Бұдан бұрын хабарланғандай, Солтүстік-Каспий жобасында операциялық модельді қайта құрылымдау процесі аяқталды. Естеріңізге салсақ, енді күрделі оператор+агенттік компаниялар жүйесінің орнына бірыңғай оператор - NCOC N.V. басқаратын болады.
Қайта құрылымдау барысында Астана қаласындағы НКОК Б.В.филиалы жабылды. Осыған байланысты астанада жұмыс істеген қызметкерлердің бір бөлігі Атырауға көшуді жөн көрмей, жобадан кетіп қалды.
Біздің сауалымызға Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жауап ретінде NCOC N.V. компаниясынан 1 шілдеде алдағы қысқартулар туралы ешқандай тізім түспегенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта NCOC N.V. қызметкерлерінің саны 2 584 адамды құрайды. Солтүстік Каспий жобасында мердігер және қосалқы мердігер компанияларда 5 675 адам жұмыс істейді. Барлығы - 8 259», - деп хабарлады басқарма басшысы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА.
Осылайша, Солтүстік Каспий жобасындағы қайта құрылымдауға байланысты қысқартулар болған жоқ.
Компания қызметкерлерінің өздері ахуалға іштей былайша баға берді:
- Басқару жүйесінің ауысуына келер болсақ, әрине, бірнеше бастан гөрі бір бас болған жақсы. Шынымен де қысқартулар болған жоқ.
Керісінше, кейбір бөлімдерде адамдар жетіспейді екен. Бірігу салдарынан ақшаны үнемдеу болмаған. NCOC N.V. жалға алып отырған үлкен кеңселердің бірде-біреуі босамаған. ExxonMobil бас директоры Стефан де МАЙЕ сол жақтікі болғандықтан, қазір көп экспаттарды әкелуде. Алайда бұрын NCPOC қабылдаған кадрларды ұлттандыру жоспары бойынша қазақстандықтар мен шетелдіктердің ара салмағы 50 де 50 болды. Ал қазір жер-жерде 10-15 жыл бұрын жоба басталғандағыдай, қазақстандықтардың орнына экспаттарды орналастырып жатыр. Өздері құбырларды бүлдіргендігіне қарамастан осылай етуде. Қалай дегенмен де олар ұлттандыруды ойлап жатқан жоқ, тезірек мұнай берсе болғаны. Біздің дереккөздеріміз хабарлағандай, соңғы кездері қазақстандық және шетелдік баспасөз беттерінде жиілеп кеткен Солтүстік Каспий жобасының пайдасыздығы туралы жарияланымдарға қарамастан, қайтадан іске қосу бұрынғыша 2016 жылдың желтоқсанына белгіленген.
Қазіргі уақытта NCOC N.V. 5 тармақты қамтитын кешенді бағдарламаны орындаумен жұмыс жасауда:
1. Тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру шеңберінде бүкіл аяқталмаған жұмыс көлемін аяқтау.
2. Сипаттамасын жақсарту үшін жабдықтарды жетілдіру.
3. Іске қосылған және жұмыс істеп тұрған жабдықтарға қызмет көрсету.
4. Кәсіпшілікті қайта іске қосу үшін дайын қондырғыларды тұмшалау.
5. Қайтадан іске қосу.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА