Атырау, 28 қараша 20:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Ғайып болған таулар, ақылды дельфиндер және мемлекетшіл апа туралы

4 106 просмотра

Image 2Атырауда «Теңізшевройл» ЖШС-нің 2016-2018 жылдарға арналған табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

ТАУДАН БОС ЖЕР ЖАҚСЫ

Осыдан бірнеше жыл бұрын Теңізде миллиондаған тонна күкірт қатталып жатқан еді, бұл экологияға өте теріс әсер етті. «ТШО» өндірісті оңтайландыру, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау департаменті бас менеджерінің орынбасары Арман САДЫРБАЕВТЫҢ айтуынша, мәселен, 2006 жылы ол 9,6 млн тонна болған. Енді ештеңе қалмады.

ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, Теңізден соңғы күкірт вагоны биылғы наурыз айында жөнелтілген:

– Қазір ол жерде бұрын болған күкірт тауы жоқ. Бірақ мемлекеттік органдармен келісім бойынша біз зауытта әлдебір оқиға орын ала қалған жағдайда, егер зауыт тоқтай қалатын жағдай болса сұйық күкірт құю үшін бір күкірт картасын қалдырамыз. Сол кезде осы картаға миллион тоннадай күкірт сақтауға болады. Қазіргі кезде біз күкірт карталарын босатуға қол жеткізудеміз.

2016-2018 жылдарға арналған табиғат қорғау шараларының жоспарына келер болсақ, ТШО 2016 жылы 2,6 млрд теңгені, 2017 жылы 2,9 млрд теңгені, 2018 жылы – 1,5 млрд теңгені жұмсауды жоспарлап отыр.

Жоспарланған шаралар арасында – электр энергиясы ажыратылған жағдайда немесе басқа өндірістік ақаулар кезінде атмосфераға тасталатын қышқыл немесе шикі газ шығарындыларының қаупін азайту мақсатында КТЛ-дағы 300 қондырғыны модификациялау жобасы бар. Жоба бюджеті: 2016 жылы 728 млн теңге, 2017 жылы 1,6 млрд, 2018 жылы 828 млн теңге.

«ҚАЗТРАНСОЙЛ» СУ ТАРАТҚЫШЫНА БАЛАМА КЕРЕК

Өңір үшін басқа өзекті жайт – суды қайталама пайдалану қондырғысын жаңғырту және баламалы сумен қамту көзінің мүмкіндіктерін зерттеу жобасы. ТШО ақпаратына сүйенсек, мақсаты – келешекте Қиғаш-Маңғышлақ су таратқышынан тұщы су тұтынуды азайту үшін сумен қамтудың баламалы көзінің техникалық жүзеге асатын нұсқаларын зерттеу.

Естеріңізге салсақ, «ҚазТрансойл» АҚ-на тиесілі бұл су таратқыш Атырау мен Маңғыстау облысының бүкіл ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын, атап айтқанда «Болашақ» Солтүстік-Каспий жобасының зауытын, ТШО зауыттары мен болашақ газ-химия кешенін сумен қамтиды.

Image 1

А.Садырбаевтың айтуынша, бір су көзінен су тұтынудың артқандығына алаңдаған Теңізшевройл «ҚазТрансОйл» АҚ-мен бірге Атырау облысының Жылыой ауданындағы екі ірі жерасты кеніштерінің меншік иелерімен келіссөздер жүргізуде.

Баламалы сумен қамту көздерін іздеу жобасын, Р.Артығалиевтың айтуынша, «Витеевен+Бос Казахстан» ЖШС мердігер компаниясы жүзеге асырады.

Ал «АЖ»-ға Теңіздегі Келешек кеңею жобасының технологиялық тұжырымдамасын таңдау кезінде қазақстандық тарап платформалық бөліктегі газды айдаумен қатар беткейлік бөлігіндегі қабатына суды кері айдауды қарастыратын өзі ұсынған 10С нұсқасын жасатты.

Ал Эксон Мобил мен Шеврон тек ілеспе газды ғана айдауды ұсынған 5А нұсқасын ұсынған еді.

Қазақстандық тарап ұсынған нұсқа мемлекет үшін экономикалық тұрғыда анағұрлым тиімді болды, өйткені көмірсутектерді шығару коэффициентін көбейтіп, кеніштің ғұмырын ұзартты.

Теңіз жобасының серіктестері арасындағы дау 8 айға созылды. Бірақ нәтижесінде қазақстандық нұсқа мақұлданды. Оны кейіннен Мұнай және газ кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия (ИОК) бекітті.

ККЖ шеңберінде жаңа ұңғымаларды игерудің бастапқы кезеңінде ТШО қабатқа кері айдау үшін суды қайдан алады деген «АЖ» сұрағына Артығалиев былай деп жауап берді:

– ТШО Теңіз кенішін тұрақты игеруге мүдделі. 10С жобасы - ККЖ-ны қамтитын Теңіз коллекторы бойынша технологиялық сызбаның көптеген кезеңдерінің біріне жатады және оны 2013 жылы ҚР үкіметі бекіткен. Бұл нұсқа кенішті игерудің соңғы кезеңдерінде ККЖ бойынша газды кері айдаудан кейін, болашақта суды кері айдауды қарастырады. Суды тұтынуға келер болсақ, біз келешекте Каспий теңізінің немесе басқа шағын су сақталған қабаттың суын қарастырамыз. Бұл мәселелер әлі де зерттеледі. Оны табиғат қорғау шарасының жоспарына кездейсоқ енгізіп қойған жоқпыз. Зерттеу жұмыстарын аяқтау 2016 жылдың аяғына белгіленген. Баламалы су көзі туралы мәселені шешуге тек Теңізшевройл ғана емес, Атырау мен Маңғыстау облыстары да мүдделі болып отыр. Жоғарыда айтып өткендей, біз «ҚазТрансОйл»-мен бірігіп келіссөздер жүргізудеміз. Бізге белгілі болғандай, Маңғыстау облысы қазір өз су тұщытқыштарының құрылысына кірісуде. Біз судың артығын олардан ала аламыз. Бұл нұсқа да қаралатын болады.

АЛ САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ҚАРСЫ!

ТШО менеджері Құлсары мен Жаңа Қаратон және Қосшағыл кәсіпорындарының төңірегіндегі санитарлық-қорғау аймағын (СҚА) көгалдандыру жобалары бойынша қызықты фактілерді айтты. Айтпақшы, елді мекендерді компания Жылыой ауданындағы осындай тыңдаулардағы тұрғындардың көптеген өтініштерінен кейін көгалдандыра бастаған.

2010 жылдан бастап отырғызылған СҚА аумағындағы 71 мың көшеттердің тек 31 пайызы ғана жерсініп өскен. Ал Құлсарыда бұл көрсеткіш 100 пайызды, Қосшағыл мен Қаратонда 90 пайызды құрады.

Көшеттердің ұласып өсу төмендігін ескеріп, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрадин ӨМІРБАЕВ ТШО-ға СҚА-ны көгалдандырудан бас тартуды және Құлсарыға жасыл-желек отырғызуды ұсынған. Ол атап өткендей, сонда әр қала тұрғынына бір көшеттен келеді екен. Бірақ, Р.Артығалиевтың айтуынша, СҚА-ны көгалдандыруға санитарлық дәрігерлер міндеттеп отыр:

– Тіпті экология департаменті де топырақ тұздылығы жоғары даланы көгалдандырудың орнына осы қаржыны елді мекендерді көгалдандыруға жұмсаған жақсы деген біздің дәлелдерімізбен келісті. Алайда Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің талабы осындай.

ЖАРАЙСЫҢ, АПА

Image 0

Дәстүр бойынша Жылыой ауданының ақсақалдары ТШО өкілдеріне түрлі әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларымен жүгінді. Әріптестерім аңғарғандай, «ТШО екінші әкімдік секілді» екен. Бұл жолы Қамыскөл көлінің ластануына, немерелерінің жұмысқа орналасулары мүмкін болмай жүргендігіне және т.б. қатысты шағымдар айтылды. Қазақстанның көбірек қатысу пайдасына Теңіз кеніші бойынша келісімшарт қашан қайта қаралады деген сұрақты төтесінен қойған жылойлық апа (суретте) анағұрлым мемлекеттік тұрғыда ойлайды екен.

ТШО өкілдері: еш қиындықсыз, тек қазіргі келісімшарт аяқталғаннан кейін – 2033 жылы деп жауап берді.

Тыңдау соңында қоғамдық белсенділер Тоғжан ҚИЗАТОВА мен Әсел НҰРҒАЗИЕВА қатысушыларды көшпелі дельфинарийлерде дельфиндерді тасымалдауға қарсы петицияға бірігуге шақырды. Бұл Атырауға аттракцион үшін дельфиндер әкелу жоспарланып отырғандығымен байланысты. Ал дельфиндер ми жұмысы бойынша адаммен пара-пар. Және оған қатысты жануарларды темір тормен тасымалдау секілді нәрсеге жол беруге болмайды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

24 шілде 2015, 15:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.