Ондаған балық аулау вентерьлері мен жүздеген ау құралдары Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі (балық қорғау) аумақтық инспекциясының қорғауындағы аумақтарға орнатылған. Каспийге барған осы сапардан кейін олар теңізді кімнен қорғайды деген сұрақ маза бермейтін болды.
ТЕҢІЗГЕ ӘРІ КЕТКЕН САЙЫН...
Теңізге шығатын таныстарым, олардың айтуынша, аталмыш қорғау құрылымының өкілдерінің балық аулау үшін қолданатын вентерь құралының не екенін түсіндіре алмады. Бұған сену қиындау еді, мен сенген жоқпын. Тақырыпты жабу үшін: өз көзіммен көрмейінше сенбеймін... дедім.
Таңертең ертемен біз Камыниноға жүзіп кеттік, бұл Каспий теңізінің сол жақ жағалауы болатын. Бұл жерден аса сақтықпен қозғалып, керілген ұзындығы 300-350 метрге жететін вентерьлер мен ау-торлар арасымен амалдап өту керек.
Сонымен, вентерь деген не? Вентерь – су ағымына перпендикуляр орнатылатын тұзақ. Құрылым ұзындықтары 3-4 метрдей сырықтардан тұрады. Олар су түбіне қабырға секілді шаншылады. Олардың арасына шағын ұялы торлар – қанаты немесе қабырға керілген, ал жағалауға жақын жерде оған «бочата» бекітіледі: бұл бір жағында ауызы бар дөңгелек тірек-құрсаудағы цилиндрлі торлар. Оған тұзақтың қанатын бойлай еріксіз жүзіп келетін балық келіп түседі. Ал одан кері шығу мүмкін емес. Вентерьдегі балық ұзақ уақыт бойы суда болатындықтан, оған түскен балық өлмейді.
Мені, тіпті, торлар мен вентерьлердің саны емес, осы өлкелерге орнатылған құрал-саймандардың негізділігі қайран қалдырды. Бәрі де бұлардың қожайындарына күтпеген жерден қоршап ұстап алады-ау деген қорқыныш болмайтынын айтады. Бүкіл су айдынының беті су үстінде едірейген сырықтарға немесе пластик бөтелкелерден жасалған қалтқыларға толы. 46º46'498» с.е. /052º08'551» ш.б. координатадағы 4,5 шаршы километрдей алаңнан бес вентерь мен бірнеше ондаған ау құралын санап шықтым.
Біз ол жерге таңғы сағат 7-де келдік. Торлар тазартылыпты, ал вентерьлерге жаңа балықтар лық толып, өз тағдырларына мойын ұсынған.
Тек бір вентерьден түсетін балық, егер оңтүстік-шығыс желі немесе теңіз желі тұрса, күніне бір тоннадан төрт тоннаға дейін барады деседі. Бұлардың қожайындарының кірісі бекіре балықтарын айтпағанның өзінде, тіпті, қара балықтың өзінен қомақты сомаларды құрайды. Бұл тек учаскелердің бірі ғана. Мені ертіп апарған адамдардың айтуынша, бұл тек басы – Камынино жалғастырушы Зарослый каналынан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан. Теңізге қарай әрі барған сайын құрал-саймандар да көбейеді. Каспийдің сағасы кесе-көлденең жабылған. Төменге және жоғарыға қарай қозғалатын балықтардың торға немесе вентерьлерге мойынсұна жүзгеннен басқа кететін жерлері жоқ.
Бізде өзен мен теңізде балықтың бар болғаны ғажайып десем болар. Оның аз ғана мөлшерінің қалай еткенде де осы кедергілерден айналып өтіп, сытылып шыға алатыны ақылға сыймайды.
«БҰЛ ҒЫЛЫМИ БАЛЫҚ АУЛАУ ЕМЕС»
Балық аулау маусымы аяқталғалы бірталай болды. Ал теңізде осындай жыртқыштық тәсілмен балық аулайтындар кімдер? Осындай көлемде және осындай құралдармен?
- Бұл ғылыми балық аулау емес, біздің лимитіміз емес,- деп сеніммен айтты мен жолыққан ихтиолог. – Мұндай аудандарда «крышасы» жоқ адам балық аулай алмайды. Бұл жаққа қайықпен өте алмайсың, ғылыми қайықтар тіркеліп, ақша төлейді. Бақылаушы қорғау құрылымдары көп болған сайын браконьерлер де көп болатынын түсініңіздер, мұны мен ойдан шығарған жоқпын, бұл сөз жақында балық қорғауға арналған Ресей-Қазақстан біріккен жиналысында айтылған болатын.
Бұл болжамды Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жоққа шығармады және жанжалды бейнетүсірілімге түсінік беруден де бас тартты.
Мекеме басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВПЕН кездесу үшін үш күн сабылдым. Телефон арқылы ғана ұстап, одан өз құрылымының мелиорациялық жұмыстар барысындағы жасап жатқан іс-шаралары туралы айтуын өтініп, қолымда бейнежазба бар екенін ескертіп, соған түсінік беруін сұрадым. Оның не туралы екенін талқылаған да жоқпыз. Бұл жұма күні еді, ол дәл уақытты нақтыламай, кездесуді дүйсенбіге белгіледі. Дүйсенбі күні ол жиналыс деп сылтауратты, осыдан кейін сол күні де, келесі күні де телефон көтермеді. Сонда мен оның қызметкері, бақылау-инспекциялық бөлімнің басшысы Олег ТУШКАНОВҚА қоңырау шалдым. Ол өз көріпкелдігімен таңғалдырды.
- Сіз вентерьлер түсірілген бейнежазба туралы айтасыз ба? - деп болжам жасады.
Мен қолымдағы бейнежазбалардың мазмұнын ешкімге айтпаған сияқты едім. Қалай болғанда да, менімен ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімі басшысының м.а. Азамат ӘБИҒАЛИЕВ кездесті. Азамат Камыниноның өз учаскелері екенін растады, алайда онда ау құралдарының қайдан пайда болғанын айта алмады. Мен Ермекқалиев мырзаның басшы ретіндегі пікірін тыңдауға дайын екенімізді білдіріп, сәлем айтып баруын өтіндім. Алайда ол шақыртуымызға құлақ аспады.
Сонымен бұл кімдердің ау құралы?
Зульфия Байнекеева