндірушілер өз өнімдерін сататын болады. Бүгінде біз өз өнімдеріміздің 50-ден аса түрлерін шығарамыз.
Тағы бір бітірген шаруамыз – 170 шақырымдық Атырау – Индер жолы. Бүгінде осы жолмен шаруа қожалықтарымыздың көп көлемде ауылшаруашылық өнімдері тасылуда. Автотрасса бойындағы ауылдарға кіретін жолдарды, ауыл ішіндегі көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын асфальттадық. Төрт ауылда жұмыстар аяқталды, күзде толықтай бітіреміз.
«ЖҮН ӨҢДЕУДІҢ ТОЛЫҚ ЦИКЛІН ЖАСАЙМЫЗ»
Біз шешімін тапқан үшінші мәселе – көп салалы инвестициялық жобалардың ашылуы. Мәселен, өңірімізде бұрын болмаған мұнай машиналарын жасау. Жобалардың бірі – бағасы мен сапасы бойынша әлемдік баламаларымен бәсекеге түсе алатын бұрғылау қашауларын шығару. Бұрғылау қондырғыларын жасаймыз, алғашқысын 25 миллион долларға саттық, дайындауға жаңа тапсырыстар беріп жатыр.
Екінші бағыт – мұнай химиясы. Бұл жоба мен келместен бұрын қарастырылған, алайда іске қосылмады. Қаржыландыру мәселесі шешілмеді. Еліміз үшін аса маңызды осы жобаға биыл және 2016 жылға үлкен қаржы бөлінді. Бұл - полиэтилен мен полипропилен.
Үшінші бағыт – фармацевтика. Атырауда мұндай ешқашан болған жоқ. Біз 50-ден аса дәрі түрлерін шығаратын фармацевтикалық фабрика салып жатырмыз. Жобаға денсаулық сақтау министрлігі келісім берді, Үндістан және Чехия компанияларымен жұмыс жасап жатырмыз. Барлығы кестеге сай өтуде, қазан айында қосу-баптау жұмыстарын жүргізіп, жаңа жылда фабриканы іске қосамыз деп үміттенеміз.
Содан кейін жеңіл өнеркәсіп. Бүгінде Қазақстанда жүнді бастапқы өңдейтін (ЖБӨ) бірде-бір кәсіпорын жоқ. Біз толық цикл жасаймыз – бастапқы өңдеу, жіп және дайын өнім шығару. ЖБӨ-ге арналған жабдықтар Қытайдан, қалғаны Италиядан әкелінеді. Құрылыс аяқталуға жақын, қазан айында қосу-баптау жұмыстарын жүргіземіз деп үміттенеміз.
- Шикізатты қайдан аласыздар?
- Шикізат бар, жинау ұйымдастырылды, қоймаларда өңдеуге дайын жүн бар. Қуаттылығы – жылына 350 тонна қой жүні, 100 тонна түйе жүні. Алдымен көрпе, жабындылар және жылы орамалдар шығарамыз. Арнайы дизайнын қарадық, адамдарды Италия, Моңғолия және Қытайда оқытып жатырмыз.
Балық өнеркәсібі. Біз былтыр тауарлық бекіре фермасын салып, іске қостық. Заманауи өндірістің ең соңғы үлгісі - 35 текше метр су кететін 18 ыдыста бекіре тұқымдас балықтар өсіріледі. Келесі жылы дайын өнім беруді бастаймыз. Үмтіміз зор – 20 тоннаға жуық балық алуымыз керек. Ал 2019 жылға қарай бір тоннадай қара уылдырық аламыз деп жоспарлап отырмыз. Толық қуаттылығы – жылына 100 тонна бекіре тұқымдас балық.
«МЕН КЕТЕМІН – АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ КӘСІПОРЫНДАРЫ ҚАЛАДЫ»
- Құрылыс. 2012 жылы мен келгенде құрылыс материалдарын жеткізуде үлкен проблемалар болды. Ақтөбеден, Қарағандыдан, Ресейден тапсырыспен алдырдық. Бағасы мен тасымалдауы қымбат болды. Үй салу комбинаттарын (ҮСК) құруды ойластырып, бір кәсіпкерді көндірдім, кейіннен тағы біреуі қосылды. Қазір бізде темір бетон бұйымдарының барлық түрлерін шығаратын екі ҮСК бар. Мысалы, егер бізде осы үй салу комбинаттары болмағанда, біз алты айда Салтанат сарайын сала алмаған болар едік.
Мақтанғандай болармын, алайда осы аталған жобалардың барлығы - 100% менің идеям.
- «Бірінші мамыр» АҚ-тың сүт өнімдері, құс фабрикасының арзан жұмыртқалары расымен де халықтың арасында сұранысқа ие. Бұл ауылшаруашылық кәсіпорындары бюджеттен дотация ала ма, әлде өз беттерінше жұмыс жасай ма? Облыс әкімі ауысқаннан кейін бұл жобалар жабылып қалмай ма?
