Атырауда «Атырау Су Арнасы» КМК-ның тұрғындар үшін ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап тарифті бір жарым есеге дерлік көтеруіне қарсылық білдірген үндеухатпен қол жиналуда. Үндеухат мәтінін Фейсбук әлеуметтік желісінде «Атыраудың азаматтық бастамасы» тобында бұрын бір өзі пикетке шыққан қала тұрғыны Талғат АЯН жариялады («Жағалаудағы жалғыз пикетші»).
Үндеухат Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ, Атырау облысының прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВҚА және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік ЖҰМАНҒАРИНГЕ арналған.
Т. Аянның айтуынша, қазіргі кезде Фейсбук арқылы да, еріктілер арқылы да қол жиналуда. Бұдан басқа, қалалық әкімдік пен ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне тарифті көтеруге негіз болатын тарифтік сметаларды жекелеген тармақтарымен түсіндіріп ұсыну туралы сұранымдар жолданған. Әлеуметтік желілердегі комментарийлерге сүйенсек, қол қойғандар арасында монополисттің тарифтік сметаларын талдауға әзір екенін білдірген мамандар да табылды.
Атыраудағы азаматтық қозғалыс белсендісі Макс БОҚАЕВТЫҢ айтуынша, ол «Атырау СуАрнасы» КМК үшін мемлекеттік сатып алулардың барлығын Атырау қалалық әкімдігінің ТКШ бөлімі жүргізетінін түсіндірген («АСА» ол жерге қажетті тауарлар мен қызметтер тізімін ұсынады). Ал кешікпей бұл функциялар облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасына беріледі.
Үндеухатқа комментарий ретінде Боқаев сол кездегі ҚР ТМРА төрағасы Мұрат ОСПАНОВТЫҢ 2013 жылғы 4 қарашадағы ТКШ-ны жаңғыртуды тарифтерді көтермей жүргізуге болады деген мәлімдемесін келтірді: «Қалыптасқан ахуалдан шығу жолдарының бірі - инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қарыз қаражатын тарту. Алайда нормативтік-құқықтық негіз болса да, бүгінгі күні бұл механизм пайдаланылмай отыр».
Боқаев сондай-ақ, басқа шенеуніктің, монополияға қарсы ведомоство төрағасының орынбасары Асан ДАРБАЕВТЫҢ сөзін келтірді. Ол таяудағы кеңесте өңірлік су арналарын инвестициялық бағдарламалар шеңберінде шығындарды тиімсіз жоспарлап отыр деп жазғырған болатын. Атап айтқанда, «Астана Су арнасы» МКК-ны мысалға келтірді:
– Сумен қамту желілерінің тозуы - 45 пайыз, кәріздік – 41 пайыз, шығын деңгейі – 18 пайызды құрайды. Осы орайда 10 млрд теңге сомадағы инвестициялық бағдарлама тек 2 млрд теңгеге ғана сумен қамту желілерін қайта жарақтауды қарастырады. Инвестициялық бағдарлама жобасында аялдама кешендерін салу және жөндеу, тұрмыстық ғимараттарды қаптау, жолаушылар автобустарын, жүк және жеңіл көліктерді сатып алу секілді шаралар бар.
Басқа атыраулық белсенді Тоғжан ҚИЗАТОВА өз комментарийінде тарифті көтеру алдында білдірмей ғана жарнамасыз қоғамдық тыңдау өткізілгендігіне назар аудартты:
– Ал тыңдау шекті қолжетімді түрде көп мөлшердегі адамдарға тарифтердегі өзгерістерді негіздеу үшін өткізіледі ғой.
Т.Аянның айтуынша, үндеухатты қолдайтын «АЖ» сайты мен газет нұсқасының оқырмандары мәтінді көшіріп басып немесе газеттен қиып ала алады. Қол қойылған мәтінді Талғат Аянға беру үшін оған +7778 930 24 14 телефонына қоңырау шала алады немесе оған Фейсбуктегі жеке парақшасына немесе «Гражданская инициатива Атырау» тобына жаза алады.
Естеріңізге салсақ, тариф заңды тұлғалар үшін де бірден 67 пайызға көтерілді. Бұған Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы қарсы шықты. Палата директоры Асылбек ЖӘКИЕВТІҢ айтуынша, бұл тізбекті реакцияны тудырып, бизнес қызметі бағасының көтерілуіне әкеліп соғады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
ҮНДЕУХАТ
Атырау облысының әкімі Б.С.Ізмұхамбетовке, Атырау облысының прокуроры Ғ.И.Тоғызбаевқа
Көшірмесі – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғаринге
«Атырау Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны («АСА» КМК) биылғы жылдың 1 тамызынан бастап тарифтің көтерілетіндігі туралы мәлімдеді. Біз, Атырау қаласының тұрғындары, осы кәсіпорын мен Атырау облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің департаменті өкілдерінің дәлелдерімен келіспейміз.
Біздің онсыз да қарапайым құқығымыз сумен қамту тарифтерін көтеру шешімін қабылдау процесінде ескерілмеген деп есептейміз. Өйткені қала тұрғындарының монополистер, атап айтқанда «АСА» КМК қызметінің ашықтығын арттыру, сондай-ақ қоғаммен өзара әрекетін күшейту талаптары назардан тыс қалды.
2013 жылдың желтоқсанында ТМРА төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев «АСА» КМК жаңғырту барысын бақылау жөнінде қоғамдық кеңес құру туралы ұсынысты қолдады. Алайда бұл идеяны жүзеге асыру созылып кетті де, ТМРА экс-төрағасы Оспанов қамауға алынған соң мүлдем жылы жабулы қалды.
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің департаменті қызметкерлерінің айтуынша, 2015 жылдың 11 мамырында өткен қоғамдық тыңдау туралы хабарлама БАҚ-тарда жарияланған. Алайда, неліктен екені белгісіз өңірдегі ең көп оқылатын «Ақ Жайық» газетін елеусіз қалдырған. Бірақ жұртшылық өкілдері тыңдау туралы осы газет арқылы да хабарлау керектігін ұсынған еді.
Атырау қалалық әкімдігі ТКШ бөлімінің «АСА» КМК үшін өткізген қызмет пен жабдықтарға, материалдарды мемлекеттік сатып алуға прокурорлық тексеру/аудит жүргізуді; «АСА» КМК тарифтерін бекітуге байланысты процедураларды, атап айтқанда, қоғамдық тыңдау және Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментінің жанындағы сараптау кеңесі отырыстарының хаттамаларын (комитет 06.08.14 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен құрылды, алайда сараптама кеңесінің құрамы заңды түрде қайта ресімделген жоқ) – олардың бекітілген тәртіпке сәйкестігін тексеруді талап етеміз. Осы талаптар орындалғанға дейін «Атырау Су Арнасы» КМК-нің жаңа тарифтерін енгізуді тоқтата тұру қажет деп есептейміз. Оның үстіне, экономикалық дағдарыс, соның ішінде Атырау облысындағы жұмыс көлемі мен жұмыс орындарының қысқаруы тұрғысында қоғамда әлеуметтік шиеленісті өршітпеуді және барлық бағыттар бойынша тарифтерді көтеруге мораторий енгізуді өтінеміз.