Бірнеше айдан бері мұнайшылар үкіметтен экспорттық кедендік баж салығын (ЭКБС) едәуір төмендетуге қол жеткізу үшін жұмыстануда. «ЕмбіМұнайГаз» АҚ басшысы Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ ЭКБС сараланған болуы тиіс деп есептейді. Осы және басқа да жайттар туралы - «АЖ» сұхбатында.
«АҚЫЛҒА ҚОНБАЙТЫН МІНДЕТТЕР ҚОЯСЫЗ»
Ол ақпан айында энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК пен ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет ИСЕКЕШОВТІҢ Атырауға келген сапары барысында тағайындалған бойда ЭКБС-ны саралау туралы мәлімдеме жасаған еді. Содан бері қарай, Қ.Исекешовтың айтуынша, ЭКБС төмендеген, алайда ЕМГ мұнайы тиімді болатындай деңгейде емес.
– Ел бюджеті Brent маркалы мұнай құнынан қалыпта-сатындықтан жыл басында үкімет ҚМГ компаниясы тобының бюджетін барреліне 50 доллар бағамен есептеуге тапсырма берді. Ал «ЕмбіМұнайГаздағы» мұнайдың орташа өзіндік бағасы барреліне 66 доллар. Нәтижесінде ағымдағы жылды 24 млрд теңгеге кем аяқтауға тура келіп отыр. Біз облыстық әкімдікпен және үкіметпен меморандумға қол қойдық. Соған сәйкес, отандық өндірушіні қолдап, қызметкерлерді қысқартуға ешқандай жол бермеуге міндеттелдік. Қиын қаржылық нәтижелерге қарамастан біз қызметкерлеріміздің еңбекақысы мен әлеуметтік пакетті азайтпаймыз. «ЕмбіМұнайГазда» бүгінде 5 560 адам жұмыс жасайды, біз Атырау облысының қала құраушы кәсіпорны болып табыламыз. Мен мұнай бағасы 80 және 100 доллар болып тұрса, ЭКБС-ның жоғарғы мөлшерлемеде болуын түсінемін. Бірақ егер ол 50 доллар болса ше? Қазір үкімет тонна үшін мөлшерлемені 80-нен 60 долларға дейін түсірді. Біздің пікірімізше, ЭКБС-ның сараланған межесін қабылдаған дұрысырақ еді. Мұнай 100 долларға дейін өссе – мөлшерлеме жоғары, баға төмендесе – мөлшерлеме нөлге дейін түседі. Біз соңғы жағдайда бюджеттің қаржыны кем алатынын түсінеміз. Бірақ қайсысы жақсы: өз қаржыңның тапшылығы салдарынан мұнай өндіруді азайту ма, әлде қиын кезеңде мұнай компаниясы үшін қолдау көрсету ме? Адамдарды қысқартпау, оларға бұрынғы деңгейде жалақы төлеу және отандық өндірушіні қолдап, салық төлеу туралы үкімет қойған міндетті компания қалай орындай алады? Назар аударыңыз, біздің компания мұнайының 22 пайыз өзіндік құны– еңбекақы төлеу қоры, 32 пайызы – салықтар, оған ЭКБС, мұнайды өткізу кезіндегі көлік шығындарын қосыңыз. Тіпті өндіру жоспарын орындаса да, жыл сайынғы теріс қаржы балансын компания қанша уақыт көтере алады? Бір жыл, екі жыл, содан соң біз банкрот боламыз! Осы мәселені біз бүгінде барлық жерде айтып жүрміз, KazEnergу қауымдастығында және энергетика министрлігінде. KazEnergy қауымдастығы тарапынан ЭКБС мөлшерлемесін төмендету мәселесі бойынша үлкен қолдау тауып отырғанымды атап өткім келеді. Ымыралы шешім қабылданады және ЭКБС сараланады деп үміттенемін.
МОНОПОЛИСТТЕН КЕТУ ЖОЛЫ
ЕМГ басшысының айтуынша, кәсіпорындағы мұнайдың өзіндік құнының жоғары болуы компанияның ескі және рентабельділігі төмен кеніштерді пайдалануды жалғастырып жатқандығына да байланысты екен. Сондықтан бүгінгі күні компания қабылдаған Даму стра-тегиясының шеңберінде өндірістік шығындарды төмендету бастапқы міндет болып табылады.
– Мәселен, ірі шығын баптарының бірі – «Атырау Жарық» АҚ қызметінің құны. Жыл сайын ЕМГ орташа алғанда сағатына 150 млн кВт тұтынады, бұл 2,5 млрд теңге. КВт/сағаттың орташа құны 18,9 теңге, облыс бойынша ЕМГ үшін жоғарғы тариф қойылып отыр. Өндірістік қуаттылықтарды көбейту үшін біз монополист жүйесін жаңғыртуға қаржы салуға тиіспіз. Өйткені монополист менен бірден техникалық шарттардың орындалуын, қосымша қосалқы станция орнатуды талап етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, мен үй салсам, көршіме де өз есебіммен коммуникация салуға көмектесемін деген сөз. Мәселен, «Атырау Жарықтың» қызметін қолдану тиімсіз деп санаған Теңіздегі кәсіпорындар мен анағұрлым ұсақ компаниялар газ-поршенды немесе газотурбиналық станцияларға баяғыда көшті. Сондықтан біз талдау жасап, өзімізден газ-поршенді станция салу бағдарламасын қабылдадық. Бізде газ бар, зауытты инвестор есебінен салуға болады. Осылайша, біз ештеңе жоғалтпаймыз, ұзақ мерзімді кепілдікпен электр энергиясын аламыз. Газ-поршенді станцияны Шығыс Мақат, Оңтүстік Батыс Қамысты, Забурын және С. Нұржанов кеніштеріне салмақпыз. Станция іске қосылғаннан кейін кВт/сағаттың құны 7-10 теңгеге дейін төмендейді. Ал егер біз «Атырау Жарық» қызметін пайдалануды жалғастыра беретін болсақ, онда 5 жылдан кейін тарифтің жыл сайын 5 пайызға көтерілуін ескерсек, ол бүгінгі 18,9 теңгеден 24,5 теңгеге дейін көтеріледі. Қазіргі уақытта газ-поршенді станцияны салу жобасы техникалық-экономикалық негіздеме кезеңінен өтуде. Ықтимал инвестор өз қаржысын құрылысқа салуға мүдделі болады. Өйткені ол бойынша электр энергиясын ұзақ мерзімде сатып алуға келісімшарт жасалуы мүмкін. Болжам бойынша, газ-поршенді станцияның электр энергиясына көшуден түсетін үнем жылына 8 млрд теңгеге дейін құрайды. Өндірістік шығындарды оңтайландырудың тағы бір тәсілі, Құрманғазы Есқазиевтың айтуынша, өндірістік қызметтен рентабельдігі төмен ұңғымаларды шығару болып табылады.
– Бізде дебиті тәулігіне 0,1 тоннадан болатын ұңғымалар көп. Оларға қызмет көрсетуге күн сайын жұмыс істеуге 1 пайыздан аз мұнайды шығару үшін, ал ілеспе судың 99 пайызын қабатқа кері айдау үшін адамдар әкелеміз. Бұл ұңғымаларды баланстан шығарып тастап, ал қызметкерлерді ұңғымалар бойынша жою жұмыстарына немесе бүгінгі күні басқа мердігер компаниялар орындап жатқан, біздің де өз күшімізбен жасай алатын эко-логиялық бағдарламалар бойынша басқа қызмет түрлеріне қайта форматтаған жақсы емес пе?
Бұдан басқа, биылғы жылдың наурызында қабылданған компаниямыздың ұзақ мерзімді Стратегиясына операциялық шығындарды төмендету, кадрларды даярлау, дуалды оқыту, Каспий маңы ойпатының терең тұзасты шөгінділеріне геологиялық барлау жасау кіреді. Осы шаралардың барлығы өндірілетін мұнайдың өзіндік құнын төмендетіп, біздің бәсекеге қабілетімізді арттыруға мүмкіндік береді.
«МӘСЕЛЕНІҢ БӘРІ - КУНГУР ТҰЗЫНДА»
Жаңа кенішті іздеуге қатысты. Жалпы Қазақстандағы мұнай саласы кезеңмен дамыған. Мәселен, Каспий маңы ойпатында революцияға дейінгі және кеңес дәуірін қамтитын бірінші кезеңде Доссордан, Мақаттан, Құлсарыдан және басқалардан бастап, Прорва кеніштер тобының Ботахан кенішіне, Кенбайға, Оңтүстік Батыс Қамысты, Забурын, Мартыши және басқаларға дейінгі тереңдігі 3 шақырымға жететін барлық тұзүсті кеніштер ашылды. 1976 жылдан бастап екінші кезең басталды. Онда тереңдігі 5 шақырымға дейінгі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ және т.б. секілді алып тұзасты кеніштері ашылды. Қазір мұнай 5-9 шақырым тереңдікте ізделінуі тиіс үшінші кезең басталады деп ойлаймын. Бұған геологияның «классикалық» қағидалары қатты кедергі келтіріп отыр. Ал біз кезінде ембілік геологтар Мәскеуге Теңіз жобасын қорғауға барған кезде, оларға да күмәнмен қарағанын ұмытып отырмыз. Аномальды жоғарғы қабаттық қысымы бар 5 шақырым тереңдікте мұнай қалай болуы мүмкін деп сенген жоқ. Теңіз ашылғаннан кейін күмән сейіліп, бәрі де рифтік қатпарлар іздей бастады.
Көрнекі мысал – Бразилияда Атлант мұхитында тереңдігі 5,3 шақырым жерде табылған Тьюпи алып мұнай кеніші және Мексика бұғазындағы Тибр кенішінде тереңдігі 10,6 шақырым ұңғыманы бұрғылау. Аномальды жоғары температура мен қабаттық қысым болуы тиіс осындай тереңдікте мұнай қайдан пайда болған? Өйткені қисынға салсақ, ол жерде қабаттық қысымның көбеюі есебімен 220 градус болғанда мұнай крекингі орын алуы тиіс. Біздің аумаққа келер болсақ, біз зерттеу жүргізіп, мәселенің бәрі кунгур тұзында жатыр деп жорамалдадық. Тұзүсті және тұзасты бөлікті бөлетін тұз қабаты табиғи тоңазытқыш болады. Кунгур тұзында температура градиенті тұрақталады. Мәселен, Теңіздегі мұнай температурасы 4-5 шақырым тереңдікте – 120-150 градус шегінде. Немесе Исатай ауданында 7,5 шақырым тереңдіктегі ұңғыма бұрғыланды, ол жерде мұнай температурасы 130-150 градус. Күкірсутексіз мұнай фракциясы мен конденсатының белгілерін тапты.
Қабаттық қысымға келер болсақ – иә, мұндай проблема бар. 90-шы жылдары біз перспективалы параметрлік ұңғымаларды бұрғылауды тоқтаттық. Өйткені 1000 атмосфералық қысымға төзуге қабілетті жабдықтарымыз болмады. Қазір 1200-1500 атмосфералық қысымға төзетін шығарындыға қарсы жабдығымыз бар.
ТЕРЕҢДЕГЕН САЙЫН ТЕРЕҢІРЕК
Еуразия жобасы бойынша: оны жүзеге асыру, ЕМГ басшысының пікірінше, ғарышқа алғаш ұшумен тең болады:
- Егер өте терең Кольск ұңғымасымен салыстыратын болсақ, Каспий маңы ойпатын бұрғылау анағұрлым күрделірек. Кольск ұңғымасы кристалл негіз арқылы өтті, ол жерде оған қозғалған тұз қабаты легінен қауіп төнген жоқ. Каспий маңына қатысты жағдайда, тұз қалыңдығының қуаты 6-10 шақырымға дейін жетеді және бұрғыланған ұңғыманы сол сәтте жоғалтуға болады. Бұл жерде бұрғылаудың жаңа технологиясын қолдану қажет.
Қ.Есқазиевтың айтуынша, мұнайшылар соңғы жылдары бұрын қабылданған мұнай түзілісінің органикалық теориясына күмән келтіруде.
– Өйткені ол Мексика бұғазындағы ірі мұнай кенішінің түзілуін түсіндірмейді. Басқа мысал, тіпті біздің ескі игерілген кенішті алайық. 5-10 жылдан кейін ұңғымаларда қайтадан мұнай пайда болады. Немесе Теңіз кеніші – ол жерде көп жылдар бойына өндіріліп жатқан екі ұңғыма бар және дебет азаймайды. Тексеріп шықтық – екеуі де жарылған жерде тұр. Тереңнен мұнай көші жүріп жатыр. Осылайша, Теңіз, Өзен және Өріктау кеніштеріндегі мұнай көшін зерттеу есебімен біз Каспий маңы ойпатының терең девон және девонға дейінгі шөгінділерінде Жердің ішкі қабатынан ықтимал газсыздану нәтижесінде тереңнен көшкен мұнай болуы мүмкін деп болжап отырмыз.
Бұрын Құрманғазы Есқазиев Ақтөбе-Астрахань аймағының (Қошалақ блогы, тұзасты Забурын, Новобогат белдемінің маңы, Көкмай, тұзасты Кенбай) бірнеше перспективалы учаскелеріндегі барлау жөніндегі ЕМГ жоспарларымен әлденеше рет бөліскен болатын. Ол жердегі мұнай жатқан тереңдік 7,5-тен 9 шақырымға дейін болуы мүмкін. Алдын ала бағалаулар бойынша мұнайдың жалпы болжамдық геологиялық ресурстары 1,8-ден 2,5 млрд тоннаға дейін, газ ресурстары – 0,9-дан 2,3 трлн текше метрге дейін құрайды. Бағалау және барлау кезеңінде үлкен геологиялық және қаржылық тәуекелді ескере отырып, ЕМГ ықтимал инвесторлардың қаржысын тартуды жобалайды. Алдын ала бағалау бойынша, осы мақсатқа коммерциялық табылу кезеңіне дейін 826 млн доллар қажет болады.
«АҚША ТАБАМЫЗ»
Осындай сомамен тәуекел жасауға әзір отырған бұл инвесторлар кімдер деген «АЖ» сұрағына Құрманғазы Есқазиев былай деді:
- Әңгіме мұнай туралы емес, инвестициялық компаниялар туралы болып отыр. Әлем тәжірибесінде мұндай инвести-циялық компаниялар дағдарыс кезінде перспективалы активтерге, соның ішінде жаңа кеніштерді барлауға қаржы салады.
Мұнай бағасының төмендегеніне қарамастан, біз компаниямыздың болашағына сеніммен қарау үшін қорды толықтыруға тиіспіз. Мұнай мен газ қорларын еселеп көбейту тек терең тұзасты шөгінділеріндегі геологиялық барлау жұмыстары есебімен ғана мүмкін болады. Онда тек бір іздеу ұңғымасының құны 40-50 млн доллар шеңберінде болады.
Кімнің ақшасы болса да, бастысы – олар акцияның 30-50 пайызы ЕМГ-да болады деген шартпен жұмыс істесін және ықтимал инвесторлар геологиялық барлау жұмыстары кезеңінде барлық геологиялық және қаржылық тәуекелді өз мойнына алсын. Әрі қарай, егер коммерциялық мұнай табылса, бірге игеру мәселесін қарастырамыз. Егер жаңа геологиялық барлау жобаларындағы қатысу үлесінің мөлшері туралы айтар болсақ, онда салыстыру үшін, ТШО-да қазақстандық тарап 20 пайыз, Қашағанда – 16,8 пайыз, Қарашығанақта – 10 пайызға ие. Тікелей келіссөздер кезеңіне шыққанға дейін инвестициялық компаниялардың атауын айта алмаймын. Бүгінде ҚМГ БӨ және ҚМГ ҰК-мен алдын ала корпоративтік келісім және техникалық-экономикалық негіздеме бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жазып алған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА