Соңғы кездері «Теңізшевройл» ЖШС-нің Келешек Кеңею жобасы төңірегінде қызықты жайттар орын алуда. «АЖ»-ға белгілі болғандай, Атырау облыстық әкімдігі мен екі шетелдік KPJV жобалау компаниясының акционерлері арасында алауыздық туындады. Ал оның отандық акционерлерінің бірін мемлекет жеке компанияға сатып жіберді.
ШИЕЛЕНІС ТЕЗ ШЕШІЛДІ
Облыстық әкімдіктің шетелдік KPJV Ltd. («Қазақстан мұнай және газ институты» АҚ (әрі қарай - ҚМГИ), «Казгипронефтетранс» инжинирингтік компаниясы және шетелдік Worley Parsons Limited пен Fluor Limited альянсының біріккен кәсіпорны) акционерлерімен туындаған жанжалдың мәнісі, біздің дереккөздеріміздің мәліметінше, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру кезінде ерекше жағдай жасалып, заң бұзушылық орын алғандығында, атап айтқанда, ҚР азаматтары үшін қосымша жұмыс күшін құру жөніндегі тармақта жатыр.
Дереккөздер растағандай, 30 маусымда Worley Parsons Limited пен Fluor Limited өкілдері облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВПЕН кездесті. Сол жерде оларға әкімдіктің шетелдік мамандарға бүкіл жұмыс рұқсатын кері қайтарып алуды және олардың бір ай ішінде елден кетуіне бақылау жасауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Өйткені, алынған рұқсат бойынша ерекше шартты орындау үшін Fluor - 75, ал Worley Parsons Limited – 158 қазақстандық қызметкерді жұмысқа қабылдауы тиіс еді, алайда екі компания да мұны орындамаған.
– Бәрі кесімді түрде жақсы басталып еді, нәтиже болмады. Бұл шетелдік компаниялар рұқсат алудың арнайы талаптарын бұзды. Олар жергілікті қызметкерлердің белгілі бір көлемін жұмысқа қабылдауы тиіс болатын, бірақ оны жасамады. Әкімдік оларға қоқан-лоққы көрсетті, содан кейін әлдекім «дұрыс тетіктерді» басқан соң, бәрі тынышталды, - дейді біздің дереккөздеріміз.
Естеріңізге салсақ, ККЖ-ны жүзеге асыру шеңберінде тек екі акционері (тең акция үлесі бар сол Fluor мен Worley Parsons) бар Kazakh Projects Joint Venture Limited (PJV) деген ұқсас атаудағы тағы бір инжинирингтік компания құрылған болатын. Экспаттарды кері шақырту ықтималдылығына қатысты біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сауал жолдаған едік, алайда жауап ала алмадық. Редакцияға белгілі болғандай, KPJV Ltd-нің басқа отандық акционері - «ҚМГИ» АҚ-ның меншік иесі ауысыпты. Соңғысы өткен жылдан бері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының активтерін жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын активтер тізімінде тұрған болатын.
«ҚМГИ» АҚ бас директорының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Н.БЕКЖАНОВ «АЖ» сауалына берген жауабында ҚМГИ-дің 100 пайыз акциялар пакетін сату жөніндегі саттықты ұйымдастырушы ҚМГ екенін айтты.
«ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІН БӘРІН ЖАҢА ҚОЖАЙЫН ШЕШЕДІ»
Өз кезегінде ҚМГ баспасөз қызметінен келесі жауап келді:
«ҚМГ 31.03.14 жылы №280 ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «2014-2016 жылғы жекешелендіру жөніндегі кешенді жоспарды» орындау шеңберінде жекешелендіруге тиесілі активтерді жүзеге асыру жөніндегі шараларды іске асырады. Осылайша, 2015 жылдың 29 маусымында ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында «ҚМГИ» АҚ мен оның еншілес компанияларының 100 пайыз акциялар пакетін жүзеге асыру жөнінде электронды байқау өткізілді. Байқау қорытындысы бойынша «САЭС СРЕДАЗЭНЕРГОСТРОЙ» ЖШС жеңімпаз деп танылды. ҚМГИ 100 пайыз акциясын сату шеңберінде «ҚазМұнайГаз» сатып алушы орындауға міндетті бірқатар шарттарды белгіледі.
Бұл шарттар:
1) ҚМГИ қызметінің профилін Активті сату-сатып алу келісімшартына қол қойған күннен бастап 2 жыл ішінде сақтау;
2) қызмет ұсыну туралы қолданыстағы ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша міндеттерді орындау;
3) Активті сату-сатып алу келісімшартына қол қойған күннен бастап 2 жыл ішінде ҚМГИ персоналдарының ағымдағы штаттық санын азайтпауға;
4) Активті сату-сатып алу келісімшартына қол қойған күннен бастап 2 жыл ішінде ҚМГИ қызметкерлерінің еңбекақыларының ағымдағы деңгейін төмендету жағына өзгертпеу;
5) сатып алушының ҚР монополияға қарсы агенттігінің қажетті келісімін алуы.
