Атырау, 28 қараша 21:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Бруцеллез Индерге де жетті

3 765 просмотра

Image 0Бруцеллез індеті Қызылқоға ауданындағы мал басының кемуіне әкеліп соқтырып, енді көршілес орналасқан Индер ауданына да жетті. Ауру жұқтырған адамдар бар.

Статистикалық мәліметке сәйкес, өткен жылы аудан бойынша 34 ірі қарадан бруцеллез анықталған. Ал, қой-ешкіден ештеңе табылмаған. Биыл 11 ірі қара мен 59 қой-ешкі бруцеллез жұқтырған. Індет ошағы Есбол, Бөдене, Елтай ауылдарынан шығып отыр.

- Аудандық зертханада күдікті деп танылған 27 адам тексеріліп, 6 адамға бруцеллез диагнозы қойылып отыр. Бұдан бөлек он шақты адам облыстық зертхананың бактериологиялық тексерісі нәтижесін күтіп отыр, ол бір айдан соң белгілі болады. Бруцеллездің адамнан адамға емес, малдан адамға жұғатынын білу маңызды, - деп хабарлады аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Шолпан ЕРЖАНОВА.

- Мен бірнеше күн ыстығым көтеріліп, әлсіздене бергесін қан тапсырып, 20 күн ауруханада емделдім. Бірақ анализ қорытындысы бір айдан кейін белгілі болады. Ауламыздағы тоғыз қой-ешкіні алып кетті, - дейді Бөдене ауылының тұрғыны Гүлбаршын ЕРМҰХАНОВА. - Тағы бір үш бас малды кеше ғана әкетті. Қорытындысы тексерістен кейін белгілі болады. Мен бір нәрсені түсінбеймін, ауылда малды бірігіп бағамыз - жайылысы, суаты бір жерде. Бірақ 30 үйдің тек үш-төртеуінен ауру шығып отыр. Мен ауру жұқтырған малын біреулер жасырып қалып отыр деп ойлаймын.

Осы ауылдағы ХАЛИНДЕР отбасынан да төрт адам (оның екеуі бала) күдікті ретінде бруцеллезге қан тапсырып, қорытындысын күтіп отыр. Оларға тиесілі екі сиыр өртелген.

– Қазір менің екі жасар қызым ауруханада емделуде. Өзім бұған дейін екі рет ауруханада емделдім. Отбасы мүшелерінен және малымыздан қан алынды. Мал дәрігерлері 15 күннің ішінде шарасын алмасаңдар, әкімшілік жазаға тартыласыңдар деген қағаз әкеліп тастады. Бруцеллез жұқтырған малдың етін жеуге қорықтық, бәрін өртеп жібердік, - дейді Асхат ХАЛИН.

Қазір тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімі мен ветеринар мамандар жұртшылық арасында бруцеллездің қауіп-қатері жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізуде.

- Біз бруцеллез Индерге көршілес жатқан Қызылқоға ауданынан келуі мүмкін деген болжам жасап отырмыз. Бірақ оған нақты дәлеліміз жоқ, - дейді аудандық ветеринариялық станса КМК басшысы Ербол БӨКЕЕВ.

- Былтыр бруцеллез жұқтырған сиырларды өртеу керек дегенсіздер. Ал, енді оның етін жеуге болады деп отырсыздар. Ол базарға апарып сатылуда ма?

- Біз Үкіметтің қаулысын орындап отырмыз.

Бүгінде ауылдарда малды оқшаулау жұмыстары жүруде. Бруцеллез жұқтырған қой-ешкілер Ганюшкиндегі шұжық жасау цехына жіберіліп отыр, ал ірі қара аудандағы мал сою цехына жеткізілуде.

- Бруцеллез жұқтырған ірі қараның ішкі ағзалары мен бас, сирақтарын арнаулы орында өртейміз. Ал, сойылған сиырды өңдеместен 12 сағатқа қалдырады және осыдан кейін дәрігерлік бақылаудан өткізеді. Егер ет пайдалануға жарамды болса, мал иесі оны алып кетуге құқылы, - дейді Индер аудандық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Балғабай КАРИЕВ.

Бүгінде ауданда 18 800 ірі қараның 4 700-інен, 87 000 қой-ешкінің 12 мыңынан қан алу жұмыстары жүріп жатыр. Ауру шыққан аула-қораларды дезинфекциялау да ұйымдастырылып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

6 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.