Атыраулық риелторлардың пікірінше, 2014 жылғы ақпандағы девальвация болған уақыттан бастап жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділік едәуір төмендеген.
БАҒАСЫН ТҮСІРСЕ – БАСҚА МӘСЕЛЕ!
Мұны тіпті газет хабарландыруларын парақтап-ақ байқауға болады. Саттық туралы ұсыныстар айлап, кейде жылдап шығып жатады. Біп-бірдей хабарландырулар түрлі айдармен және әр алуан нұсқада; саттық, айырбас, кейде жалға беру секілді ұсыныстармен шығуы мүмкін. Мәселен, біздің көршіміз 3 бірдей пәтерін саттыққа шығарып, жарты жыл ішінде нақты клиенттердің ақыры табылмағанына шағымданды. Оның үстіне, 6 ай ішінде оларға бар болғаны бірер қоңырау келіп түскен. Өздіктерімен сата алмаған жылжымайтын мүлік қожайындары риелторлардың көмегіне жүгінеді. Мәселе мынада – бүгінде нарық лық толы, ал жылжымайтын мүлік алуға мүмкіндігі бар клиенттер аз. Адамдардың сатушылар сұрайтын соманы төлеуге жағдайлары жетпейді. Соған қарамастан, олар тіпті көп айлар бойы сатуға шығарған әрекеттері сәтсіз болғанына қарамастан бағасын түсіруді ойламайды да. Банк несиелеу көлемі өте аз. Біріншіден, ипотекалық несиелерді өте аз банктер береді. Екіншіден, дағдарыс пен жұмыс орындары қысқарып жатқанда адамдар ұзақ мерзімді қарыздарды төлеу міндетін алуға әзір емес. Ұлттық банктің Атырау филиалының статистикасына сүйенсек, 2015 жылдың 1 маусымында 2014 жылдың 1 маусымымен салыстырғанда баспана салу мен сатып алуға Атырау облысында екінші деңгейлі банктердің филиалдары берген қарыздар бойынша бережағы 2,5 пайызға азайып, 32,7 млрд теңгені құрады.
- Жылжымайтын мүлікті сатудың нақты мүмкіндігі тек егер бағасын жақсылап түсірсе ғана бар. Бұл жағдайда пәтер сол мезет, хабарландыру шыққан күні-ақ өтіп кетеді. Біз осындай мысалдармен әлденеше рет бетпе-бет келдік, - дейді жылжымайтын мүлікті бағалаумен айналысатын жеке кәсіпкер Юлия ДЮ. Оның байқауынша, қазір үйлердің де, пәтерлердің де саттығы бірдей шамада екен. Әсіресе, 200 шаршы метрден астам алаңы бар элиталық жылжымайтын мүлікті сатып алушыны табу өте қиын. Қымбат емес үйді немесе бағасы жоғары емес пәтерді сату оңайырақ.
БҰРЫНҒЫНЫҢ ШЫРАЙЫ
Қала бойынша баспананың орташа құнына келер болсақ, қайталама нарықтағы баға, әрине, бастапқы нарық құнынан төмен. Бірақ айта кету керек, қазір салынып, пайдалануға беріліп жатқан баспана клиенттердің көңілдерінен шықпайды. Оның үстіне, сыртқы түрі мен жақсы жасалған жобасына қызыққан сатып алушылар көбінесе бұған өкініп жатады. Салтанатты қасбеті бірнеше айдан соң сүреңісіз кейіпке түседі. Ал күшті жел салдарынан құрылымның сыртқы қаптамасы опырылып түсіп қалады. Бөлмеаралық қабырғалары гипсокартоннан жасалған, дыбысты жақсы өткізеді. Оған қоса Атырауда жер тапшы болғандықтан, құрылыс салушылар көбінесе көлік қоятын жерді үнемдейді.
– Осы үйлерде тұрған адамдар түңіледі. Сондықтан келесіде үй сатып алғанда қайталама нарықтағы баспананы сатып алуды жөн көреді. Кеңес дәуірінде салынса да, есесіне мықты. Кірпіш үйлер де, панель үйлер де солай. Адамдар бір алаңдағы бірнеше пәтерді сатып алып, оны бір үлкен пәтерге біріктірген жағдайлар жетерлік. Жаңа салынған үйлердің арасында жақсы үйлер саусақпен санап аларлық. Олардың барлығы ықтимал сатып алушыларға белгілі. Бұларға тұрақты сұраныс бар және бағалары жақсы, - деп атап өтті Юлия Дю.
Қайталама нарықтағы шаршы метрдің құны 600-1000 доллар шамасында. Жаңа баспана 1200-ден 2000 долларға дейін тұрады.
ҚЫСҚА ТІЗІМ
Компаниялардың бірінің саттық жөніндегі менеджері Татьяна СИБГАТУЛЛИНАНЫҢ айтуынша, саттық жаман емес, алайда өткен жылдың ақпанынан бастап қарқын едәуір төмендеген. Адамдарда доллар бағамының көтерілуіне, бірқатар ірі мұнай жобаларының аяқталуына және қысқаруына, кейбір банктерде ипотекалық несиелер беруді тоқтатуына байланысты қорқыныштары бар.
– Ипотекалық несие бойынша бүгінде негізінен ТШО компаниясының қызметкерлері жылжымайтын мүлік сатып алады. ТШО бұрынғыша өз қызметкерлеріне пайызсыз қарыз береді. Сөйтіп, олар бастапқы нарықтағы баспананы жөн көреді. Атырауда жаңа элиталық үйлер соңғы жылдары салынып жатқан жоқ деуге болады. Сондықтан, жаңа үйлер туралы айтқанда, біз 2006 жылы және сәл кейінірек салынған жылжымайтын мүлікті айтамыз. Сатып алар кезде бұл клиенттер орналасқан ауданына ғана емес, құрылыс сапасына да көңіл бөледі, - дейді Т.Сибгатулина. – Қалада бүгінде ауқатты клиенттердің сұранысына ие бірнеше үйлер бар. Олар: «Томирис» тұрғын үй кешені, Нұрсаядағы бірнеше жаңа үйлер, содан соң «Каспий толқыны», «Гранд Атырау», «Төрт батыр», «Құлагер-Жайық» ТК, «Кастадор», Құлманов 152 («Қазтрансойл» үйі), Құлманов 107, Тайманов 58, Жарбосынов 62 үйлер.
Облыстық нотариалдық палатасының мәліметтері бойынша, 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында пәтерді сату-сатып алу бойынша 1 535, жер телімдері бойынша 1 286 келісім жасалған. Өткен жылдың осындай мерзімінде жылжымайтын мүлік саудасы белсендірек жүрген: 1 808 пәтер, 1 613 жер телімі сатылып-сатып алынған екен.
Зульфия ИСКАЛИЕВА