Атырау, 28 қараша 18:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Шалыгадағы жер жұмағы

3 978 просмотра

Image 1«Ақжайық» мемлекеттік табиғат резерваты туристік бизнеспен айналысқысы келетін инвесторларға балық, аң аулауға және жағажай демалысын ұйымдастыру үшін жерді ұзақ мерзімге жалға беруге дайын.

ҚАРМАҚ САЛЫП, АҢ АУЛАУҒА ШАҚЫРАДЫ

10 шілдеде резерват журналистер үшін ашық теңіздегі қайыршақты ерекше аралдар тізбесі - Зюйд-вест шалыгаға ақпараттық тур ұйымдастырды.

11,5 га ауданы бар мемлекеттік табиғат резерваты ерекше қорғалатын табиғат аймағы мәртебесіне ие, алайда екі жыл бұрын аумағында туристік қызмет өткізуге заңдық тұрғыда рұқсат алды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылық комитеті резерват әзірлеген суда және құрлықтағы 4 туристік маршрутты бекітті.

«Ақжайық» МТР ғылым және мониторинг бөлімінің бастығы Александр ИВАСЕНКО былай дейді:

- Ерекше қорғалатын аумақ мәртебесі туралы заңға енгізілген өзгерістердің арқасында резерваттың буферлік аймағында спорттық балық аулауға рұқсат берілді, ал бұл белсенді демалыс әуесқойларын тартуға мүмкіндік берді. Резерват жыл құстарының негізгі миграциялық жолдарының бірінде орналасқан. Мамыр мен қараша айлары арасында құстар жаппай қайтады, ал қазанда үлкен күзгі миграция орын алады. Фототуризм тұрғысынан қарасақ, бұл да қызықты маршруттар.

Image 0

- Бизнесмендерге не ұсына аласыз? – деп сұрадым «Ақжайық» МТР директорының орынбасары Әлімғали ДАУЫЛБАЕВТАН.

- Заңға сәйкес резерват буферлік аймақта туристік қызметтерді ұйымдастыру үшін 49 жыл мерзімге жер учаскесін ұсына алады. Сонымен қатар бізде Приморский және Правый яицкий арналарында екі кластерлік учаске бар, бұл жерлерде спорттық-әуесқой балық аулауды ұйымдастыруға болады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, аң аулау маусымы кезінде Зарослый арнасы сағасындағы Приморский усачкесінде спорттық-әуесқой аң аулауға да мүмкіндік бар.

- Яғни, резерват жер мен маршруттар береді, ал инвесторлардан не шығады?

- Инфрақұрылымға қаржы салып, сәйкесінше өңірлік туризмді дамыту керек. Туристер үшін бірнеше маршруттар әзірленді, барлығы да қызықты. Тек инфрақұрылымдар – кемпингтер, туристік аялдамалар, қонақ үйлер, демалыс базалары – жоқ... Бұл нысандар ішкі туристерді де, облыс қонақтарын да тартуға мүмкіндік берер еді, отбасылық туризмді де дамытуға болар еді. Бұл жағдайда табиғат резерватының аты әйгілі болумен қатар, жергілікті бюджет түсімдері де артар еді. Ондаған жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі.

ЖАҒАЖАЙҒА ДЕЙІН ЖЕТУ

Image 2

Резерваттың жайлы су көлігі жоқ, сондықтан да моторы мен штурвалы ғана бар шағын казанкамен толқынды жарып, 45 шақырымдай жол жүрдік. Балығы тайдай тулаған демекші, су бетіне ірі күміс балықтар дамылсыз шоршып ойнайды. Ауасы тамаша, жан-жақтан жел соғып, суға шағылысқан күн сәулесі көзілдірік пен бейсболка күнқағарынан өтіп, көз қарықтырады. Мұндай «кереметтер» жеке мені шабыттандыра қоймады, қайықтың түбінде, әр нәрсені бір сүйеу қылып, тағы бір толқын соқса, шоршыған балықтың қасынан шықпайын деген қорқыныш билеген бір сағатқа жақын сапарымызға риза бола алмадым. Алайда маршрутымыздың соңғы нүктесі – ақ шаңқай құстар айлағы, барлық жағалауы да асты қайраң, керемет жағажайлы арал, жағаға бұйралана келіп соғып жатқан толқындар менің азап көрген келеңсіз сезімімді судай шәйіп жібергендей болды. Жұмақтай жер, тек бұған қалыпты жағажайлық инфрақұрылымды жасаса болғаны: бірнеше үйшік, қаз-қатар тізілген жағажайлық шезлонгтар, сусындар сататын бар тұғыры (барная стойка)... Бұдан кейін баунти іздеп шетел аралап кетудің қажеті жоқ. Алайда, құстарға обал. Шалыга – құстардың бірнеше түрінің ұя салатын жалғыз жері. Олардың бірі – «қарабас» шағала Қызыл кітапқа енгізілген. Бұл аралда солтүстік Каспийдегі ең ірі популяция – 14 мың түр ұя салады.

- Құстарға обал емес пе?

- Туристерге арналған кемпингтерді резерваттың буферлі аймағының жағалауында ғана ұйымдастырып, ал теңіз көлігі болған жағдайда, Шалыгаға тек суға түсіруге әкелуге болады. Әрине, ұя салу мезгілінде келуге болмайды. 20-25 шілдеден тамыздың аяғына дейін аралдарға келу құстарды мазаламайды, - дейді А. Ивасенко.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

14 шілде 2015, 12:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.