Осылайша, САЭС электронды байқау жеңімпазы атанып, көрсетілген шарттарды орындауды қабылдады. Ал ҚМГИ-дің, соның ішінде «Теңізшевройл» ЖШС-нің Келешек кеңею жобасындағы әрі қарайғы қызметін жаңа қожайын өзі белгілейтін болады», - делінген ҚМГ жауабында.
КАН ЖОБАСЫ
Ғаламторда «САЭС СРЕДАЗЭНЕРГОСТРОЙ» ЖШС мен оның қожайындары туралы ақпарат жоқтың қасы. Тек бір ғана табылғаны - бұл ҚР Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы «Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің «Энергия зерттеу орталығы» құрылысы бойынша жұмыстар» лотының жеңімпазы (келісімшартқа 27.04.2015 жылы қол қойылған) базасы Алматы қаласында орналасқан «САЭС СРЕДАЗЭНЕРГОСТРОЙ» ЖШС деп танылғандығы туралы ақпарат. Келісімшарт құны таң қалдырады: 19 млрд теңге.
«САЭС СРЕДАЗЭНЕРГОСТРОЙ» ЖШС-нің бейресми қожайынын бизнесмен Сергей КАН деп айтады. "Forbes" журналының жорамалы бойынша ол ҚР-дағы 304 млн доллар дәулеті бар 50 ауқатты бизнесмендердің тізімінде белгіленген. Кәсіпкердің салалық шеңбері – энергетика, қаржы және химия өнеркәсібі.
«Сергей Канға 25 пайыз үлес тиесілі «Қазақмыс» БК 2014 жылдың қорытындысы бойынша сақтандыру сыйлығы (55 млн доллар) көлемінің өсімі жөнінде ел бойынша екінші орында алды.
Fitch Ratings желтоқсанда компанияға халықаралық шкала бойынша «В+» деңгейінде қаржылық тұрақтылық рейтингісін берді. Сергей Кан – меншігінде 31 пайыз акциясы бар «ЦАТЭК» АҚ бойынша Александр Клебанов пен Еркін Әмірхановтың серіктесі. Ол сондай-ақ, “ЦАТЭК Инвестмент Групп" ЖШС-нің 33% және “KGNT Holding" ЖШС-нің 26% меншік иесі. “Circle Maritime Invest" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып табылады. Оның құрамына кіретін “Каспиан Оффшор Констракшн" ЖШС меншігіндегі 21 кемені қосқанда, мамандандырылған 45 кемеден тұратын флотты басқарады. 2013 жылы жылдық кірісі 130,5 млн долларды құрады, компания 2005 жылдан бастап тұрақты өсім көрсетіп отыр, - делінген «Forbes» ақпараты.
«ӨЗІМІЗДІКІ БОЛҒАНЫ ЖАҚСЫ»
Бір қызығы, KPJV Ltd-ның екінші қазақстандық акционері - «Казгипронефтетранс» инжинирингтік компаниясы» ЖШС басқа адамдармен қатар ортақ қожайыны Кан болып табылатын «KGNT Holding» ЖШС-нің аффилирленген компаниялар тізімінде белгіленген. Атап айтқанда, 2009 жылғы «KGNT Holding» облигациялары шығарылымының ашық қолжетімді басылымына сүйенсек, «Казгипронефтетранс» РФ азаматы әрі инжиниринг компаниясының басқарма төрағасы Виталий КОЛОМЕЕЦ арқылы аффилирленген. Сол кезде оған «KGNT Holding»-тің 33 пайызы тиесілі болған.
Соған қарағанда, ҚМГИ-ді сатып алған қазақстандық бизнес ҚР-ғы – Теңіз және Қарашығанақ кеніштеріндегі ірі мұнай жобаларында өз позициясын нығайтқысы келетін секілді.
- Өзіміздікі болғаны жақсы – басқа да қазақстандық компанияларға жұмыс көп тиеді, - деп атап өтті, менің сұхбаттасушыларымның бірі, сервистік компания басшысы.
Алайда басқа да пікірлер бар: бүгінгі оқиғалар – қазіргі уақыттағы Қазақстанның мұнай-газ саласында түрлі қаржылық-өнеркәсіптік топтар арасында ықпал ету саласын қайта бөлісу жүріп жатқандығының көрсеткіші.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА