Атырау, 28 қараша 21:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Балабақшалар мен мектептер қалай жөнделуде?

5 583 просмотра

Image 0

Биыл бюджет есебінен қаладағы 5 мектеп пен бір балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұдан басқа, тоғыз мектепке жалғама салынуда – онда асханалар орналасатын болады.

ҚАЛА МАҢЫНА КӨҢІЛ БӨЛДІ

Атырауда бүгінде 56 мектеп бар, оның 10-ы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Биыл селолық округтерге баса назар аударылуда. Атырау селолық округінің Оңғарсынова және Жамбыл атындағы екі мектебіне, Қайыршақты селолық округіндегі Смағұлов атындағы орта мектепте, Еркінқала мектебінде: күрделі жөндеу жүргізілуде. Осы тізімге енген тағы бір мектеп Атырау орталығында орналасқан. Бұл Чехов атындағы №14 мектеп. Тағы 5 оқу орнына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталды. Бұлар №№15, 12, 23, 25 және 26 мектептер.

Асханалар орналасатын жалғамалар бүгінгі күні №№1, 14, 28, 23 мектептердің жанынан, сондай-ақ, Мұратбаев, Оңғарсынова, Амандосов, Сәтпаев атындағы және Геологтағы орта мектептердің жанынан салынуда. Оларды пайдалануға беру уақыты – 2016 жыл.

КТК-нің демеуқаржысы есебінен Балықшыдағы «Айгөлек» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізілуде. Компания, сондай-ақ, тағы 10 балабақшаның ағымдық жөндеу жұмыстарын өз мойнына алды. Олардың терезелері, кәріздік жүйесі мен сантехникасы ауыстырылатын болады. Қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВАНЫҢ айтуынша, ең ескі және «суық» балабақшалар таңдалған.

«НЫСАНҒА БАР КҮШТІ ЖҰМЫЛДЫРЫҢЫЗДАР»

5 тамызда құрамында қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ, қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова, қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі Нұрсәуле САЙЛАУОВА, қалалық тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің бастығы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ бар комиссия мектеп нысандарына барып қайтты.

Алдымен олар «Атырау» шипажайының маңындағы №24 «Счастливое детство» балабақшасына барды. Балабақша директоры Бұлбұл БЕСҚҰЛОВАНЫҢ айтуынша, ғимарат 40 жыл бұрын салынған, күрделі жөндеу бірде бір рет жүргізілмеген. Үнемі суға кететін жертөле - балабақшаның ең салмақты проблемасының бірі болыпты. Өткен жылы КТК компаниясының көмегімен кәріздік жүйені ауыстырып, жертөлені құрғатқан. Бірақ содан кейін ғимарат шөге бастап, қабырғаларда жарықшақтар пайда болыпты. Күрделі жөндеуге бюджеттен 75 млн теңге бөлінген, мердігер – «Эра» ЖШС. Жөндеу жұмыстары мамыр мерекелерінен кейін басталды. 140 бала уақытша басқа балабақшаларға орналастырылды. Комиссияның көңілі толмады. Тапсыру уақыты – 20 тамыз, бірақ бұл уақытқа мердігердің үлгермейтіні анық. Ішкі жұмыстардан бөлек, әлі ғимаратты бояу мен аумақты абаттандыру жұмыстары бар. Жөндеу жүргізушілер ғимараттың пішіні әрі қарай өзгермес үшін оларға сметада көрсетілмеген жұмыстарды жүргізуге тура келгендігін алға тартып ақталды. Атап айтқанда, ғимарат екінші қабаттың төбесі деңгейінде арнайы қамыт «киген». Ал іргетас екі жағынан ерітіндімен бекітілген.

Нысанға бар күшті жұмылдырып, екі ауысымға ауысыңыздар. Егер мерзімге үлгермесеңіздер, алақол мердігерлер тізіміне ілігесіздер, - деп ескертті әкім.

Image 1


14-ШІ МЕКТЕПТІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ

№14 мектепте басқаша көрініс. Негізгі жұмыстар аяқталды, электриктер мен ағаш ұсталары шамдар мен есіктерді орнатуда.

Құрылысшылар шатырды қайта жауып, жылу жүйесін, едендерді, есіктер мен терезелерді ауыстырды. Аулаға кеспе тас төселді, мектептің периметрі бойынша дуал орнатылды (ол сметада көрсетілмеген, бұл мердігер - «БатысСтройСервис» ЖШС сыйлығы).

Өткен жылы бізде қиын жағдай болып, біз осы мектепті жабу туралы қаулы шығардық. Ғимарат ескі, 50-ші жылдары салынған, оның жағдайы өте нашар болғаны сондай, балаларға ол жерде сабақ оқу қауіпті болды. Қосалқы мердігер есебінен мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде ашуға уақытша рұқсат алынды. Ал бүгінде мектеп толықтай санитарлық нормаларға сай келеді. Мен тіпті ескі ғимаратты осылайша қайта жөндеп шығуға болады деп күтпеген едім, - деп мойындады Темірбек Мұсағалиев.

Бүкіл жұмысты 15 тамызда аяқтау жоспарланып отыр. Тағы бір маңызды кезең: жаңа оқу жылынан бастап №14 мектеп толық комплектілі оқу орны ретінде жұмыс істеп, мектепті 11-сынып оқушылары бітіріп шығады (бұрын бұл жерде тек 9-шы сыныпқа дейін оқитын). Өз сыныбын 11-ге дейін көбейтетін тағы бір мектеп – Лесхоздағы №28 орта мектеп.

Сонымен қатар «Орал» ЖШС №14 мектепке асхана болатын жалғама салады. Жұмыстар жақында ғана басталған, алайда орын-жайдың тамақ әзірлейтін блок пен тамақтану залына бөлінгендігі айқын көрініп тұр. Тамақ әзірлейтін блогы тіпті тамақтану аймағынан да үлкен. Тәжірибелі санитарлық дәрігер Т.Мұсағалиевтың пікірінше, бұл дұрыс, заманауи тәсіл. Өйткені мектептер бүгінгі күні балаларды ыстық тағаммен қамтуы тиіс. Егер бұрын мектеп асханаларында жартылай фабрикаттармен жұмыс істесе, енді қазір шикізатпен жұмыс істеуге тиіс. Және әртүрлі азық-түліктер – ет, балық, тауық, көкөністер және т.б. үшін өз аймақтары қарастырылған.

Барлық мердігерлерден бір маңызды жайтты ескеруді өтінемін: бізді және өртпен күрес қызметін құрылыс аяқталған соң емес, салынып жатқан кезде шақырыңыздар. Біздің ескертпелерімізді ескеріп, түзетулер енгізе алу үшін. Жобалаушылар кейбір нәрселерді ұмытып кетуі мүмкін, ал кейін оны өздеріңізге қайта жасауға тура келеді, - деп атап өтті Т.Мұсағалиев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

7 тамыз 2015, 15:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.