Аняның аяққа тұрып, бірнеше қадам жасауына аралар көмектесті. Ол өзіне жабысқан дерттің өмірлік үкім еместігіне сенеді және осы ауыр диагноздың басқа да құрбандарының да жазылуға үміті бар екенін, апитерапия туралы айтқысы келеді.
«ОЛ ЖҮРЕ БАСТАДЫ!»
Үш жыл бұрын 23 жастағы Анна ШИНГЕ (суретте) «жайылмалы склероз» диагнозы қойылды. Маған оқырманымыз Галина ТОРОПОВА Аннаның жеткен жетістіктері туралы айтпақшы болып қоңырау шалғанда, осы ауыр дерт туралы естігенмін және таңғажайып емделу туралы оқиғаларға көп сене бермеймін деп мен мысқалдап күліп қойғанмын. Аннаның тәжірибесі өзгелерге де үміт сыйлауы мүмкін деп Галина айтқанынан қайтпады:
- Менде сол жерге Аннаны қалай апарғанын түсірген бейне жазба бар, ал жақында мен оған қонаққа бардым, білесіз бе, ол жүре бастады!
Осы ауруды көбіне ақыл-есінің бұзылуымен шатастырады, ал шын мәнінде бұл – бас және жұлын миын зақымдап, орталық жүйке жүйесін бұзатын созылмалы дамушы процесс. Жайылмалы склероз кезінде өзіңнің имундық жүйең нерв жүйесін «бөтен дене» ретінде қабылдап, біртіндеп жояды. Жайылмалы склероз көбіне адамның дер шағы, 20-40 жаста, басталады. Қазіргі медицинада емделмейтін аурулар қатарына жатқызылады. Аурудың басталу себебі парагрипп вирусы деп есептеледі. Алайда ауру ерекше қалыптасқан тұқымқуалаушылық аппараты бар адамдарда ғана дамиды. Дерт ушыға бастағанда ағзада өз нерв жүйесіне зиян келтіретін заттар түзіле бастайды: олар қозғалу нейрондары өткізгіштерін, мишық нейрондарын, көру нервілерін зақымдайды, сондықтан да салдану, атаксия дамиды, көру мүшелері соқыр болғанша бұзылады. Уақыт өте науқастар өздеріне өздері қызмет көрсете алмай, көбіне қозғалмау, жүдеу және өкпенің қабынуынан өледі.
Бастапқы кезеңде бұл ауруды тану қиын. Жайылма склероздың ең анық белгілерінің бірі – оның «ұшпалығы»: қол-аяқта пайда болған әлсіздік 1-2 күн ішінде жойылып кетуі мүмкін; көру мүшелері бұзылып, таңда көрінген нәрсе кешке жоғалып кетуі мүмкін.
«ҚАРА ТҮНЕК»
Аня күйеуге ерте шықты. Тағдыры солай болды ма, 18 жасында ана атанды. Ангелина екі жасқа толғанда, тағы да жүкті болды. 20 жастағы әдемі, жігерлі жас келіншекте бәрі өз кезегімен өтіп жатты: үй, отбасы, жұмыс... Алайда ауру оны айналдыра бастады.
- Ол өте ашушаң болып кетті. Әр нәрсеге баж ете түсетін,- деп есіне алады аурудың алғашқы белгілерін анасы Надежда.
Кейін Аняның беті қисайып, тілі күрмеле бастады. Оған «Бет жүйкесінің шала салдануы» диагнозын қойды. Кондиционердің астында отырмау керек еді,- деді дәрігерлер. Жүктілік ауруды күрт асқындырып, дерт дендегенінің белгілерін бере бастады: алдымен көзі көрмей қалды.
- Түнек бірден түсті, - деп еске алады сезімін Аня.
Содан кейін кезеңдермен қолдарының жаны кетіп, денесі әлсіреді, тілі де икемге келмей, сөйлеуден қалды. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша жүктілік алғашқы аптасында-ақ жойылды. Алайда дерт жеңілдемеді. Аня қорқып, әр науқасқа таныс көңілсіз жолдармен өтті: дәрігерлердің қабылдауы, анализдер тапсыру, қате қойылған диагноздар... Дәрігерлер болжам жасауда шатаса бастады, алайда бұл шала салданудың салдары дегеннен танбады. Жүру қиындай бастады – аяқтар әлсізденіп, тәлтіректеу пайда болды. Кейіннен аяқ мүлдем жұмыс жасамай қалды.
- Қайын атам арқасына салып ауруханаға дейін алып баратын, - дейді Аня.
Мұның бәрі тез жүріп, жас мықты ағзаны мүгедектіктің ең ауыр дәрежесіне дейін жеткізуге бірнеше ай жеткілікті болды. Себебі диагноз еш анықталмай-ақ қойды. Алматыда тұратын таныс дәрігер аурудың бар сипаттарын телефон арқылы тыңдап, тез арада МРТ жасатуға кеңес берді. Сол кезде ғана жайылмалы склероз деген алдын ала диагноз қойылды.
- Сенбедік... Сенгіміз келмеді,- дейді Надежда. – Астраханға бардық, сол жерде растады. Квотамен Астанаға жіберді. Аня жұбайымен бірге барып, сол жерден ем алды. Кішкене тәуір болып, көзі көре бастады. Алайда дәрігерлер ешқандай болжамдар жасаған жоқ, тұрақты түрде алып тұратын дәрі егу курстарын тағайындап, Атырауға жіберді. Осында келген соң, тағы да ауруханаға түсті.
Ол күйеуімен ажырасқан. - Мен сізге ққ-аалай жүре алатынымды көрсетейін бе?- дейді Аня. – Теек шошыып кетпеңіз, - дейді әзер сөйлеп, аузынан шыққан әр дыбыс ауруынан хабар бергендей.
Ол төсекте жыл жарым уақыт жатты. Арамен емдеудің алғашқы курсын Бішкектен өткізді. Бір жыл ақша жинады – бару үшін 1 500-2 000 доллар керек. Корей этноорталығы мен «Зумба» тобы көмектесті. Шілдеде олар үйге оралып, көрпеде отырып, жүре алатынын сезінді. Тұрды, екі қадам жасап, құлап түсті, алайда енді өлмейтінін және қайта жүре алатынын түсінді. Ол өзінің осы бақытын бүкіл әлеммен бөліскісі келеді, әзірге әлемнің орнында жалғыз менмін, мұнымды өзім мақтан тұтамын.
Қыз алдымен төрт тағандап тұрып, содан кейін анасының көмегімен тік тұрды. Аня сұңғақ бойлы қыз екен, алайда дерт шалған аяқ-қолы әбден солған, арық. Келесі бөлмеге дейінгі төрт метрдей жерге анасымен бетпе-бет, аяққа-аяқ, би билегендей қолтықтаса қадам басты. Сырттай қараған адамға вальс үйреніп жүрген адамдар дерсің. Тек соңғы қадам қалғанда Аняның аяғы бүгіліп кетіп, қолымен ауа қармап, артқа қарай құлап бара жатты. Мен шошып, шыңғырып жібердім, алайда үйренген анасы қызын қағып алып, еденге отырғызып, қабырғаға сүйеді. Ыңғайланып отырып алған Аня: «Үлгердік!» деп күліп жіберді.
Шағын, төбесі аласа өте көне үйде тағы да тыныштық орнады. Анасының қасында Ангелина (суретте) тынымсыз айналшықтап жүр. Ол қаладан тілші келетінін естіп, түстен кейін ұйықтаудан бас тартыпты. Есімін біліп қойғандай екен: ақ құба өңді, сары шашты, сұр-көк көз. Періште дерсің. Сөйлей бастағанда еріксіз күлкім келді: анасы бір нәрсе айтса, «мама, қазақша айтшы!»- деп жауап қайтарады. Ангелина балабақшада қазақ тобына барады, сондықтан оған біздің тілімізде сөйлеген ыңғайлы екен. Алайда бұдан ешқандай қиындық туып отырған жоқ, ауылдағы басқа ұлт өкілдері сияқты, мұнда бәрі қазақ тілінде еркін сөйлейді.
«ВЕЛОТРЕНАЖЕРҒА АҚША ЖИНАП ЖАТЫРМЫЗ»
Қараңғы бөлме бұрышында тот басқан жуан темір құбырлар жерге көмілген. Бұл – тренажерлар. Аняның жездесі мұны анасының сызбасы бойынша дәнекерлеп жасап беріпті. Көлденең салынған екі белдікке Аня аяғын салып, кереует үстіндегі ілмекке тартылып, жаттығу жасайды. Анасы велотренажерға ақша жинап жатыр, жасап алу қолдан келмейді.
- Алғаш рет аяқтарың жұмыс жасамай қалғанда қалай болды: келе жаттың да, дәл қазіргідей құлап түстің бе? – деп сұрадым әлгінде көрген оқиғадан ес жиған соң.
- Қалада дүкеннен келе жатыр едім, тізем бүгіліп, құлап түстім, тұрдым, тағы құладым, - деп күле жауап қайырды Аня. Мен оның осы қылығына таң қаламын, қандай әңгіме айтса да, оның әдемі қырлы беті жадырап, көзінде ұшқын пайда болады. Өзінің жазылатынына сенімі берік, оның ішкі ерік-жігері әлсіз денесін көтеріп, қолдан құрастырған қарапайым тренажерларға дейін алып барады, сол жерде ол солып бара жатқан бұлшық еттерін оятып, кеуіп қалуға мүмкіндік бермей, жаттығулар жасайды.
- Аня, саған көмектескен осы аралар деп ойлайсың ба?
- Ем алу, дәрі-дәрмек егу тек уақытша қолдау ғана көрсетеді, мен ауруханада бір жыл жарым уақыт жаттым, жағдайым еш түзелген жоқ. Мен дәрілерден басқа түрлі ара өнімдеріне негізделген биоактивті қосымшалар ішіп жатырмын. Мен апитерапия туралы осы өнімдермен айналысатын әйелден естідім. Галина Александровна маған осы дәрігерді тауып беріп, соған баруға өтінді. Бірінші курстан кейін-ақ мен өзімді жақсы сезіндім, менің ауруымдай дертке шалдыққан адамдарға осы емді алыңыздар деп кеңес беремін.
- Арамен қалай емдейді?
- Қатты ауыртады! – деп күлді Аня. – Ара ауыратын жеріңнен шағып, өзі өледі, кейіннен бізгегін алып тастайды. Біреуден бастап, күн сайын санын көбейте береді. 21-күні мені 29 ара шақты!
- Келесі курсқа қашан барасың?
- Келесі жылы барамын деген үмітім бар. Ақша жинау керек.
Ішімнен санап жатырмын: Аняның зейнетақысы 30 мың, мектепте тазалаушы болып жасайтын анасы да сондай ақша алады, Ангелинаның әкесі алимент төлейді. Шамамен осы жанұяның кірісі 74 мың теңге. Аняның тұрақты түрде алатын курсының дәрі-дәрмегі бар (әр ай сайын 30 мың теңге). Оған диетасын қосыңыз, оған өте құнарлы тағамдар керек. Табиғи ағуыздар, жеміс-жидек, көкөністер...
- Міндетті түрде күнде ет пісіреміз, жеміс-жидектер, көкөністерді жиі сатып аламыз, - деп санап шықты Надежда.
- Ауылдарыңызда тамақ арзан шығар, - деп «жорамалдаймын» мен.
- Қайдағы,- деп күледі Надежда. – Қалаға барып, қаптап әкелемін, солай арзан шығады.
Биылғы бюджетке тағы жаңа шығындар қосылды – Ангелина бірінші сыныпқа барады.
...Бейбарыс ауылынан шығып бара жатып, ішетін су алайын деп жергілікті дүкенге соқтым. Жарты литрлік «Тассай» суы – 100 теңге. Осындай көлемді айс-ти де - 100 теңге. Қарбыздың келісі 200 теңге екен. Дүкен ауылдікі болғанымен, бағасы еуропалық дерсің. Бейбарыс – қарама-қайшылықтар ауылы!
Суретті түсірген автор
Зульфия Байнекеева
Апитерапия - әлемнің көптеген елдерінің медицинасында ресми танылған. Сұрап білгенімдей, Атырауда апи бойынша мамандар жоқ екен. Алайда ара уының пайдалы ферменттерімен емдеу Алматыдағы медицина орталықтарында, тіпті, қалалық ауруханаларда белсенді қолданылады екен. Ара уымен емдеу аллергиясы жоқ науқастардың жағдайын жеңілдете алады.