- Бүкіл әлемде ауылшаруашылық өнеркәсібі дотациялық сала болып табылады. Кәсіпорындарымыздың бір де бірі бюджеттен тікелей дотация алмайды, біз мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамытуға белгілеген субсидияларын бөліп береміз. Көптеген фермерлер оны қалай алатынын да білмеген. 2013 жылдан бастап біз халыққа қандай субсидия түрлері бар екенін, оларды алуға қандай құжаттар керектігін түсіндіріп келеміз.
Бұл жақсы нәтижелер берді, 2012 жылы 360 млн теңге, биыл 1 млрд 200 млн ауылшаруашылық субсидиялары бөлінді. Мысалы, картоп егу 1 500 гектарға дейін өсті.
Мен кеткеннен кейін бұл жобалар жабылмайды. Бұлар қазірдің өзінде менен көмек сұрамайтын белді кәсіпорындар.
«ЖАЙЫҚТЫ ТАЗАЛАУДА РЕСЕЙГЕ ҚАРАП ОТЫРМЫЗ»
Әзірге шешімін таба алмаған мәселеге келсем... біріншісі – Жайықтың түбін тереңдету. Өзеніміздің жағдайы қалай екенін бәрі біледі, таязданып бара жатыр. Мен бұл мәселені Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрған кезімде көтергенмін. Ресей–Қазақстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумдарында өзеннің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу керектігін талай айтқанмын. Үкіметіміз Жайықты құтқару жөніндегі халықаралық қор құру бастамасын да ұсынды. Өкінішке орай, бұл мәселе ресейлік тараптан қолдауға ие бола алмай отыр.
- Ресейдің не қатысы бар? Біз өз жерімізде су түбін тереңдету жұмыстарын жүргізе алмаймыз ба?
- Жоғарыдан төмен қарай тазалау қажет. Әйтпесе еңбегіміз босқа кетеді, жоғарыдан кері көміп тастайды. Біз ресейліктерге тазалау жұмыстарын бір мезгілде, олар Орынбордан жоғары, біз осында, Атырау облысында бастайық деп ұсынғанбыз. Әзірге жұмыс жүрмей жатыр. Әзірге қолдан келгенді жасап жатырмыз, балық кіру үшін Жайықтың тамағын тазалап тұрмыз.
Екінші жүзеге аспаған мәселе – Атырау-Астрахан жолын қайта салу. Бұл республикалық мәндегі жол, мен үкімет алдына осы жолды салу жөнінде талай рет сөз қозғадым. Үміт бар. Жолды «Нұрлы жол» бағдарламасына қосты, келесі жылы жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу қарастырылады, 2017 жылы құрылысты бастап кетуіміз мүмкін.
Үшінші мәселе – қаланы көгалдандыру. Оған кейіннен кеңірек тоқталамыз.
Шешімі табылып келе жатқан тағы да үлкен проблемалар бар. Бұл Махамбет ауданы орталығында көпір салу. Құрылыстың 40%-ы аяқталды, келесі жылы тапсыруы керек. Республикалық бюджеттен бір тиын да алған жоқпыз, өз қаржымызға салып жатырмыз.
Азғыр аймағына газ құбырын тарту. Құрманғазы газ құбырынан Сүйіндікке дейін 265-270 шақырым. Бұл газ құбырының үлкен әлеуметтік, тіпті, стратегиялық маңызы бар. Егер біз осы шекарадағы ауданға газ жеткізбесек, халық сол жерден көшіп кетеді.
«“АҚБҰЛАҚ" ЖҮЗЕГЕ АСПАЙ ҚАЛДЫ ДЕГЕНМЕН КЕЛІСПЕЙМІН»
- Көптеген ауылда ауыз су жоқ, «Ақбұлақ» бағдарламасы жүзеге аспай қалды. Бұл мәселе қашан шешіледі?
- Мен Атырауға келгенде, мұнда ауыз су бағдарламасы орындалмаған және 14 жоба аяқсыз қалған болды. Олардың тоғызын біз аяқтадық, қалған бес жобаны осы жылы бітіреміз.
«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 98 нысан қарастырылған, 2008 жылдан бері олардың тек үшеуі ғана іске қосылды. 2013 жылы біз он бесін тапсырдық, өткен жылы 66 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамтуды біз 55%-дан 75%-ға жеткіздік.
Қалғандарынан тоғызын аяқтаймыз, тағы бесеуі қалады. Адамдар неге «Ақбұлақ» жобасы жүзеге аспай қалды деп есептейді? Себебі, бұл жобалар 2010-11 жылдары әзірленді, ал бұл уақытта тек жаңа үйлер ғана емес, тұтас көшелер бой түзеді. Нысандарды тапсырдық, ал жаңадан салынған үйлер бағдарламаға қосылмастан қалды. Осы тұрғындар «“Ақбұлақ" қайда? Бізде ауыз су жоқ» деп шағымданады. Сонымен қатар, кейбір елді мекендерде су жоқ болуының тағы бір себебі бар. Мен келгенге дейін, 2011-12 жылдары, Махамбет ауданында республикалық тізімде жоқ жеті нысанның құрылысы басталды. Оларды бастап салып, аяқтамай тастап кеткен. Бүгінде осындай тіркелмеген нысандар жеті елді мекенде бар.
Бұл ауылдар үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Не істеуіміз керек, адамдарды сусыз қалдырмаймыз ғой. Осы аяқсыз қалған су тазалау нысандарына жергілікті бюджеттен 260 млн теңге бөлдік.
Яғни, «Ақбұлақ» бағдарламасы жүзеге аспай қалды деп айтуға болмайды.
- Индер ауданы Өрлік ауылының тұрғындары су құбыры келді, алайда суды әлі күнге дейін құдықтан ішеміз деп шағымдануда. Олар су құбырын үйлеріне өздері тартып алулары керек пе?
- Бір кездері билік халыққа суды үйлеріне өз қаржыларыңа қосып алыңдар деп талап етті. Қазір суды үйлерге өзіміз тартып береміз. Өрлік біз аяқтап жатқан тоғыз жобаның ішіне кіреді.
«БАЛЫҚ ҚАТТЫ АЗАЙЫП КЕТТІ»
- Жайық пен Каспийде браконьерлермен күресу неге нәтижесін бермей жатыр?
- Келіспеймін, нәтижелер бар. Заң бұзушылықтар жоқ деп айтпаймын, жеткілікті. Әкімдікке жаңа тағайындаған 2012 жылы мен күштік органдар басшыларын жинап алып, теңізге ұшып бардым. Мұны көзбен көру керек! Әр 200-
- Біздің газетімізге шыққан Зульфия Байнекееваның Жайық сағасында құрылған ау құралдары жөніндегі материалын қалай түсіндіресіз?
- Оқыдым. Бұл мамыр айында ма, қашан еді? Қазір емес.
- Бұл шілде айының аяғында болды. Біз өз тілшімізді браконьерлік ауқымын анықтап келу үшін арнайы жібергенбіз.
- Рас па?! Мен бұл мәселемен айналысамын.
«СУ БАСҚАННАН КЕЙІН БАҒАЛАУШЫЛАР ЖЕТІСПЕДІ»
- Көптеген адамдар облыс орталығын абаттандыру тоқтап қалды деп айтып жатыр. Қалалықтар қурап қалған ағаштарға, солып қалған көгалдарға, жеке секторлардағы жаңа көшелерге тас жол салу қарқындарының бәсеңдігіне шағымданып жатады. Бұлар неге байланысты?
- Мойындаймын, көгалдандыру мәселесін шеше алмадым. Биыл жаздағы аптап ыстықтан қаладағы көк күйіп кетті. Үздіксіз су алып, нөсер жауынның әсеріне топырақта тұз пайда болып, көгалдар мен ағаштар зардап шекті. Ең алдымен суару мәселесін шешіп алу керек деп талай айтқанмын. Құбырлар арқылы немесе су тасу көліктерімен суаруға болмайды, тұз бір күні бәрібір ағаштарды құртады. Жалғыз ғана жол – бұл тамшылатып суландыру және тыңайтқыштар мен биогумустарды қолдану.
Мен үлкен жоба жасауға тапсырма бердім. Көгалдандыру мен суаруға ақшаны табамыз. Өкінішке орай, бүгінде бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Бұл рас және үлкен кемшілік!
- Қалаға сапалы кәріздік желі керек, әйтпесе биыл жазда болған нөсер жаңбыр кезіндегі жағдайлар қайталанады. Бұл бағытта не жоспарлап отырсыздар?
- Келісемін, қаладағы кәріздік желілердің көп бөлігіне жөндеу жасау керек. Мұны мамырдағы жаңбыр көрсетті. Жөндеу жұмыстарын бастау керек, мұны жасаймыз.
- Мамырдағы нөсер суға кеткен үйлердің барлық зардаптары толықтай жойылды ма?
- Зардаптар жыл соңына дейін толықтай жойыла қоймас. Неге? Суға кеткендердің шығындарын бағалау және сараптау жұмыстарын лицензияланған мекемелер жүргізу керек, ал мұндай ұйымдар өңірімізде аз екен. Үстіміздегі жылы Қарағанды, Ақмола облысы және басқа да солтүстік өңірлерде су тасқынынан зардап шеккендер өте көп болды. Бағалаушылардың жүктемелері көп болғандықтан, жұмысымыз созылып кетті. Дегенмен, бірталай жұмыстарды атқардық, іс-шаралардың негізгі бөлігі қыркүйек айының соңына қарай қабылданады. Біз ақша бөлеміз, зардаптарды тұрғындардың өздері жояды.
- Үйлерін қалыпқа келтіруге қаражаттары жоқ зардап шеккен адамдар қыста қайда барады?
- Егер ақшасы жоқ болса, үлгермейді. Кейбірі келесі жылы да үйлерін қалпына келтіре алмайды. Тағы да баса айтамын – біз тек заңға сыятын нәрселерді ғана береміз. Мәселен, ескі үй зардап шекті, бағалаушы келіп, шығынды есептеп, жөндеуге немесе қалпына келтіруге төлейтін соманы анықтайды. Сараптамашы мұны тексереді және бекітеді, осыдан кейін ғана билік төлемақы береді. Әрине, зардап шегуші жаңа үй салғысы немесе линолеумның орнына паркет төсегісі келсе, бұл ақша жетпейді.
Батыс Қазақстан облысында 2011 жылы су тасып, салдарынан 9 мың адам далада қалған. Сол кезде мен онда әкім болдым, мұндай жағдайлардан тәжірибем бар. Біз сонда жұмысты ұйымдастырдық және мәселені шештік.
Осындай төтенше жағдайларда мемлекет есебінен өз материалдық проблемаларын шешіп алғысы келетін адамдар қашан да табылады. Жөндеу керек болса да, пәтер талап етеді... Тағы да қайталап айтамын, зардап шеккендер тек заңда қарастырылған жеңілдіктерді ғана ала алады.
«БҰРЫН АУЫЛДЫ КІМ ОЙЛАП ЕДІ?»
- Қала халқы кейбір кәсіпорындардың түнгі лақтырындыларынан тұншығып жатыр. Аджип компаниясының аспаптары аталған күндерде күкірт сутегі бойынша шекті-рұқсат етілген шоғырлану сағат сайын артып отырғанын анықтады. Күкіртсутегі лақтырындыларын «ҚазТрансОйл» АҚ АМБ, «Ақжайық-7» ЖШС вагон цистерналарын жөндеу станциясы, Сасық сай булану алаңы, «Шағала» қонақ үйі мен облыстық әкімдік жағалауында орналасқан ауа мониторингі станциялары да тіркеді. Облыс әкімі ретінде кінәлілерге шара қолдана аласыз ба?
- Иә, бұл біздің бақылауымыздағы үлкен мәселелердің бірі. Шешімін табудың бірнеше жолдары бар. Кәсіпорындарға ауаны зиянды заттармен ластауды азайтатын технологиялар енгізуді талап ету. Келесі жолы – ластаушыларды қала аумағынан шығару. Біз қазір осы мәселені шешумен айналысып жатырмыз, айыппұл саламыз, сотқа беріп жатырмыз. Экологтармен бірлесе жасаған жұмыстарымыздың арқасында лақтырындылар өткен жылға қарағанда азайды.
- Жаз уақытында бізде қатты ыстық, Жайықтың суы лас, жағажайлар қауіпсіз емес. Сондықтан да балаларды ыстықтан құтқару үшін Атырау мен Құлсары қалаларында үлкен аквапарктар салса, жақсы болар еді. Мұндай жоспарларыңыз жоқ па?
- Өкінішке орай, жоқ. Біз жеке бизнестен осындай ұсыныстар түссе, қуана қолдар едік, алайда ешкім хабарласқан жоқ. Ал бюджет ақшасына аквапарктар сала алмаймыз, басқа да өзекті мәселелерді, мәселен, балабақшалардың жетіспеушілігін шешкен дұрыс.
- Көшелер неге баяу асфальтталуда?
- Иә, қала сыртындағы елді мекендерде тас жол салынбаған көшелер өте көп. Бүгінде тек қала ішінде ғана 16 млрд теңгені қажет ететін дайын жобалық-сметалық құжаттамалар бар. Облыс бойынша асфальттау проблемасын шешу үшін 100 млрд теңге керек. Әрине, үш жыл ішінде біз барлығын асфальттауға үлгере алмадық. Бұл біреулер қол қусырып қарап отыр, дұрыс жұмыс жасамай жатыр деген сөз емес. Менің қызметімнің екінші жағы да бар – мен ауылдық жерлерге көп көңіл бөлемін. Бұрын ауылда мәдениет үйлерін, жол салған кім бар? Қала сыртындағы жаңа жерлерге үй салған адамдар балшық кешіп жүрміз деп шағымданады, олар алыс ауылдарда адамдар өмірінде асфальт көрмегенін біле ме екен?! Аудан тұрғындары неге жаңа жолдармен жүрмеуі керек, оларда неге тротуарлар болмайды? Бәріне де түсіністікпен қарау керек деп ойлаймын.
«ЖОЛЖИЕКТЕР ЖӘНЕ ТУЫСТАРЫМ? БОС СӨЗ!»
– Жолжиектер үшін: мұндай қымбат гранитті жолжиектер неге керек деп, сізге жиі сын айтылып жүр.
– Мейлі, айта берсін. Ол аз болса, әрі қарай да мүмкіндігінше кәдімгі жолжиектерді гранитті түріне ауыстыратын боламын. Олар мәңгі тозбайды деуге болады. Ал мына бетон жиектерді қараңыз – олар бірер жылдан соң уатылып қалады.
– Гранитті жолжиектердің қырлары үшкір...
– Жүргізушілер дөңгелектерімізді кесіп жібереді деп шағымданады деп естідім. Біз сонда, жолжиектерді соның үстімен жүрсін деп салып жатырмыз ба? Жол жүру мәдениеті қайда? Қауіпті деп, граниттің қырын алып тастағылары келген еді. Мен алудың қажеті жоқ деп тыйым салдым. Жол қозғалысы ережесі бар ғой. Жолжиекпен жүрмесін.
