Атырау, 28 қараша 20:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Қариялар» телефоны кімге қажеттірек?

2 038 просмотра

Image 0Жеңіс мерекесі қарсаңында барлық қазақстандық соғыс ардагерлеріне арнайы шұғыл көмек шақыру түймесі бар ұялы телефондары сыйланған болатын. Алайда майдангерлер өмірден өткен соң бұл телефондарды олардың туыстарынан кері қайтарып алады.

10 наурызда Атырау облысында «Өмір желісі» әлеуметтік қолдау қоры өз жұмысын бастады. Ол ардагерлерге жедел жәрдем, полиция немесе ТЖ маманын жедел шақыруға арналған арнайы құрылғыны ұсынды. Бұл кәдімгі ұялы телефон, бірақ оның барлық түймелері өте ірі, көздері нашар көретін егде жандар үшін өте қолайлы. Әр түймені басқанда дыбыс береді. Яғни, қариялар тек көріп қана қоймай, қандай нөмір теріп жатқанын естиді. Ал басты ерекшелігі – бұл адамға көмек қажет екендігін білдіретін «дабыл түймесі». Сигнал түсетін операторларда әр соғысқа қатысушы туралы толық ақпарат бар – жасы, мекенжайы, жақын туыстарының, қамқоршыларының байланыс нөмірі және т.б. Жақын адамдары қарияға жедел жәрдем келгенше қолдау көрсету үшін бұл мәліметтер де қажет.

Марқұм болған ардагерлердің туыстары қазір оларға бұл құрылғылардың қажеті жоқ екенін айтады, бірақ олар көз жұмғаннан кейін сыйлықтарын кері алатындары өте жағымсыз жайт дейді.

- Сыйлықты қалай кері қайтарып алуға болады! Тарту етеді де, кері алып қояды! Мен көз жұмған соң телефон менен қалған ескерткіш ретінде туыстарыма қалсын деп хат қалдыруды ойлап отырмын, - дейді соғыс ардагері, «Фронтовичка» клубының төрағасы Анна ЗАХАРОВА.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бергенғали БИСҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, құрылғыны қайтару – ерікті түрде екен.

- Ардагерлердің туыстарына оны қайтаруға немесе өздеріне қалдыруға болады. Бірақ бізде егде жандар, мүгедектер көп екенін есте ұстаған жөн. Оларға да мұндай телефон қажет болуы мүмкін. Әзірге туыстарының ешқайсысы оны қайтарудан бас тартқан жоқ.

Оның телефондарды анағұрлым мұқтаж жандарға беру жөніндегі нұсқауды кімнен алғанын білудің сәті бірден түсе қойған жоқ. Бірақ Бергенғали аға оларға осы құрылғыны берген қордың қалауы солай екенін айтты.

Телефон арқылы сөйлескен кезде «Өмір желісі» қоғамдық қорының директоры Ернар НҰРБЕКОВ телефондарды таратумен және қайта таратумен жергілікті жерлерде ардагерлер ұйымы айналысатынын ерекше атап өтті. Телефондар қосылған жедел көмек орталықтары «Қазақтелеком» платформасына негізделген және белгілі бір тариф бойынша жұмыс жасайды. Ардагерлер өзара тегін сөйлесе алады, ал шұғыл шақыртуды балансы минус болып тұрса да жасай алады. Бағдарлама шеңберінде қосылған сәттен бастап бір жыл бойына құрылғыға қызмет көрсету міндеттемесін қор өз мойнына алды. Бір жылдан кейін бұл келісімшарттар ұзартылатын болады.

- Телефон тіркелген ардагер қайтыс болғаннан кейін байланыс орталығында нөмірі жабылып, оған қызмет көрсетілмейді. Ардагерлер кеңесі дер кезінде бізге бұл туралы хабарлап отырады. Туыстары, әрине, жаңа сим-карталар сатып алып, құрылғыны кәдімгі телефон сияқты пайдалана алады. Егер отбасында бұл құрылғыға қажеттілік болмаса, оны оған мұқтаж жандарға берген жөн. Бейресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда 190 мыңдай қария – тыл еңбеккерлері мен жалғызбасты зейнеткерлер бар. Тек егде жандар – 600 мыңнан астам. Осы құрылғылардың арқасында 300 адамның өмірін аман алып қалды, - дейді Е.Нұрбеков.

Аппаратты өздерінде қалдырып, әкелерінен немесе аналарынан қалған көз етіп пайдалана ма, әлде басқа қарияға бере ме, таңдау ардагерлердің туыстарының еркінде. Ал егер бұл құрылғы басқа жанның өмірін аман алып қалса ше?

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.