Тек өткен аптада ғана облыстың су тоғандарына 6 адам суға кетті, соның ішінде Атырау қаласынан 3 адам, Қызылқоға, Индер және Махамбет аудандарында бір-бірден, - деп хабарлады брифингте облыстық судан құтқару қызметінің басшысы Ершат ҚИБАШЕВ.
Бір жағдайда қайғылы оқиғаға ішімдіктен масаю, ал қалғандарында белгіленбеген жерлерге шомылу себеп болған.
Ал қалада үш ресми жағажай бар: «Атырау» ДСК жанында, Жилгородокта және Ақжар поселкесіндегі «Алтын сазан» базасында. Ол жердегі шомылушылардың қауіпсіздігін құтқарушылар қамтамасыз етеді. Қалада сондай-ақ, оншақты заңсыз, «жабайы» жағажай бар. Демалушылар спирттік ішімдіктерді жаппай ішеді, ал су түбінде құрылған браконьерлік ау құралдары, сынған әйнектер жатады. Шектеу буйкалары да, құтқарушылар да жоқ.
ҚІІБ бастығының орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВТЫҢ айтуынша, полиция қызметкерлері судан құтқару қызметімен бірге сағат сайын жағалауды сүзіп шығады. Тыйым салынған жерлерде шомылып жүрген балаларды ұстап, ҚІІБ-не әкеледі, олардың ата-аналарын шақыртып, әңгіме жүргізеді. Жайық жағасына орнатылған бейнебақылау камералары жақсы көмектеседі екен. Солардың көмегімен ішімдік ішіп, қоқыс лақтыратын, көліктерді бүлдіретін қоғамдық тәртіп бұзушыларды ұстайды. Тәулігіне Жайық жағалауында жиырма шақты әкімшілік хаттамалар ресімделеді.
Қибашевтың айтуынша, судағы қайғылы жағдайлардың көпшілігі демалыс күндері, қала тұрғындары қала сыртына демалуға барған кезде тіркеледі екен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