– Бақтықожа Салахатдинұлы, айтыңызшы, осы жолжиектер өндірісіне сіздің жақын туыстарыңыздың қатысы жоқ па?
– Бұл мүлдем сандырақ сөз! Менің енді жолжиекпен айналысуым қалып еді. Менің және менің жақындарымның ешқандай бизнесі жоқ екенін мәлімдеймін. Содан соң, бұл жолжиектер біздің жақта өндірілмейді. Олар бізге Шығыс Қазақстаннан келеді. Ол жақта менің ешкімім жоқ, туыстарым түгілі таныстарым да жоқ (күлді).
«СУДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ ҮНЕМДЕУГЕ ҮЙРЕТЕДІ»
– Бүгінде әлеуметтік желілер қоғамға күшті ықпалын тигізеді. Адамдар шоғырланып, азаматтық белсенділік танытып, билік назарын проблемаларға аударуға тырысады, өзінің келіспейтіндігін білдіреді. Азаматтық белсенділікке сіз қалай қарайсыз?
– Мен адамдарға көшеге шығуға тыйым салу дұрыс емес деп есептеймін. Егер әлдекім жария етіп әлдене айтқысы келсе, мұны жасасын. Бірақ әр адам, қарапайым азамат немесе бастық болсын, өз сөзі мен ісіне жауап беруге тиіс екенін естен шығармаған жөн. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, бұл алаңда біз әрекет етіп, проблемаларды шешуге тиіспіз.
– Қала тұрғындары су тарифінің көтерілуіне наразылық танытып, қол жинауда.
– Петиция ұйымдастырып, судың қымбаттауына қарсы қол жинап жатқанын білемін. Қоғам белсенділері тариф қалыптастыруда ашықтық болуы тиіс деп шулап жатыр. Ендеше, тексеріңіз, есептеңіз. Бізде бақылаушы органдар мен прокуратура әрбір есептелетін тиынды тексереді. Басқа әкімдердің тұсында қалай болғанын білмеймін, менің тұсымда кез келген шығындар тексеріледі. Егер монополистер артық есептеген болса, жазалап, айыппұл саламыз, қайтарамыз. Судың өзіндік құны бүгінде 122 теңге тұрады. Егер біздің адамдар суды үнемдей алмаса, тарифті көтермегенде қалай болады? Дәретхана бөшкесіне су тұрмайды, мейлі аға берсін дейді. Шүмекті ашса, сарылдатып ағызады. Тарифті көтеру тұтынушылардың суды үнемдеуіне әсер етеді.
Үш адамнан тұратын отбасын алып көрейік: екі бөлмелі пәтерде әйелі мен күйеуі және баласы тұрады. Олар айына қанша су тұтынуы мүмкін? Қане, есептелік. Егер олардың әрқайсысы күніне жүз литрден су тұтынса, үш жүз болады. Осы отыз шелек суды елестетіңіз. Унитаз арқылы он шелек су кетті делік. Душ – тағы отыз шелек. Қалған екі шелек ыдыс жууға кетеді. Екі шелегі – кір жууға жұмсалады. Күн сайын кір жуылмайды ғой. Ішуге тағы бір шелегі. Алайда қазір су құбырынан су ішетіндер аз. 300-ді 30 күнге көбейтіңіз. Сонда 9 текше метр су аламыз. Оны 33 теңгеге (тариф айырмашылығы) көбейтеміз, сонда 300 (270) теңгедей шығады. Су үшін қосымша төлемақы айына 300 теңге болады. Міне, бүкіл жанжал осыдан шықты. Мен мұны максимум шама етіп алдым. Ойлап қараңыз, бала күніне 10 шелектен су тұтына ма? Оның үстіне, адамдар таңертеңнен кешке дейін жұмыста болады да, суды таңертең-кешке тұтынады.
Президент суды, электр қуатын, кез келген қорды үнемдеуді үйренуге тиіспіз дейді. Біз бұрын жыл сайын су шығындарын жабу үшін қомақты қаржылар жұмсайтын едік, ал бүгінде мемлекет бізге мұны жасауға рұқсат бермейді.
Сондықтан, тарифтің көтерілетіні туралы шуламас бұрын, бұл патриоттарға егжей-тегжейін анықтап, бәрін есептеп алу керек еді.
«КҮЙЕУІМЕН СИРИЯҒА АТТАНЫП, СОНДА ЖЕСІР БОП ҚАЛДЫ»
– Заң мен тәртіп туралы әңгіме қозғалған екен, діни экстремизм тақырыбын қозғамасқа болмайды. Бірнеше жыл бұрын облысымызда өте шиеленіскен жағдай болатын. Осы құбылысқа қатысты бүгінгі ахуал қандай?
– Бұл проблема бүгінгі күні өте маңызды мәселе болып отыр. Діни экстремизм идеялары өңірде өте кең тараған. Мұның артында нақты топтар, қаржылар тұр. Мен діндарларға, әсіресе жастарға «Діни экстремизм, радикализм жолы тек екі нәрсеге – түрме мен өлімге апарып соқтырады!» деп, үнемі ашығын айтып отырамын. Қазір кейбір жастар Сирияға соғысуға аттанады. Қандай жалған идеялар үшін баратыны түсініксіз. Сол жерде оларды соғыс құрбандары ретінде пайдаланады. Олар өзге елде қаза болады, отбасылары күнелтуге қаржысы жоқ, ешкімге керексіз болып қалады, сол жерде зорлық-зомбылыққа ұшырайды.
Тағы бір осыған тән жағдай, Құлсарыда күйеуімен Сирияға кеткен бір жас әйел өз ата-анасына қоңырау шалған. Күйеуін соғыста өлтірген, бір өзі жалғыз қалыпты, енді ақша мен көмек сұрап отыр. Ол жаққа кететіндер ерте ме, кеш пе, кез келген заңсыздықтың ақыры болатынын білуге тиіс. Оларды міндетті түрде ұстап, түрмеге отырғызады. Түрме қазақстандық болмауы мүмкін, сол жерде оларды қасіретті күндер күтіп тұрады.
Облыста бас имам Батыржан Мансұровпен, дінбасылармен бірге жұмыстар жүріп жатыр. Біз діндарларға түсіндірме жұмыстарын жүргізетін сауатты теологтарды шақырамыз. Жастар үшін дәстүрлі емес діни ағымның зияндығын көрсететін фильм түсірдік.
«ҚАШАҒАНДАҒЫ ЖАҢСАҚТЫҚ ПА? МЕКСИКА БҰҒАЗЫН ЕСКЕ АЛЫҢЫЗ»
– Батыс Қазақстандағы мұнай истеблишменттері арасында мұнай өлкесінің спецификасын тек жергілікті мамандар ғана түсінеді, мұнай саласындағы маңызды шешімдерді қабылдауға солар қатысуға тиіс деген қалыптасқан пікір бар. Сіз мұндай пікірге қалай қарайсыз?
– Мен «қара алтынның» бағасын тәжірибелі әрі білімді адамдар жақсы біледі деп есептеймін. Мұнай-газ саласындағы шешімді осы адамдар қабылдауы тиіс. Ол жергілікті ме, жоқ па – еш маңызы жоқ. «Қазтрансойл» басшысы павлодарлық Қайыргелді ҚАБЫЛДИН («ҚазМұнайГаз»-дың бұрынғы президенті) – еліміздегі тәжірибелі мұнайшылардың бірі. Танымал мұнайшы Болат ЕЛАМАНОВ (бұрынғы бірінші энергетика және минералды ресурстар вице-министрі) Қостанай тумасы, ол кез келген кәнігі маманды орта жолда қалдыра алады.
Әрине, жергілікті кадрлардың климаттық жағдайды, өңірдің ерекшелігін, адамдарды білетін өзгешеліктері бар. Алайда мұнайшы мамандығында ең бастысы – тәжірибесі болу керек, ол өндірісте жинақталады, маманның қайда дүниеге келгендігіне байланысты емес. Кезінде біз жолдасым Ұзақбай ҚАРАБАЛИНМЕН бірге Оралдың, Маңғыстаудың, Қызылорданың, Ақтөбенің түрлі кеніштерінде жұмыс жасадық. Жер астында қайда не жатқанын және қай жердің қандай жағдайда екенін білеміз.
– Ізмұхамбетов, Қарабалин, Қиынов, Балғымбаев, Қуандықов, Қабылдин, Еламанов – Қазақстанның мұнай элитасы. Қазіргі, айталық, Теңіз кенішінде өсіп-өнген жастар арасында министрлікке басшы бола алатындар бар ма?
– Әрине, түрлі мұнай-газ жобаларында дайын кадрлар көп. Қазіргі жастар бізді, ардагерлерді көп нәрседе басып озады. Бүгінде технология қатты өзгерді, жаңа заманауи техника пайда болды. Олар ағылшын тілінде еркін сөйлеп, білім алады және жеткілікті өндірістік тәжірибеге ие. Отандық мұнай-газ саласының болашағы солардың қолында.
– Тәжірибелі мұнайшы ретінде сіздің пікіріңізше, Қашаған жобасына қатысты неге бұлай болды?
– «Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді» деген мақал бар. Өкінішке орай, шынымен де Қашаған жобасында осындай жаңсақтық орын алды. Бұдан ешкім сақтандырылмаған. Мәселен, Мексика бұғазының мұнай платформасындағы апатты алайық. Ол жерде дүние жүзіндегі үздік мамандар жұмыс жасады. Бір жайтты атап өткім келеді – Қашағанда техникалық емес, технологиялық қателік кетті. Құбырды жүргізген мердігер компанияның қателігі. Жобаны жүзеге асырып жатқан компания тәжірибесінің арқасында мұндай қателіктер қайталанбайды деп үміттенеміз.
– Ал кеңестік дәуірде мұндай жаңсақтықтар орын алар ме еді?
– Әрине, қателіктер болды. Теңіздегі 37-ші ұңғымада орын алған апаттың өзі неге тұрады. Кездейсоқтықтан ешкім де сақтандырылмаған. Бұл жерде сұрақ туындайды: демек, біз технологиялық апат қаупімен өмір сүруге тиіспіз бе? Жер қойнауын игеру – болжап болмайтын нәрсе. Мәселен, Каспийдің түбінде тектоникалық жарық бар, жер сілкінісі ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Бірақ бұл біз табиғат байлығынан бас тартып, қол қусырып қарап отыруға тиіспіз дегенді білдірмейді ғой. Әрине, құдай басқа салмасын, алайда метеор да басымызға құлауы мүмкін ғой.
– Сауат Мыңбаевтың айтуынша, мұнай баррелі 100 доллар және одан жоғары баға болған кезде Қашаған жобасы ақталады. Қазіргі мұнай бағасымен мұның таяу уақытта орын ала қоюы екіталай.
– Қашаған бойынша келісімшартқа 1997 жылдың қарашасында қол қойылды. Ол кезде мұнай бағасы - бір баррелі 20 доллардан төмен болатын. Бұл келісімге қол қойғандар өз ақшалары мен мүмкіндіктерін есептеген болар?
«ЖҰМЫССЫЗДЫҚ – КӨБІНЕ ҚОЛДАН ЖАСАЛЫП ОТЫР»
– Мұнай бағасының құлдырауы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалына қаншалықты әсер етті? Біздің бақылауымызша, дағдарыс күшейіп, жұмыссыздық көбеюде. Осы тұрғыда сізде мәліметтер бар ма? Жұмыссыздықты азайту үшін қандай шаралар алынуда?
– Мұнай бағасының құлдырауы бүкіл Қазақстан экономикасына әсерін тигізді. Біз елбасымыздың сараланған саясаты пен Ұлттық қорды орынды пайдалануының арқасында бірнеше дағдарыстан өтіп кеттік. Бүгінгі күні бізде аса айтарлықтай проблема жоқ. Президент әлемде осындай геосаяси ахуал болып жатқанда біз ешқайда кете алмаймыз деп ашығын айтқан еді. Ресей біздің басты стратегиялық серігіміз. Мұнай бағасы осындай болып тұрғанда біз өз шығындарымыз бен мүмкіндіктерімізді жақсылап қайта қарап шығуға тиіспіз. Биылғы жылға жоспарлағанымыздың барлығы негізінен кесте бойынша жүріп жатыр. Әлі басталмаған белгілі бір жобаларды тоқтатқанымызды жасырмаймын. Келер жылы кей нәрселерді кері қарап шығамыз. 90-шы жылдарды бастан өткіздік қой, қазір де бастан өткере аламыз.
Бізде жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз шамасында, басқа өңірлермен салыстырғанда, бұл көрсеткіш жаман емес. Біздің мұнай компаниялары әзірге ешкімді қысқартып жатқан жоқ. Жекелеген азғана қысқартулар қосалқы мердігер компанияларда орын алып жатыр. Біз шағын және орта бизнесті дамытудамыз. Бізде инвестициялық жобалар іске қосылады. Мәселен, жыл аяғында ашылатын фармацевтикалық фабрикаға 490 адам жұмысқа орналасады. Жүн өндіретін кәсіпорында 170 адам жұмыс істейтін болады.
Біз жұмыс орындарын сақтау бойынша ірі кәсіпорындармен меморандумға қол қойдық, оның орындалуын қадағалаймыз.
Бүгінгі күні жұмыссызбыз деп шулап жүргендер өздеріне ұсынылған орындарға барғысы келмейді. Қазір оқу орындары жұмысқа орналасуы қиын белгілі бір мамандықтарды оқытып шығаруда. Жұмыс берушінің өзі қажетті мамандарды оқытуға тапсырыс беретін кезге баяғыда көшу керек еді.
Біз мединституттарда оқитын студенттердің оқу ақысын төлейміз. Ал біздің өңірде дәрігерлер көп жетіспейді. Мен: егер олар бізге жұмысқа қайтып келмейтін болса, біз не үшін оқу ақысын төлейміз деймін. Жыл сайын жаңа денсаулық сақтау нысандары көптеп салынуда, ал медицина қызметкерлері аз.
Егер кімде-кім ауылдық жерге немесе аудан орталығына дәрігер болып жұмыс істеуге барса, біз ең алдымен оларды баспанамен қамтамасыз етеміз.
«БҰЛ ҚИЫН КЕЗЕҢ БОЛАТЫН»
– Сіздің Атырау облысына әкім болып тағайындалуыңыз туралы айтсаңыз. Жағдайларды ескерсек, Мәжілістің бірінші вице-спикері креслосынан туған жеріңізде әкім лауазымына отыру - бұл сіз үшін күтпеген жайт болған шығар. Атырауға қандай көңіл күймен аттандыңыз?
– Мен сол кезде еңбек демалысымнан келіп, жұмысқа шыққан бетім еді. 2012 жылдың 14 тамызында кешкі сағат 8-де күтпеген жерден Ақорданың қабылдау бөлімінен қоңырау шалып, мені президенттің шақырып жатқанын айтты. Мен бардым, ол маған өңірге басшы болуды ұсынды.
– Ал сіз резервте болдыңыз ба?
– Жоқ, менің кандидатурамды үнемі ұсынатын, үшіншіде президенттің өзі ұсынды. Бұл 2006 жылдың қазанында Орал қаласында қазақстандық-ресейлік өңіраралық ынтымақтастық форум алдында болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы шақырып алып: «Бәрі сені Атырау облысының әкімі лауазымына ұсынады. Не айтасың, барасың ба? - деді. Мен: «Министр (энергетика министрі – «АЖ») болып жұмыс істегенімен бір жыл да толған жоқ қой, бірақ сіз айтсаңыз, әрине, барамын» дедім. Ол: «Жоқ, мен әріптестеріме, ол министр болып жұмыс істей берсін деп айттым» деді.
15 тамызда мен Президентпен Атырауға ұшып бардым, активте ол мені таныстырды. Мен бұл жерде көптеген жергілікті тұлғаларды білемін, әріптестеріме рахмет. Бұл қиын кезең болатын. Орынбасарларды бірінен соң бірін алып тастады, қала әкімі мен басқарма басшылары орындарында болмады – қамауға алынған немесе жауап алуға барып жүрді. Адамдарды жинауға тура келді. Орынбасарымның бірі Оралдан, екіншісі Шымкенттен. Күш құрылымдарынан – ІІД бастығы Қарағандыдан. ҰҚКД бастығы Талдықорғаннан. Облыс прокуроры Қызылордадан, облыстық сот төрағасы – Алматыдан.
– Елде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүріп жатыр, министрді де, ауыл әкімін де қамауға алып жатыр. Сіз өзіңізге профилактика жүргізесіз бе?
– Өткен жылы менен министр Мамытбековті мысалға алып, егер менің қарауымдағылар парамен ұсталса, отставкаға кетесіз бе деп сұрады. Мен сол кезде: «Жоқ, кетпеймін» дедім. Әр шенеунік өз сөзі мен әрекетіне өзі жауап беруге тиіс деп есептеймін. Мен өз әріптестеріме үнемі: «Егер сіздердің сыбайлас жемқорлық әрекет жасағандарыңызды байқасам, өз қолыммен тапсырамын» деп айтып отырамын. Кейде адамның қателесетін кездері болады, ал қасақана да «қателесетіндер» болады. Сондықтан әр жағдайда егжей-тегжейін анықтау керек.
– Сіз де: «Бұрынғы әкім тұсында жақсы еді, қазір жаман болып кетті?» деген пікірлерді еститін шығарсыз?
– Бір де бір әкім жаман жұмыс жасайын демейді. Өзімнен бұрынғы адам нашар жұмыс істеді, ал мен жақсы жасадым деп айтқан жақсы емес. Кез келген әкім бар мүмкіндігі мен қолындағы бюджет қаржысын пайдаланып, өзінің қолынан не келетінін көрсеткісі келеді.
– Бүкіл әкімдер – уақытша келетіндер деген пікірмен келісесіз бе?
– Мұндай пікірмен мүлдем келіспеймін. Мен бір кездері президентке: «Нұрсұлтан Әбішұлы, өңір басшысы лауазымына жергілікті адам тағайындалуға тиіс» деген едім. Ол: «Неліктен?» деп сұрады. Мен: «Өйткені жергілікті адам үнемі өз адамдарын аяп, өз өлкесі үшін жаны ашитын болады. Ол өз әрекеттері үшін ұялатын болады» деп жауап бердім. Өйткені, жергілікті тұрғындардың бәрі оның кім екенін, кімнің ұлы екенін біледі. Ал бөгде адам өзінің бұл жерде бөтен екенін, бәрібір кететінін түсінеді. Мен байырғы, атыраулық тумамын. Мені бұл жерде бәрі біледі.
«ДОМБЫРА ТАРТЫП, ӨЛЕҢ ЖАЗАМЫН»
– Бақтықожа Салахатдинұлы, жұмыстан тыс бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Саз аспаптарында жақсы ойнайды деп естідім, ән айтасыз ба...
– Домбырада, гитарада ойнаймын. Әдетте, шаршаған күндері, стрессті шығару үшін үйіме келгенде осы аспаптарды қолыма аламын. Мен Жайық бойында өстім, балық аулағанды қатты ұнатамын. Бос уақытымда көп оқимын, өлең жазамын. Өзіміздің «Атырау» футбол клубының жанкүйерімін.
– Атырауда туыстарыңыз, достарыңыз жиі қонаққа шақыратын шығар?
– Қонақтыққа сирек барамын, егер біріне барсаң, маған неге келмедің деп екіншісі ренжиді (күлді).
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Азамат МАЙТАНОВ